Оқшы атаға жеткізілген самарқанның көк тасы
«Елу жылда ел жаңа» дейді дана қазақ. Сөзіміздің әлқиссасын бұлай алып келуіміз, «Өскен өңір» газетінің 1963 жыл, 1 тамыздағы санында «Есабыз» мазарын қалпына келтіру фактісімен бірнеше азаматты партия қатарынан және жұмыстан шығарғандығы жөнінде аудандық парткомның пленум баяндамасы жарияланған. Онда: ««Есабыз» мазарын қалпына келтіруші діншілдерге «Жеміс-жидек» совхозының директоры Сүйіндіков, Тартоғай кірпіш заводының директоры Мелдебек Керімбековтың тарапынан қолайлы жағдайлар жасалған. Мазарды қалпына келтіруге, әсіресе Ленин атындағы колхоздың «Қызылдихан» участогінде тұратын Ысқақ Ибадуллаев деген дүмше молда белсене қатысып, оған басшылық жасап келген. Өндіріс басқармасы партия комитетінің бюросы бұл мәселе бойынша тиісті қаулы қабылдады» – делініп, қатысты кісілерді партия қатарынан шығарып, қызметтерінен алған. Бүгінде, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен туған жерімізді түлетіп, киелі жерлерімізді түгендеп келеміз. Бұл елу жылда жаңарған елдің келбеті.
Сәуірде тәуір бір жаңалықтың куәгері болдық. «Тарихшы, журналист Өтеген Әбдіраман бастаған топ Есабыз ата басына Самарқаннан көк тас алып келе жатыр, соның басында болсаңыздар екен», – деген хабар келді редакцияға. Хабарды ести сала әулиелер мекені «Оқшы ата» мазаратына жол тарттық. Біз келіп, көп күттірмей, ағамыз бастаған бір топ кісілер мінген, көк тас тиелген көлік те келіп тоқтады. Басында қашанда «Доктор Сухарто» аталатын индонезиялық ақ пилоткасы түспейтін Өтеген аға көліктен түсіп, жиналған жұртшылықпен амандасып, саулық сұрасты. Жігіттер көліктегі көк тасты жерге түсіріп, Есабыз ата мешітінің кіреберісіне 7 метр ақ шүберек жайма жайылды да тасты мешітке алып кірді. Сол сәтте ауданның «Бибіпатымасы» Ұлман апа бір уыс ақ күмісті тасты көтеріп бара жатқан жігіттердің үстеріне шашты. Сол бір шараға арнайы шақырылған жеңгелеріміз уыс-уыс кәмпит шашып, әулиенің атымен аталатын мешіттің төріне қашаннан ел аузындағы Есабыз әулие айтады екен дейтін «Кім мені есіне алып, атымды атаса, сол менің балам, соның жебеушісімін» деген сөзі қашалып жазылған көк тас мешіт төріне жайғасты. Жиналған жұрт тасты сипап, жеңгелеріміз тасқа сәлем салып, мәре-сәре болды. Есабыз ата мешітінің имамы қорымға жерленген барша аруақтарға, Есабыз атаның аруағына арнап құран бағыштады. Осынау шараға арнайы шақырылған кісілер дастарқан басына жайғасқанда Өтеген аға жиналған көпшілікке рақметін айтып, көп жылдардан бері ойында жүрген армандарының бірінің орындалғаны жайлы әңгіме бастады.
«Тәуелсіздіктің ақ таңы қалай атып, егемендікке қол жеткізген тоқсаныншы жылдары Алматы мен Шиелінің екі ортасын жол қылып, Оқшы атадағы Есабыз әулиенің кесенесін жаңартайық, аруағына арнап ас берейік дегенімді біраз ағайындар құп көріп, Есабыз әулиенің кесенесін жаңартқан болатын. Есабыз атаның кесенесі қалай жаңарды, солай жетпей тұрғаны баяғы ауылымның шалдары, әкемнен естіген «көк тас» болып жүргеніме талай жылдардың жүзі болатын. Биыл жыл басында астаналық мамандығы заңгер мына отырған Асқар Бақытжан Бекзатханұлы осы арманымды дөп басқандай осындай ойымен бөліскен еді», – деп әңгімесін жалғай отырды.
Сол әңгімеден соң Самарқанға аттанып, Ташкентте құрылысшы, кәсіпкер Дүйсехан Кемелов есімді жігітпен, үшеулеп жүріп Самарқанның айналасын үш күн бойы түгел шарлап, нағыз көк тасын, оған қоса Үндістанның Раджастан атты штатынан әкелінген жасыл тасын қоса әкелді. Самарқаннан тасты Оқшы атаға жеткізуге шымкенттік бірер ағайындар да атсалысқан. Самарқанның көк тасы мен Үндістанның
Раджастан штатынан әкелінген көк тасының қысқаша тарихы осылай болды.
Есабыздың басына Самарқаннан әкелінген көк тас Асқар Бақытжан Бекзатханұлының тікелей арқасы, сол кісінің қаржысы арқылы реттелген шаруа.
Өздеріңізге белгілі, кезінде мемлекетіміздің ірі қайраткерлерінің бірі Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы болып тұрғанында Өзбекәлі Жәнібеков 1936 жылы Түркістандағы тайқазанды ленинградтықтар бүкіл дүниежүзілік этнографиялық экспозицияға көрсетеміз де орнына қайтарамыз деп қайтармаған қазанды елге қайтарған жоқ па еді? Тайқазан қалай елдің шекарасына жеткізілді, облыс басшылары қарсы алып, ел шашу шашумен Түркістанға жеткізілді. Қазақ елінің соңғы ширек ғасырда көрші мемлекеттерге қарағанда ырыс-берекесінің мол болуы қазақ елінің бас қазанының орнына қайта келуінің арқасы деп санаймыз.
Ал, киелі Самарқанның көк тасының Оқшы атаға жеткенде Ұлман апаға шашу шашқызу ниеті де жай болмаса керек-ті. «Туған жер Шиелі өңірі халқының ырыс-берекесі артып келеді. Оқшы атаға Самарқанның көк тасының келуі ырыс-берекемізді арттыра түссін. Шиелі халқының есінде болса, 1997 жылы 16-17 тамызда Оқшы атада өткен ас күндері алты мың шақырымға созылып жатқан бүкіл Африкадағы мұсылман елдерін суландырып ағып жатқан Ніл өзенінің суын Каирде тұрып жатқан елші Расұл Жұмалы мен дәрігер қызым Ләззат арқылы алғызып, Оқшы ата мен Есабыз ата кесенелерінің жанынан ағып жатқан өзен суына құйғызып, асқа жиналған бірқауым елге Алла тағала бүкіл әлемдегі мұсылман халықтардың ауызбіршілігін берсін деген тілекті бүкіл сол асқа жиналған ел тілеген жоқ па еді», – деген естелігін айта отырды Ө.Әбдіраман.
Бақытжан МӘДЕНОВ.