Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қойлыбай әулие

Қойлыбай әулие


Биылғы сәуір айының басында «сәуірде басталған істің аяғы тәуір болады» деді ме, Қызылорда қаласына іс-сапармен келген белгілі медицина тарихын зерттеуші, тарихшы-этнолог, ҚР Журналистер одағының мүшесі Әбдіраман Өтеген ағамыз «сендерге айтарым бар», деп телефон шалды. Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Амангелді Абдрахмановқа да хабарластым, түстен кейін сағат үштерде «Ардагерлер Үйінде» болыңдар. Мен «Хюндаймен» сол жерге жетемін, құдай қаласа, жолығамыз. Болды – деді. «Жатқан қоянды қашқан қоян ала кетеді» демекші, үйде тыныш жатқанмын, артынша Әбекең: «Келмей қалма, Өтеген құрдасым не айтайын деді екен, бірге тыңдайық» демесі барма. Жазушы ағамыз өте ширақ, бізден бұрын келіп, ғимарат алдында олай-бұлай жүр екен. Сөзге шешендігіне басып: «Өй, Қойлыбай бақсының ұрпақтары, сендерді Есабыз атаның ұрпағы күтіп тұрғаны қашшан, Ассалаумағалейкум!» деп құрдасын құшақтай, інісіне ізетпен амандасты.
– Көптен бері ойымда жүрген нәрсе болатын. Мен біраз мемлекеттерді аралап, барған жерлерімде мавзолейлер мен мешіттерді өз фотоаппаратыммен суретке түсіріп, 2020 жылы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыпалдыұлы Ораз екеуміз «Әлем мұсылмандарының қасиетті орындары» атты фотоальбом – кітап шығардық. Әрине, кітап шығару оңай емес, сонда редакциялық алқаның өзінде жиырмадай адам болса, өзіміздің редакциялық кеңесімізде (демеушілер десем болады) Әділбек Жақсыбеков, Серікжан Сейітжанұлы, Болат Өтемұратов, Қайрат Сатыбалды, Ғалымжан Есенов, Махмут Нәлібаев, Темірхан Әлімқұлов, Кеңес Рақышев, Тілеуберген Шәутай, Дүйсехан Кемел, Құрманәліқызы Рәбибілер болды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: Жүрген жақсы, көп дүниені көрген жақсы. Көре біліп, жүре келіп, өз Отанына аман-есен жеткен жақсы» деген екен. Сондай-ақ, мен бірер мұсылман елдерінің дәм-тұзын татқан адаммын. Жер шарында екі миллиардқа жуық халық мұсылман дініне мойынсұнған. Аталмыш фото альбомда әлем мұсылмандарының бір көру арманына айналған мавзолейлер, мазарлар мен ұлық мешіттеріне атбасын тірегенімде, басымды сұққанымда, табалдырықтарынан «бісмілла» деп аттағанымда алған әсерлерімнен кейін көп жылдар бойы осы көркемсуретті фотоальбомды құрастыру жайлы ой ойымнан күндіз-түні шықпай қойды. «Оған мол қаржы керек екені белгілі. Соған қарамастан не де болса жарық көрсін деген ниетпен іске кірістім» деп жайраң қаққан Өтеген ағамыз, фото альбом-кітабын парақтап көрсетті. Мұнда Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Әбдіжалил баб, Қорқыт Ата кешені, Қойлыбай әулиенің кесенесі, Бекет атаның жерасты мешіті, Есабыз әулие кесенесі, Құнанбай қажы мешіті, Айтбай мешіті, Сырдария ақмешіттерінен бастап, бүкіл Қазақстандағы архитектурасы көрікті ерекше мешіттер мен кесенелер, сондай-ақ Орта Азия елдеріндегі, Татарстан, Шешенстан, Дағыстан, Египет, Сирия, Иран, Ирак, Моңғолия, Марокко, Тунис, Албания, Гана, Ливан, Алжир, Пәкістан, Ауғанстан, Малайзия, Араб елдеріндегі, Индия, Индонезия, Қытай, Англия т.б. елдердегі әсем мешіттер, Мысыр шаһарындағы Сұлтан Бейбарыс мешіті осы фотоальбомда салтанат құрыпты. Мына кітапқа таңқалыс білдіріп, «енді не айтар екен» деп Амангелді екеуміз үнсіз қалдық.
– Сендер Қойлыбай әулиені білесіңдер ме? – деді, бет-жүзіңе қарамай айтып салатын тарихшы ағамыз.
– «Естуіміз бар» дегеннен аса алмадық. Шыны да сол еді.
– Мен «Оқшы Ата» мазаратындағы Есабыз әулие кесенесін тұрғызуға жанымды салдым, жүгірдім, халық қолдады. Демеушілер де табылды, тарихи кесене дүниеге келді. Менің атбасын бұрып осында келгенім, Шиелі ауданында руға бөлгенім емес, тоқсан екі баулы сексен пайыздан аса қыпшақтар мекен етеді. Қай ел болмасын өткен тарихын білгені абзал. Тарихи тұлғалар мен руымның атын шығарайын деп тумайды. Мен Есабыз руласым болғаны үшін жүгіргенім жоқ. Оның әулие екенін зерттеп, біліп барып іске кірістім. Әйтпесе, Жаңақорғандық ақын, жазушы, журналист, зерттеуші, руы Қоңырат, елге танымал азамат Адырбек Сопыбеков: Аруақтармен тілдесейін, Есабыз,
Сөйлескендей дәл қасыңда сізбенен.
Топырағы Сыр бойынан бұйырған,
Осыларды білу керек біз деген – дейме?
Ендігі сендерге айтарым, мына Қойлыбай әулиеге ие болыңдар. Ол рулықты білмеген, мен осындай әулие кісімін демеген. Сарыарқада өсіп, сонда танымал болып, сол жақта дүние салған. Оның кесенесі де Ұлытау ауданы, Қарағанды облысында бой көтерген. Мен ол кісі туралы мақала да жаздым, кесенесінің ашылуында да болдым. Біз өзіміздің қадірлі адамымызды неге іздемейміз? Анау-мынау емес, Сүлеймен, Қорқыт, одан кейін үшінші әулие адам саналған Қойлыбайдың аруағы сендердің жүректеріңді селт еткізбей ме? Ол туралы оқыңдар, ізденіңдер, ел болып мына «Оқшы Атадан» кесене соғыңдар. Оқшы Атаның, осында жатқан жеті әулиенің жанына Қойлыбай әулиені де жеткізу керек. Бұл дегенің мұсылман халқымыздың рухани азығына айналып, кейінгі ұрпақтарымызға қалдырған үлкен аманатымыз болып қалар еді. Темірхан, Тілеуберген, Рәбибі, Сейітқали, Насырлар т.б. тұрғанда неден қорқасыңдар. Сондағы ойым, кесене соқсаңдар Қойлыбай әулиенің жатқан жерінен бір уыс топырақ әкеліп салып, оның даналығын асқақтатып, «Оқшы Атаны» туристік аймаққа айналдырып, Қойлыбай және Есабыз әулиелер атындағы рухани орталық, мұсылман әлемінің қасиетті орындары, мавзолейлер мен мешіттер, кесенелер деп көрнекті жазулар іліп қойсақ деген арман-қиялдарым еді. Ниет қылсаңдар қиял да, арман да орындалады. Мен үшін емес, Шиелі халқы үшін бәрін де істеуге болады. Тыңдағандарыңа рахмет. Ал мен Қызылордаға кеттім, автобусқа мінемін. Басқа жұмысым жоқ» деген Өтеген ағамыз шапшаң орнынан тұрып, кетіп қалды. Халыққа шын қызмет жасайтын адамдардың болмысы осындай болса керек. Мен Әбекеңе, ол маған қараған күйі мелшидік те қалдық. Ертесіне орталық кітапханалар жүйесі мекемесіне барып, Қойлыбай әулие жайлы мәлімет алуға, Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан кітаптарын, басқа да шығармаларды жаздырып алып, оқуыма тура келді. Тарихшының аты тарихшы екеніне көзім жетті. Білгенімізден білмейтініміз көп екен. Кітап тұнған тарих. Ғасырлар өтсе де, кешегідей. Ондағы кейіпкерлер, әулиелер, бақсылар, батырлар, билер мен шешендер «не сен мені білмейсің бе? Енді ғана оқып отырсың ба?» дегендей болады. Сонымен, Ұлы даланың байтақ еліне әулие ретінде белгілі болған, Қойлыбай бақсы атанған қазақ кім болды екен?
«Адам баласының бірінші данасы – Сүлеймен, одан кейін көптің батагөйі болған – Қорқыт, одан кейін – Қойлыбай»
Академик Әлкей Марғұлан
Өтекең айтпақшы, кітап оқымайды екенбіз. Ұлтымыздың дара перзенті, ағартушы-ғалым Шоқан Уәлиханов бақсылар жайында былай деп жазыпты: «Шоман сиқырлық қасиеттерімен қоса білікті, дарынды, басқалардан мәртебесі жоғары: ол ақын да, күйші де, сәуегей және емші де, ол сегіз қырлы, бір сырлы адам болған. Қазақтар шоманды бақсы дейді, ол сөз моңғолша – оқытушы, ұйғырлар – бахшы десе, түркімендер осылай деп өздерінің ақындарын атайды».
Шоқан сипаттаған бақсылық халқымыздың тарихында ерекше орын алған құпиясы көп құбылыс болып қала береді. Өмір өзгерді, қоғам құбылып кетті деп халқымыз даңқты бақсылар есімдерін санасынан сызып тастамаған. Оларды құрметтеп, әрекеттерін әспеттеп, ұмыттырмай осы заманымызға жеткізді. Сондай құдырет иелерінің бірегейін – Кезінде Ш.Уәлиханов «бақсылардың бақсысы» деп атаған (Ш.Уәлиханов Таңдамалы шығармалары 183-186 беттер) атақты Қойлыбай бақсы Әбурақпанұлы екен.
Бақсы (шоман) – бағызы түсінік бойынша тылсым әлеммен байланыс жасай алатын тәуіптік, балгерлік, сәуегейлік, көріпкелдік, сиқыршылық т.б. ерекше қасиеттері бар адам. Ш.Уәлиханов айтқандай шағатай тілінде бақсыны бақшы десе, моңғолдар ұстаз санап, ұйғырлар сауатты адамдарын, түркімендер атақты ақын-шайырларын бақшы дейтін болса, біз неге Қойлыбай бақсы атанған тарихи тұлғамыздың қадір-қасиетін кейінгі ұрпақ қадір тұтатын кісілердің қатарына қоспасқа?! Тарих тарихи тұлғаларды сүзгіден өткізіп, олардың атақ-даңқын ғасырдан ғасырларға жеткізеді. Тарихи тағдырлары ұқсас Арқа мен Сырды тел емген Досбол датқа Қорлыбайұлы мен ақын, батыр Иманжүсіп Құтпанұлы секілді Қойлыбай Әбурақпанұлын да киелі Шиеліге бір уыс топырағымен әулие адам ретінде қайтарып, кесене соғып, Арқаның абзал азаматтарынан үлгі алып жатсақ, баршамызды Қойлыбай әулие демеп-жебеп жүретіні, жарылқайтыны анық. Қазақтар бақсылардың жақсылық істерді басқаратындарын аруақ, періште, перизат т.б. десе, жамандық істерді басқаратындарын пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ, жалмауыз кемпір т.б. деп атайды. Осы көне сенім бойынша Бақсы – әлгі тылсым әлеммен байланысқа еніп, түсіп, ондағы түрлі рухтарды өз қызметіне пайдалана алады. Бақсыларға тән ерекше қасиеттердің – емшілік, тәуіптік болуы да шартты. Мысалы қазақ бақсылары қобызда ойнап, зарлы не қаһарлы үн, әуендер шығару, түсініксіз жыр жырлау, «жынын шақырып» зікір салу немесе гипноздық «керемет» көрініс әрекеттер жасау арқылы, дауыс ырғағымен де адамдардың жүйке жүйелеріне әсер ете емдейді. Табиғаттың құдіретті күштеріне иландырады, өзіне баурап алады. Әрине, бұл іс әркімнің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен табиғи дарын, қасиет керек. Ондай қасиет пен дарын Қойлыбай атаның бойынан табылған. Оны қазақша Құдайдың берген таланты, Алла тағаланың адамзатқа жіберген пірі, медицина тілімен айтсақ терапевт-дәрігер, ғылым докторы, емшіліктің майын езіп ішкен академик. Ұлы даламыздың оқымаған бақсы, әулиесі, академигі Қойлыбай жайлы шығыстанушы ғалым, профессор Әубәкір Диваевтың (1856-1933) Ташкентте 1924 жылы басылып шыққан «Тарту» атты қазақ фольклоры жинағында «Бақсы» деген атпен құнды шығармасы жарияланды. Бақсылар жайлы жазған еңбегінде Ш.Уәлиханов Қойлыбайды бағаналылық етіп көрсетеді. Шоқан еңбектерін баспаға әзірлеген ғалымдар мұның қате екендігін аңғарып, Ш.Уәлихановтың 1985 жылы шыққан жинағына түзету енгізеді. Жаңсақтық еңбек жазылған тұстағы заман ахуалынан, қоғамдық, әлеуметтік жағдайлар әсерінен кеткен. Сөйтіп, пәленбай ғасыр Найман – Бағанасы болып келген Қойлыбай әулиенің түптұқияны, руы Қыпшақ-Бұлтың екендігі айқындалып, әділет жолымен қайтарып беріледі. Бұған дейін Қойлыбай – Ұлытау өңірінің адамы болып, саналып келді. Кенесары хан көтерілісінің аяқ шенінде патша үкіметінің қудалауынан бой тасалаған қыпшақтардың ауыл-аймағымен, тайлы-таяғымен Ұлытау өңірінен Сыр бойына жаппай қоныс аударғаны жайлы тарихи шығармаларда талай айтылған. Жалғыз қыпшақтар ғана емес, басқа рулардың да тоз-тозы шыққаны белгілі. Қазақ тарихы үшін артына зар заманда аса маңызды «Елім-ай» деген дастанды қалдырған Қожаберген жыраудың «Ер Қойлыбай» жыры осылай деп тұжырым жасауға негіз болатын құнды шығармалардың бірі. Ол – Ұлттық ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Қожаберген – есімі исі қазаққа белгілі. Толыбай сыншы Дәуленұлының бәйбішесі Ақбілектен өрген жиырма ұлының ең кенжесі екен. Толыбай сыншы 1603 жылы туып, 1684 жылы қайтыс болған. Көне шежірені шетінетпей, өлтірмей ұстаған, өнегелі, өрелі, өнерлі әулеттен шыққан Қожаберген жыраудың аталған дастанында бізге жеткен, бүгінгі ұрпаққа аса маңызды мәліметтер берген мынандай жолдар жазылған.
Ертеде қыпшақта өткен Ер Қойлыбай,
Қолына жүрмейді екен қобыз алмай.
Болған соң сол асылдай бізге мирас, –
Қобызды мен де жүрмін тастай алмай.
Өлеңмен салып жүрмін ою-өрнек.
Жасадым түрлі шөптен дәрі-дәрмек.
Сынықшы Қожаберген атағым бар,
Талайын науқастардың жаздым емдеп.
Біздерге жәрдем болып аруақ Құдай,
Жауымды талқандадым соғыста ұдай.
Қыпшақта Қойлыбайды жырға қос деп,
Түсімде аян берді әкем Толыбай.
Әкеміз жалбарынған Қойлыбайға,
Жау қоршап қиын болған бір жағдайда.
Қалмақты қысылшаңда жеңіп шыққан, –
Болған соң зор қасиет Қойлыбайда.
Бөленген әкем Толыбай зор даңққа,
Үлгі айтқан қазақ, естек қос халыққа.
Бейітіне Қойлыбайдың түнеп әкем,
Мінгендей болған екен алтын таққа.
Дана екен Ер Қойлыбай шарапатты,
Тілесең шыныменен берер бақты.
Сауыққан зиратына түнеп науқас,
Болған соң емші – баба аруақты.
Кім десең Қойлыбайдың шыққан тегі,
Ішінде орта жүздің қыпшақ елі.
Қойлекең жас шағында емші болып,
Атанған қазағымның кемеңгері.
Алашқа әулие боп шыққан аты,
Қыпшақта Қойлыбайдың Бұлтың заты.
Әкесі Әбурақпан ғұлама екен,
Өзгеден артық болған салтанаты.
Қожаберген жырау өлеңінде атышулы Толыбай сыншы әкесінің өзі Қойлыбай аруағына сыйынғандығын көрсетеді. Осыған қарап Қойлыбай әулиенің Толыбайдан да әрі заманда өмір сүргенін байқаймыз. Өйткені Қойлыбайдың туған, қайтыс болған жылдары белгісіз. Ғалымдар, жазушылар, тарихшылар Қойлыбай бақсының бақсылығымен, әулиелігімен есімі байтақ далаға танылған тұсы ХV ғасырдың алғашқы ширегі деп топшылайды. Сонда Қойлыбай бабамыз ХIV ғасырдың аяқ шенінде туған деген тұжырым жасайды. Оның туған күні мен қайтыс болған жылдарын анықтап, «Оқшы Ата» мазаратына кесене соғу – ұрпақтар еншісінде.
Қойлыбай әулие туралы ел ішінде көптеген аңыздар мен жүздеген поэмалар бар екен. Қазақтың дарабоз ақыны Мағжан Жұмабаев та «Қойлыбай қобызы» атты шығармасын осы әулиеге арнаса, сәні мен өлеңі қазақ жұртын тамсандырған қырғи ақын Сәкен Сейфуллин «Бақсы туралы бірер өлеңнің жинақтары» деген өлеңінде:
Қойлыбай бақсылардың үлкен пірі,
Олардың таусылмайды айтса жыры.
Халайық үлкен-кіші көзі көрген,
Көп еді ол ерлердің көрген сыры.
Қойлыбай жат кетпеген жастарынан,
Кетпеген бақыт-дәулет бастарынан, – деп жырлайды.
Ал атақты Сегіз сері Бәхрамұлы «Қойлыбай көреген» атты қиссасында:
Бұлтың қыпшақ Қойлыбай,
Бағаналы – Барлыбай.
Ашамалы Керейде,
Марал ишан, Қойшыбай,
Осыларды жырлайтын
Қуат берсең бір құдай, – деп толғай жөнеледі.
... «Әулелігі шығар, киелілігі шығар Қойлыбай бабаның зираты қаншама ғасырлар тезіне шыдап, еліміз тәуелсіздік туын көтерген кезеңге азып-тозса да, жоғалмай жеткен еді. Асылын ардақтап, киесін қастерлеген халық Дулығалы өзенінің бір саласын бақсының атымен Қойлыбай деп келеді. Сол маңдағы белгілі дөңестің басында кезінде Ұлытау аршасынан соғылған бақсы бабаның бейіті кешегі-бүгінгі күндердің бәрінде ауырған, қиналғандар мінәжат етіп, түнейтін киелі орын ретінде қадыр қасиетін жоғалтпай, осы заманға жеткен. Сондықтан аты аңызға айналса да, Қойлыбайдың өзі қиялдан туған тұлға емес, шыққан тегі де, жатқан белі де, кіндігі кесілген жері де нақты белгілі әулие», – деп жазады ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлытау ауданының құрметті азаматы, өзінің «Ұлытау» атты кітабында. Академик Әлкей Марғұлан да Қойлыбай әулиенің емшілігіне, бақсылық өнеріне ерекше баға береді. «Адам баласының бірінші данасы – Сүлеймен, одан кейін көптің батагөйі болған – Қорқыт, одан кейін – Қойлыбай. Ол хан сарайларында жырлаған, өз заманының атақты жырауы болған. Қойлыбай қобызын әрқашан Жыланшық өзенінің жағасында отырып тартатын болғандықтан Торғай даласында Жыланшық өзенінен құятын бір саланы «Қойлыбай өзені» дейді. Тегінде Қойлыбай Торғай мен Сыр суының арнасында ерте кезде көшіп жүрген», – дейді, Ә.Марғұлан. «Ежелгі жыр аңыздар» шығармасында. Шындығында осыларды оқып білмесек, Қойлыбай әулиені қазақтың көп Қойлыбай, Қойшыбайларының бірі екен деп жүре берер едік. Әбдіраман Өтеген ағамыз елге бекер келмепті. Шиелі ауданының тұрғындарына «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп кеткендей болды. Ардагерлерді ойландырып кетті. Қазақта «Ештен кеш жақсы», «Көп түкірсе көл», «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген мақал-мәтелдер бар. Оның айтылуын «Қойлыбай әулиені» оқыған оқырман бек түсінер. Осы мақаланың жазылуының қасиетті Рамазан айына тура келуінің өзі, қазақ даласының атақты әулиесі, тарихи тұлға Қойлыбай Әбурахпанұлының құдай біледі, аруағының жар болғаны шығар. Ол – тоқсан екі баулы қыпшақтардың ғана емес, бүкіл қазақ елінің бақсы-емшісі, қазақ даласының жыршысы, әулие адамы. Қойлыбай бабамызға жасалған құрмет бір Алланың да жарылқауына жазсын. Қойлыбай әулиенің аруағы Шиелі ауданының халқын демеп, жебеп жүре берсін. Оның аты елге оралып, Сыр бойы халқының рухани орталығына айналсын. Сондай таң шапағы арайлана атқан жақсы күнді сағына күтеміз. Сіз оған не дер едіңіз? Сіз ше?

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, аудан ардагерлер Кеңесі төрағасының орынбасары

26 сәуір 2021 ж. 2 436 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930