Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі

Күйші


Ағамыз неткен ер еді,
Өнерде биік өресі.
Көп еді елге берері,
Үлгі тұт ұрпақ келесі.
А.Әбдіхамит.

Аты аңызға айналған,
Өтекең еді білгенге.
Шертпе күйдің шебері,
Төкпе күйдің төресі.
К.Жүсіп.
Теңіздің тұңғиығынан маржан тергендей сырлы да сазды күй өнері заманның зарын, дәуірдің тынысын, кезеңнің келбетін қозғайтыны хақ. Әр дәуірдің күйшілері – домбыраның қос ішегіне қыл қобыздың қылына жан бітірген ұлы өнер иелері адам түгілі жан-жануарларға да күйлері арқылы әсер етіп отыратынын байқатып отырған. Төбеде ұшқан құстарды бір орында қалқытып қою, қасқырдың ұлығанын салып маңайына қасқыр жинау т.б. осының куәсі Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Қыз Жібек» фильмін түсіргендегі қос аққуды бір-біріне жақындастыру да күй құдіреті емес пе?!
Осындай құдіретті өнердің туын жоғары көтерген шағын ауылдан шыққан ақындығы мен әншілігін өмірінің арқауы еткен ақиық ақын Нартаймен қатар ән салған Тәліп ақсақалдың ұлы дарынды күйші ел аузында аңызға айналған Өтеген Райымбеков ағамыз жайлы қолда бар деректерді өнерді құрмет тұтар қауымның назарына ұсынуды жөн көрдім. Он саусағы домбыраның құлағында ойнаған кіп-кішкентай қара домалақ баланы үлкен-үлкен биіктерді бағындыратынын Құрманғазы, Диналар сияқты қазақтың ең бір құнды өнерін шарықтататынын сезімтал әке жүрегі болжап «менің жаным өнердің төрінде жүретін азамат болады» деген еді.
Ия, әке жүрегі алдамады. Жасынан осы бір сырлы аспап оның серігі болды. Түбінде ел есінде қалар үлкен дарын екеніне сенді.

Өтеген Райымбеков 1939 жылы 20 маусымда Сарыбел, қазіргі Алғабас ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келді. 1959 жылы Жамбыл Мәдениет ағарту училищесіне түскен ол 1962 жылы қобыз мамандығын алып шықты. Мұнымен тоқтамай 1969 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педогогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні факультетін сырттай бітірді. Бойдағы өнер бұқпады. Өтеген үлкен сахналарға шықты. Әсіресе 1976 жылы Мәскеуде Қазақстанның 10 күндігіне қатысып, күйшілер байқауында Темірбек Ахметовтің «Жетім баласын» тартқанда қазақ түгілі басқа ұлттың өкілдері де орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтап таң қалған. Осы жылы лауреат атанды. Бұл күйді ол жеті жасында тартқан болатын. Талант туа біткен дарын жерде жатпайды. Бұл кісінің өнерін ауыл, аудан, облыс өнер сүйер қауымы үлкен құрмет тұтатын.
Институттың мұғалімі Мүлкіамал Қалауов «Өтеген күй тартқанда ұшқан құс, жүгірген аң тұра қалып, жылаған бала тым-тырыс қалушы еді. Мен көп күйшілерді көрдім, тәрбиеледім. Бірақ мұндай зерек, екі рет тартуды қажет етпейтін қабілетті бір тартқаннан-ақ мүлтіксіз орындайтын күйшіні кездестірген емеспін» деген еді.
Тек күйші емес бойында ұсталық дирижерлық қасиет те орын алған Өтеген домбыра, ер, қамшы соғып ағайындарға тарту етуші еді. Шиеліге келіп домбыра оркестріне дирижерлік еткен Н.Тілендиев бұның бойындағы тулап жатқан өнерді танып дирижерлық жасауды тапсырғанын және оны тамаша орындап шыққанын көргендер жыр етіп айтатын.
Өтеген тек бала тәрбиесінде ұстаз ғана емес өнер жолында жүрген өнер сүйер жандардың да ұстазы болды. 1969 жылы «Жас дәурен» оркестрін құрып, оның құрамының негізі Алғабастан бас­тау алған. Ерғазы Жексенбаев, Серікбай Дайрабаев, Аман Әбілдаевтердің қатысуымен бүкіл Қазақстанға белгілі болды. Португалияға дейін барып өнер көрсетіп қайтты. Тек өзі ғана күй тартпай күй тартудың тағы бір түрі күй жарыста өзінің шәкірті Гүлсім Тұрғанбековамен қосыла күй тартып халықтың қошеметіне бөленуші еді.
Өтегеннің өресінің биіктігін күйшілік өнеріне құрық бойламайтынын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлмырза Ноғайбаев, Әшімхан Оспанов, Бөрібай Қоңқабаевтар айтып тауыса алмаушы еді. Ұстаз, үзеңгілес қарындасы Аманкүл Қалымбетова да ағасы жайлы:
«Жетім бала» күйімен
Жеті жастан күй тарттың,
Көзіне жас алғызып
Күй иесін тамсанттың
Сол күйлер қалды артыңда
Нотамен бірге тізіліп
Қос ішекті домбыра
Пернесі қалды үзіліп
Жетектеп Нартай қолыңнан,
Өнерді аса сүйіпсің.
Жұрт не десе, о десін
Біз үшін аға биіксің! – деп тебірене толғана жырлады. Атадан балаға берілетін тума талант Өтегеннің балаларының да бойынан орын тапты. Айгүл, Өскендердің де өнер жолында өзіндік орындары бар. Осы еңбектерін айғақтайтын 1962 жылғы Сарыарқа домбыра оркестрінде ойнағаны үшін І дәрежелі дипломмен, 1967 жылы облыстық оркестріне жетекшілік еткені үшін мақтау қағазы, 1966 жылы Обком профсоюздің мақтау грамотасы, 1976 жылы оркестрге дирижерлік жасағаны үшін диплом лауреаты, 1980 жылы «Өскен Өңір» газетінің мақтау қағазы және т.б. бағалы сыйлықтары толып жатыр. Өмірден өткен осындай дарынды жандарды елеусіз ескерусіз қалдырсақ азаматтығымызға сын болар. Күйден күмбез тұрғызған талант иесі тарихта қалатыны шындық. Күйшінің еңбегін туған топырағы сыр бойы ұмытқан емес. Арамыздан өткен ардақты ағаны келер ұрпаққа нақышына келтіріп насихаттау бүгінгі біздің міндетіміз.


Айжамал Әбдіхамитқызы,
зейнеткер.
25 шілде 2018 ж. 2 130 0