Өзіміздің Өтеген
Бабаларымыз «Ауылдағының аузы сасық» деп неге айтты екен? Шамасы білімді болса да, іскер болса да ауылдан шыға алмаған, ынжық адамдарға айтылса керек. Менің кейіпкерімді, оны сырттай білетін жұрт «Ай, анау, Қызылдихан ауылының тұрғыны, баяғы Жексенбай молданың баласы емес пе» десе, біз оны жақсы білетіндіктен «өзіміздің Өтеген» деп кеткенбіз. Өйткені Өтеген менен үлкен ағайым Беркінмен сыныптас болып, Алғабас елді мекенінің көшесін шаңғытып, талай бірге ойнағанбыз. Алғабастағы №157 орта мектебінің 1965 жылғы түлегі болатын. Мен олардан екі сынып төмен оқыдым. Бірақ Өтеген, Беркін ағаларым 11 сыныпты бітірді. Әкеміз «Балаларым мектепті туған жерінде бітірсін» деді ме, Беркін екеумізді №50 Абай атындағы мектепке ауыстырып жіберді. Есімде қалғаны, Өтеген ағамыз мектепте белсенді, ізденгіш оқушы болды. Алғырлығымен танылды. Сақа асықтай шымыр Өтеген жасынан білімге, ғылымға ұмтылды. Оның осындай талпынысы оны елімізге танымал тарихшы-этнолог, өнер, медицина және мұражай танушы ғалым етеді, ол жан-жақты Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі болады деп кім ойлаған. Әбдіраман Өтеген Жексенбайұлының қарымды қаламынан туған ел тарихы, халық медицинасы жайлы, қазақтың салт-дәстүрі мен өнер әлемі турасында жазған көлемді, танымды мақалалары мен кітаптары ұлтымыздың мұрасына қосылған мол олжа. Білмегенді білдіріп, көрмегенді сездіріп, оқымағанды сауаттандырған шығармалары қазақтың атақты жазушылары, тарихшылары мен медицина саласының академиктеріне дейін бас шұлғытып, ұлтымыздың ұлығына айналды.
Кешегі ауыл баласы, басына көк елтіріден папақ киген ғұламаға айналды. Шынында біз Өтегенді кешеге дейін «Ей, қойшы, жаза береді, айта береді» деп көптің бірі санағанымыз да рас. Аудан басшыларына кіріп «Өй депті», «Бүй депті» деп жағымсыз кейіпкер ретінде де таныстырған ағаларымыз болған. Мен іштей «ондай кісі болуы мүмкін емес» деп екі ойлы жүргенмін. Өтеген ағамды жамандыққа қимай, оның баспасөздерге жазған мақалаларын, жерлесіміз ҚР Мәдениет қайраткері, журналист-заңгер Ақайдар Ысымұлы екеуі жазған «Есабыз әулие» кітабын, «Әбурақпанұлы Қойлыбай әулие» мақаласын, «Сыр өңірінің тарихы орыс деректерінде» атты жинағын оқып танысқан соң, мен Өтегеңді жазушы, тарихшы, зерттеуші-ғалым ретінде танып білдім. Ал 919 беттік, 646 суретті қамтыған Өтеген Әбдіраман құрастырған «Қыпшақ қайраткерлері» кітабының үшінші басылымы мені одан сайын таңқалдырып, қызыға оқып шықтым. Қазақ руға бөлінбейді, бірақ рулардан құралатыны белгілі. Қыпшақ болғандығымнан емес, Өтеген Жексенбайұлының талмай ізденіп, зерттеп, осыншама адамды елге таныстырған қыруар еңбегін бағалағаным үшін, өзім білмейтін мағлұмат алғаным үшін, тағлымдық ниетіммен назар қойдым. Оның ішінде жерлестеріміз Ә.Тәжібаев, Ә.Бәкір, М.Бахтиярұлы, Б.Пәрімбетов, Ы.Нәлібаев, А.Дәулетұлы, И.Дәулетұлы, К.Шәймерденов, Қ.Хайруллаев, Г.Алтынбекова, М.Исмаилұлы, Б. Ақпанбетов, Ә.Исмаилов, Қ.Құдайбергенов, Ө.Әйімбетов, Ж.Әлиев, Ә.Ноғайбаев, Қ.Қалменов, Б.Асқаров, Ә.Шілманұлы, Е.Құлтаев, Қ.Қаражанов, М.Нәлібаев, Е.Тоқбаев, Т.Сәрсенбаев, Ж.Аханов, С.Сейтенов, Д.Смайылов, Т.Шопашев, Қ.Әбдешұлы, Қ.Жәленова, Д.Байдрахманұлы, О.Сәрсенбаев, Ш.Есенов, Ж.Таспамбетова, М.Шоқай, Ә.Қоңыратбаев, Т.Қоңыратбаев, И.Құтпанұлы, Ж.Есенов, Р.Қоянбаев, А.Жұмаділдаев, Д.Сұлтанұлы т.б. елге танымал қайраткерлердің өмірдеректері суреттерімен беріліпті. Ұлы даламыздың барлық облыс, аудандарында, Ресейдің көптеген өңірлері мен қалаларында тұратын, лауазымды қызметтер атқарған қыпшақ азаматтарын тауып, олармен жүздесіп, телефон арқылы сөйлесіп, материалдар жинастыру оңай іс пе? Оған да тіл керек, батылдық, сабырлық керек. Осы жерде қырғыз бауырларымыз жиі қолданатын мақалдары «Сабырлы болсаң озарсың, сабырсыз болсаң тозарсың» дегені еске түседі. Себебі мына салмақты кітап жүйелі, сабырлы жазылыпты.
Егер Ө.Әбдіраман «Қыпшақ қайраткерлерін» құрастырып, жазып дүниеге әкелмесе, біз төмендегі атышулы азаматтардың қыпшақ елінен екендігін, сол рудың даңқын шығарған, қазақ халқының даңқын асырғандықтарын білмес едік. Олар – бір рудың ғана емес, бүкіл қазақ елінің, Қазақстан мемлекетінің мәртебесін көтеруге, дәрежесін асқақтатуға атсалысқандар, жерімізді жаудан қорғағандар, еңбек етіп маңдай терін төккендер, қазақ мәдениеті мен өнерін көтергендер, қазақтың көк байрағын шет елдерде, үлкен жарыстарда желбіреткендер, «Менің Қазақстаным» гимнін ойнатқандар.
Тарих бетіне алтын әріппен жазылып қалғандар. Аттила (Еділ патша), Сұлтан Бейбарыс, хандар Қайырхан, Әбдіғаппар хан, Қоқан ханы Әлімқұл, батырлар Қобыланды, А.Иманов, Кейкі, Тілеулі, ел таныған абыз-ишандар Қойлыбай бақсы, Тілеп, Таймас әулие, Есабыз әулие, Кеңестер одағының екі мәрте батыры, ұшқыш Т.Бигелдинов, Кеңестер одағының батыры, Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетова, данышпан оқымыстылар Әл-Фараби, Ы.Алтынсарин, Қ.Салғарин, қоғам-мемлекет қайраткерлері Ә.Жанкелдин, С.Ниязбеков, Ш.Жәнібеков, С.Жанбаев, Ә.Жақсыбеков, Ш.Омаров, Т.Досмұхамедов, жазушылар Б.Майлин, Т.Әбдіков, А.Жағанова, ғалымдар М.Молдабеков, М.Иштван, С.Сейітжанұлы, спортшылар Қ.Мұңайтпасұлы, С.Сәпиев, Ә.Нұрмаханов, әртістер С.Қожамқұлов, Қ.Бадыров, Е.Өмірзақов, композиторлар Б.Байқадамов, М.Қалауов, Ә.Еспаев, суретшілер Ә.Сәрсенбаев, Я.Күлбаев, әншілер М.Бесбаев, Б.Тайлақбаев, ақын-жазушылар М.Шаханов, Ж.Ерман, М.Күлімбет, А.Ысымұлы, Қ.Қорғанұлы т.б. қыпшақ қайраткерлерін Өтеген Жексенбайұлы таныстырмаса, оны біз қайдан білеміз. «Не елсің, қай рудансың» деп әдетімізше кімнен сұраймыз? Ұят емес пе? Бұл жайында кітап авторы Ө.Әбдіраман былай дейді.
«Сонымен белгілі жазушы Қалмұқан Исабаев «Бұл ойыңнан қайт, айтпады деме, үлкен дауға қаласың» деп жанашырлық танытса да, «Қыпшақ тарихында бұрын-соңды болмаған бұл не жинақ. Өзге ру өкілдері қалай қабылдайды?» деп профессор Тынысбек Қоңыратбай жазса да, қарамай жинақты құрастырып, соңғы нүктесін қойып отырмын. Осы жинақты құрастыру барысында соңғы бес жыл ішінде талай кісілермен ой бөлістім. Қазақстанды түгел шарлап, тіпті сонау Египет пен Үндістанға дейін барып қайттым. Талай кісілердің мазаларын алып, сан мәрте телефон шалып, хат жазуға тура келді. Кітап 1000 данамен 2013 жылы ҚР «Полиграфкомбинат» ЖШС-де, Алматы қаласында басылып шықты. Осы жинақ туралы белгілі жазушы-журналист, ғалым, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Таңатқан Рсаев ағынан жарылып «...Мен аттай 35 жыл Қазақ энциклопедиясының бас редакциясында қызмет атқарып, оның барлық күрделі басылымдарын шығаруға қатысқан адаммын. Бізде осындай көлемдегі кітапты кем дегенде 6-7 редактор дайындайтын еді. Ал «Қыпшақ қайраткерлерін» Өтеген жалғыз өзі дайындаған. Мен оның еңбекқорлығына ғана емес, осындай аса жауапты да азапты жұмысты ертеңгі дау-дамайынан қаймықпай, өз ықыласымен мойнына алған ерлігі қайран қалдырады. ... Сондықтан да бұл кітаптың қасиетті мұраты ынтымағы бұрыннан-ақ әлемге аян қазақ халқының тарихындағы орны мен атқарған қызметі ерекше қыпшақтарды бөліп алу емес, оларды бір-біріне таныстырып, игі жұмыстарға бағыттау деп білген жөн...» депті. Қазақ «жеті атасын білмеген жетесіз» деп жатпай ма? Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған танымал тележурналист Қажы Қорған «Ардақты ағайын, қадірменді оқырман! Мына залға қарап отырсам, кешегі заманда атағынан ат үркетіндей Сағидолла Құбашев, Шәңгерей Жәнібеков, Сағадат Нұрмағанбетовтей ағаларымыздың тұсау кесер рәсімге уақыт тауып қатысуы, олардың әрқайсысының жинаққа берген бағасының өзі жинақтың болашақ ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор екендігін білдіреді» деп Сағидолла ағамыз жаңа «Жолдастар, мен қыпшақ емеспін. Қыпшақтар жайлы тарихты тымақша бұлғаған мына кітаптан біраз мәлімет алдым» деп жатыр дей келе, «Әсіресе, осынау ынтымақ, бірліктің ұйытқысы болып, қазақтың кең пейіліндей даласынан дана бабалар шежіресін тірнектеп сұрастырып, суретке түсіріп, табанынан тозған шиелінің ақсары азаматының 5-6 жылдан бергі тынымсыз ізденісінің жемісі. ... Бұл кітапта қыпшақтан шыққан ғұлама ғалымдар, ел билеген билер, батырлар, әулиелер мен бақсылар туралы деректер молынан енген. Олардың әруағы да Өтегенге риза болса керек...» деп жүрек жарды лебізін білдірген. Иә, құнды кітап араға жыл салып, толықтырылып үш рет басылып шыққан. Қолға тисе, бас алмай оқитындай-ақ кітап.
Өтеген Әбдіраман 1947 жылы 16 мамырда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қызылдиқан елді мекенінде дүниеге келген. Ол өмірбақи әкесі Жексенбайды мақтан тұтып, құрметтеп, жүрген жерінде айтып, насихаттап, ауызынан тастамайтын, қадір тұтатын. Шындығында Ұлы Отан соғысына қатысып, тұтқында болып, жеті жылдан соң елге аман-есен оралған Жексекең қиналған сәтінің бәрінде Есабыз әулиенің әруағына сыйынумен болған. Кейін Түркістанның жанындағы «Қарнақтағы» діни медресені бітіріп, діни сауатты молда атанған. Қызылдиқан ауылында өндіріс бригадирі болып, ауыл шаруашылығының көрнекті ұйымдастырушысы, сол елді мекеннің іргетасын қалаушы, аузы дуалы, сөзге шешен кісі болыпты. Жуантөбе ауылдық кеңесіне қарасты үш колхоз арғы Ленин (қазір Бестам), Қызылдиқан, Алғабас елді мекендері біріктіріліп, Ленин атындағы колхоз атанып, орталығы Алғабас болады. Менің әкем Әзімхан Исмайлов 1958 жылы осы колхозға председатель болып тағайындалады. Аудын басшылары жаңа бастықты «Үш колхоздың» атқамінерлеріне таныстыру үшін шаруашылықтың коровнигінде (ол кезде клуб үйі жоқ) жиналыс өткізеді. Сол жерде белсенді бригадир қызылдиқандық Жексенбай Әбдіраманов Әзімханның жастығын меңзеп, оның түріне қарап: «Мыналарың балалармен бірге доп ойнап кетіп жүрмей ме? Үш колхозды бұл қалай басқарады?» деп мінберден сөйлегенін әкем айтып отыратын. «Менің өмірімді ширатқан, намысымды қозғаған қызылдиқандағы Жексенбай деген кісінің бірауыз сөзі болды. Мен сол мезеттен бастап жастығымды ұмытып, іске кірістім» деп. Жексенбай көкеміздің «сынынан» соң Әзекең осы үш колхозды үздіксіз 17 жыл басқарды. Мәдениеті өркендеген, табысты, экономикасы дамыған Алғабас ауылына айналдырды. ҚР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Шиелі ауданының атқару комитетінің төрағасы болып жемісті еңбегін жалғастырды. Сыншысы Жексенбай Әбдіраманов дүниеден өткенде Қызылдиқанда, «митинг» жасап, жаназасын өтеп шығарып салады. Ө. Әбдіраманов ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Ол тарихшы екендігін жазушылық талантымен ұштастырды. Оның қаламынан «Қазақтың халық медицинасы», «Есабыз әулие», «Қазақтың қара емдері», «Қазақтың үш жауы», «Қазақтың халық медицинасының ғылыми көкжиектері», «Қазақстан медицина тарихына қатысты маңызды деректер», «Қазақстан шипажайлары», «Қазақ елінің астаналары», «Қоханның соңғы ханы Әлімқұл Әмірлашкер», «Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағанбетов», «Сыр өңірінің тарихы орыс деректерінде», «Қыпшақ қайраткерлері», «Ұлы ел Үндістан әсерлері», «Қырғыз өнерінің шолпан жұлдызы Саламат Садықова», «Қырғыз қыпшақтар» атты жинақтар дүниеге келді. Қойнында қара папкісі, мойнына фотоаппаратын асынған еңбекқор, шаршап шалдығуды білмейтін Өтекең өнер және мұражай танушы да. Ол 1966-1967 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Қыз Жібек» фильмінде режиссер С.Қожықовтың көмекші ассисенті бола жүріп, көпшілік көрністерге қатысқан. Одан кейінгі жылдары Шиелі аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, «Қазақтелефильм» студиясында администратор, фильмдердің директоры болып қызмет етеді. Алғырлығы, іскерлігі арқасында 1977-1979 жылдары аралығында Алматы облысы, Талғар ауданының депутаты болып сайланған Ө.Жексенбайұлы өзінің алғашқы мақалаларын аудандық «Алатау жұлдызы» газетінде жариялай бастайды. Талантты жігіт 1977-1994 жылдары Қазақстан медицина және денсаулық сақтау тарихы мұражайының аға ғылыми қызметкері қызметін абыройлы, жемісті атқарады. 1986 жылы қарашада Ташкентте өткен Шығыстың ғұлама дәрігері Ибн-Синаның мыңжылдық торқалы тойында, халықаралық алқалы жиынында Ө.Әбдіраман «Қазақтың халақ медицинасының ғылыми медицинамен байланысы», 1994 жылы мамырда Түркияның Қайсері қаласында өткен халықаралық конгресте «Қазақтың халық медицинасы – түркітілдес халықтардың ежелгі білімдерінің бірі» атты баяндама жасап, ғалымдық қырынан да көрінеді. Ол қоғамдағы көптеген игі істерге бастамашы болып, қоғам қайраткері саналды. 1996 жылы «Оқшы ата» қорымында ашылған мешіттің «Есабыз ата мешіті» деп қайта аталуы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, дәрігер-жазушы Зейін Шашкиннің есімін ардақтауға байланысты еңбектерімен де белгілі. Ол жазушыға 1988 жылы Бурабайда мемориалдық мұражайдың ашылуына, Алматы, Екібастұз қалаларында З.Шашкин атындағы көше атының берілуіне атсалысады. 1962 жылы шыққан «Доктор Дарханов» романы араға 40 жыл салып 2001 жылы қайта басылып шығады. Сондай-ақ ғалым-фармацевт, журналист-жазушы Сәлкен Суханбердиннің атын Қазақстан медицина және денсаулық сақтау мұражайына, қазақтың алғашқы фельдшерлерінің бірі – Дүйсенбі Қалматаевқа Семей медициналақ училищесінің атының берілуі, кезінде дәрігер – ғалым Естөре Оразақов ашқан Маңғыстау облысы, Шетпе елді мекенінде шұбатпен емдейтін «Тұщыбек» шипажайының ғалым Е.Оразақовтың атымен аталуы, 2013 жылы «Сарыағаш» шипажайына Д.Қонаевтың еңселі ескерткішінің орнатылуы – бәрі, осы өзіміздің Өтеген түрткі болған, іске асқан шаралар санатында. Оның соңғы жылдары жарық көрген «Тәуелсіз Қазақстан теміржолдары» атты жинағы да Орынбор мен Ташкент мұрағаттарындағы қазақ еліне қатысты қызықты деректерді әдеби тілмен өріп, оқырмандарына шынайы жеткізе білген. Ойы ұшқыр, қаламы қарымды. Үнемі жағымды жаңалықтардың көшбасшысы болып жүретін қоғамшыл, елдегі жақсылықтарды айға шығаратын қаламгер ағамыз Өтеген Әбдіраманды білгеніміз дұрыс. Өйткені қарапайымдылығымен қоса, «Туған жер еш нәрсе жоқ сенен ыстық, себебі сенде туып, сенен ұштық» деп жүрген Шиелінің отаншыл патриоты, ұлтжанды азаматы, ұлылардан ұлағат жинап келешек ұрпаққа ұсынып жүрген оқымысты. Алла Тағаланың туған жеріне, еліме берген көзі ашық, кеудесі нұрлы пендесі.
Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі