шахматтан шайқас
Қарттарын қазынаға балап, төрден орын сайлаған еліміз қариясына құрмет көрсетуден жаңылмаған. Жазылып қойған хатпен тең қарттарымыз ұлттың ұйытқысы, елдің қазығы. Апта басында бір әулеттің емес, аймақтың сыйлысына айналған ардагерлеріміз бас қосып, шахматтан аудан біріншілігін өткізді. Аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен, ардагерлер кеңесі және «Шиелі-Самғау» ұйымы ұйымдастырған шараны аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов ашып беріп, ардагерлерге көрсетіліп келе жатқан қолдау мен құрметке тоқтала кетті. Аудандық біріншілікке 12 ардагер қатысып, ақыл-ойдың спортында тақта үстінде тартысты. Әркез ұйымдастырылып келе жатқан осы бір шарадан шыққан ардагерлер аудан әкімдігінің мәжіліс залында жиналып, аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен болған «Әдемі қартаю деген не?» деген тақырыпта сүбелі сөз қозғады. Айтары бар ақсақалдар Мұсахан Дүйсенұлы, Рахым Мауяұлы, Ералы Жұмаділов және Кенжетай Палмағанбетовтер үлгі боларлық өмір жолы мен сабақ боларлық сындарлы әңгімелерін ортаға салды. Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары А.Әбілқасымұлы арнайы шақырылған ардагерлерімізді құрметке лайық, өмірлері өнеге боларлық жандар екенін айтып өтті. Аттан жығылса да салттан жаңылмаған ұлттың ұрпағымыз. Осы орайда әкім орынбасары ардагерлердің иығына құрметтеп шапан жапты. Білім саласында білегін түре еңбек еткен осы жандарға осылайша ілтипат көрсетілді.