Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнердегі бір тарлан

Өнердегі бір тарлан

Өткендерді еске алу, олардың елге жасаған еңбектері туралы айтпасақ, жазбасақ кейінгі ұрпаққа кімдер туралы насихаттаймыз. Бірі өнердің, екіншісі ғылымның жолында барын берген үлкен жүректі жандар тұрғысында ой толғасақ артық болмас. Сондай бір ән әлемінде өмір сүрген жезтаңдай әнші, тумысынан өзгеше жан Мырзабай Әділов және төкпе күйдің төресі, шертпе күйдің шебері он саусағынан өнер тамып, домбыраның құлағында ойнаған күйші Өтеген Райымбеков туралы жазу көптен бері ойымда жүр еді.
Мырзабай Әділов Шиелі ауданы «Бестам» ауылдық округіне қарасты Алғабас ауылында 1911 жылы дүниеге келген. Жас жаны әнге құмартып өседі. «Ұйықтап жатқанда үйдің іргесінен ән салып өткен адамның әнін ояна салып бұлжытпай айтатын» дейтін үлкен кісілер. Басқа ауылда тұратын төркінге қыдырып шыққанда ауыл төбесі көріне 6 жасар баласына анасы «ал, Мырзабай әндет» дейді екен. Ауылдағылар әнді естіп «мынау Мырзабайдың даусы ғой» деп алдарынан шығады екен. Сазгер Нартай Бекежанов 17 жасар әншінің даусына, әніне тәнті болып, өзі іздеп келіп, қасына ертіп әкетеді. Нартайдың алғашқы концерттік құрамасының құрылуына Мырзабай көп еңбек сіңірген. Нартаймен бірге ел ішін аралап әнші, жыршы, күйші, биші өнерпаздарды құрып бригада болған. А.Молжігітұлы «Өскен өңір» газетінде былай деп жазған: «Мырзабай сахнада Кененнің «Бозторғайын», Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Манарбектің «Паравозын» орындағанда ерекше шабытпен  айтушы еді және өте жоғары қатты дауыспен бастап, нөсерлі қара дауылдай адуын ән иірімі – тау суындай арқырап келіп, бірте-бірте күміс сыңғырлы бұлақтай таза кәусар дауыс жанға майдай жағып, жүрекке сіңіп жататын. Мырзабай тек әнші ғана емес, ол Нартайдың әнін домбырамен үздік орындаушылардың ең алғашқысы еді.
Жамбылдың «Туған елім» атты толғауын, Нартайдың «Қызыл Мәскеуін» домбырамен Нартайша орындағанда тыңдаушылар дүрліге, дүрілде­те қол соғатын. Қара сөзді тақпақтай айтатын Әлімбек Мырзабай конференцияға шығарда: «Өр дауыстың екпіні – бір ысытып, бір тоңдыратын түнгі даусы, күндік жердегі ауылды көшіріп қондыратын алдарыңызға Мырзабай шығады» деп хабарлайтын. 1956 жылы күзде Қызылорда облыстық филармониясының Алматыда үш күндік есепті концерті өтті. Алматы көшелерінде, филармония алдында Мырзабайдың суретін «жеке» Қызылорданың басқа әріптестерінен бөлек айрықша үлкен көлеммен жарнама етіп жапсырып қойған. Мен онда біздің облыстан көркемөнерпаздардың байқауына барған едім. Мырзабай онда – Ғазиздің әнін, Сейітжанның «Қанат талдысын» орындады. Әсіресе, осы әнді орындағанда жиналған халық ұзақ қол ұрып, басылмай концерт соңында филармония сахнасына қайта шығып, Жүсіпбек Елебеков оны құшақтап, бетінен сүйіп айрықша алғыс айтқанының куәсі болдым. Міне, көз көрген кісілер осындай лебіздерін, ризашылықтарын айтып жүрді. Өйткені, Мырзабай ғана Нартайдың даусын, айту мәнерін айнытпайтын. Кейін Нартай Бекежанов қайтыс болғаннан соң Қызылордада театр ашылып, сонда спектакльдерін ойнап жүрді.
1960-61 жылдары Шымкент қаласы «Край» болып аталғанда облыстық филармониясын құру үшін бұл кісінің еңбегі көп сіңді. Сөйтіп, Шымкент филармониясын құрып, ауыл-ауылдарды аралап, концерттер қойып жүрді. Ондада ән салып, кішігірім спектакльдерде «Ажал мен ажар» т.б. қойылымдарда ойнап, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Жұбайы Қалампыр Ахметова екеуі көп жылдар бойы бірге жүрді. Ол кісі «Ах, Самара городок», кәрістің «Торрадиі», халық әні «Қалқанын» нақышына келтіріп орындайтын. Кейін бала басты болып отырып қалды.
Жалпы, Әділдің әулетіне ән өнері дарыған. Інілері Оразбай, Тұрсынбай, Ермекбайлар, ағасы Сіргебай домбыраны нақышына келтіріп қосыла ән салғанда тағыда айта түссе екен деп тамсанып отырушы едік. Қанмен келген өнер бұл кісінің балаларында айналып өткен жоқ. Екі ұл, бес қызды тәрбиелеп өсірген қос әншінің қыздары Дина мен Қалдыгөздердің дауыстары олар салған «Ақбаян», өзбек әні «Ташкент», Әзербайжанның әні «Долалайды» шырқағанда әсем әуезді дауысы көкте қалықтай кетеді. Мырзабайдың даусын, ән салуын ерекше деп, Қазақстан алтын қорына алтын пластинкаға түсіріп алуға Алматыдан арнайы келген кісілер ауырып жатқанын көріп кешіккендеріне қатты өкініп қалды. Өйткені, Мырзабай 1968 жылы қан қысымы көтеріліп, сал ауруына ұшырап қалған еді. Ардақты да, асыл әнші Мырзабай Әділов 1976 жылы дүниеден өтсе де көз көрген кісілер әлі күнге дейін ұмытпай жүр.

Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
зейнеткер.
15 шілде 2018 ж. 834 0