Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Үлкенді құрметтеп, ардагерлерге ілтипат білдіріп, оларды дәріптеу олардан кейінгі жас ұрпақтың міндеті.
Кезінде Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған Сағатбек Болатбекұлы Сүлеймен, Мұхтар Жүсіпбекұлы Еркінбековте ардагер судьяның есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында Шиелі ауданы, кенті әкімдерінің атына Шиелі кентіндегі көшелердің біріне 10 жыл қатарынан Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарған Өтеген Жарықбаевтың есімін беру жайлы ұсыныстар енгізген.
Атқарылған игі істердің нәтижесінде Қызылорда облыстық ономастика комиссиясының 2017 жылғы 26 сәуірдегі №1 қорытындысына сәйкес Шиелі кенті әкімінің шешімімен Шиелі кентіндегі «Көкшоқы» мөлтек ауданындағы атауы жоқ көшеге Өтеген Жарықбаевтың есімін беру жайлы шешім қабылданды.
Біздің әңгімеміздің арқауы болып отырған ардагер судья Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаев 1923 жылдың қаңтар айында Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жаңарық ауылында дүниеге келіп, 1937 жылы сол ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіріп, комсомол қатарына қабылданады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысының бас­талуына байланысты Өтеген аға әскерге шақырылып, кіші командирлер дайындайтын курсты бітірісімен бөлімше командирі ретінде Сталинград майданына аттанады. Қан майданда табандылықпен ерлік көрсетіп, шайқасқан ағамыз бірнеше рет жарақаттанып, 1944 жылы елге оралады. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін майдангер ағамыз «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 20 жыл, 30 жыл, 40 жылдық» мерейтойлық медальдарымен, Ұлы Отан соғысының 1 дәрежелі Орденімен марапатталған.
Елге оралғаннан кейін Өтеген аға 1946-1949 жылдары аралығында Қызылорда облысы, Шиелі аудандық сотында сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы қызметтерін атқарып, оның сот жүйесіндегі еңбек жолы бас­тау алады.
1949-1951 жылдары Алматы заң мектебінің тыңдаушысы ретінде заң саласындағы білімін жетілдірген Өтеген аға 1951 жылы Атырау облысы (сол кездегі Гурьев) Қызыл қоға ауданының халық сотының төрағасы болып сайланып, одан кейін облыстық соттың мүшесі болған.
Сонымен қатар, Ө.Жарықбаев Қызылорда облысының Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында сот төрағасы болып абыроймен қызмет атқарады. 1975 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін 10 жыл қатарынан Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін атқарды.
Сот саласындағы ұзақ жылдар бойындағы мінсіз еңбегі үшін Ө.Жарықбаев 23 қыркүйек 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Мұнан өзге білікті судья өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыстық Әділет Басқармасы бастығының, облыстық кәсіподақ кеңесі төрағасының, Халық депутаттары облыстық кеңесінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Ө.Жарықбаевты өзінің алғашқы ұстазы санап, ерекше құрметтейтін, бүгінде өзі де сот жүйесінің ардагері, доғарыстағы судья, «Үш би» төс белгісінің иегері Зина Жаңбыршаева өзінің естелігінде сот саласындағы еңбек жолын 1982 жылдан Шиелі аудандық халық сотының судьясы ретінде бастаған кезде Өтеген ағаның сол соттың төрағасы болып қызмет атқарып, өзін сауатты, білімді басшы ретінде көрсете білгенін, оның мінезінің қарапайымдығын, елгезектігін, халықтың қамын ойлап, ешкімді бөле-жармайтынын, көпшілдігін тебіреніспен еске алады. Зина апайдың айтуынша Өтеген ағай өзінің жұмысынан тыс қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, халық алдына көп шығып сөйлеп, халықтың құқықтық сауаттануына, заңдылдықтың сақталуы мен сот шешімдерінің орындалуына зор ықпалын тигізген тұғырлы тұлға болған. Зина апай сол уақыттарда Ө.Жарықбаевтың басшылығымен өзімен бірге құқық қорғау саласында әріптес болған Ұлы Отан соғысының ардагерлері аудан прокуроры қызметін атқарған Ақәділ Сапарбаев, прокурор көмекшісі Камал Оспанов, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарған Бақыт Бекмамбетов ағаларын мақтанышпен еске алады. Өзінің жоғарыда аталған азаматтармен әріптес болып, қызмет жолында өмірлік сабақ алғанын кейінгі ұрпаққа ерекше ілтипатпен әңгімелеп отырады.
Осындай абыройлы қызмет атқарып, ел алғысына бөленген ардагер судьяның есімін ардақтау, мәңгі сақтау мақсатында Шиелі аудандық сотының музейінде осы сотты ұзақ жылдар басқарған білікті басшы, ардагер судья Өтеген Жарықбаевтың өмір жолы мен қызметі жайлы сыр шертетін құнды деректер арнайы бұрышта орналастырылып, майдангер судьяның қолданып, тұтынған заттары құнды экспонат ретінде сақталған.
Елбасымыз Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу екеніне тоқталды. Сонымен бірге рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдыретімен маңызды екенін, бұл –тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы екенін атап көрсетті.
Қазақ елінің тарихындағы от ауызды, орақ тілді би-шешендеріміздің жолын жалғастырып, сот төрелігін жүзеге асыруда қара қылды қақ жарған әділ шешімдерімен билік айтқан бүгінгі заманның биі – Өтеген Жарықбаев секілді ағаларымыз осы жолды жалғастырушы деп білеміз.
Әділ заңды тірек еткен Өтеген Жарықбайұлы Әлихан Бөкейханов атамыз айтқандай «Би – түзу, билік – әділ» болсын» деген қағиданы берік ұстанған жан болған.
Ардақты тұлғаның есімін жаңғырту, оны ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында оның еңбек еткен Шиелі ауданының орталығы Шиелі кентіндегі көшеге ардагер судьяның есімін беру біз үшін айтулы мереке.

Әлия Түбекбаева,
аудандық соттың судьясы.
10 қараша 2017 ж. 2 176 0