Жәдігерлер мұражайға жол тартты
Редакцияға шұғыл телефон қоңырауы түсті. Аудандық мәдениет үйінде Нартай музейі қорына құнды жәдігерлерді табыстау салтанаты болып жатқандығы жөнінде. Біз де артынып, тартынып жеттік. Барған сәтімізде аудан әкімі Ә.Оразбекұлы жәдігерлерді тамсана қарап, өз ойларын ортаға салып жатыр екен. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы И.Байкенжеев бүгінгі күнгі баға жетпес құндылық болып табылатын осынау дүниелердің әрбір деталіне дейін түсіндірді.
Мұралар қатарына қосылған жәдігерлердің ішінде осыдан қырық жыл бұрын шыққан 126 өлеңнен тұратын Нартай ақынның, «Қазақтың 200 әні» кітаптары, «Нартай концерттік бригадасының” белді мүшесі болған Тұрсынкүл Баяханованың ұлттық киімі болды. Сол жерде бұл дүниелермен қанықтық. Дегенмен, «Нартай концерттік бригадасы” мен оның белді мүшесі болған Тұрсынкүл Баяханова жөнінде танымымды арттырғым келіп, кітап ашып, газеттерді ақтарып, мынадай мәліметті тауып алдым.
Сонымен, облыстық «Сыр бойы» газетінің 2013 жылдың 16 қарашасында жарық көрген, мәдениет ардагері, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмабек Аққұловтың «Қуаныш пен шаттықтың шаңырағы» мақаласына нақ осы тақырып өзек болған екен. Сонда мынадай дерек келтіріліпті.
«...Кешегі Кеңес дәуірінің өзінде Сыр бойының бойтұмары секілді жыршы-жыраулық өнерді өгейсінсе де ел арасында бабаларымыздан қалған төл өнерімізді ұмытпай, халыққа насихаттап жүрген біздің ақын, жырауларымыз аз болған жоқ. Әр заманның өз саясатына лайық түрлі рухани, мәдени қозғалыстары болған. Сырдағы мәдени қозғалыстар өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдары арасында өңірдегі өнерпаздардың басын қосып, біріктірген Нартай Бекежановтың (1890-1954) басқаруында пайда болған. «Нартай бригадасы” деген атпен елдің есінде қалған өнер ұжымы дүниеге келді. Өздері Қызылорда аймағы өнерпаздарынан құралса да орталығы Шымкент қаласында болды. Оны «концерттік эстарада бюросы” (КЭБ) деп атады. Осы бюроның бір саласы жоғарыда айтылған «Нартай бригадасы» еді. Нартай Бекежанов өзінің өнер отауына Қызылорда төңірегінен жеке-жеке өнер көрсетіп, елге танымал болған өнерпаздардың басын құрап, бригадаға тартты. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Қызылорда, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған аудандарын аралап, жергілікті жерлерден өнерпаздарды ұйымдастырды. Оларға айлық беріп, сахналық киімдер, музыкалық аспаптармен жабдықтап, сахнаға әзірледі. Айтыс ақындары-жыршы, жыраулар Әлібек Байкенов, Әбділда Жүргенбаев, Күндебай Алдоңғаров, күйшілер Құрақтың Досжаны, Жолдыбай Елеукенов, Төлеген Қаражанов, әншілер Айзахан Бижанова, Фатима Төлегенова, Тұрсынкүл Баяханова, Мырзабай Әділов, жас жыршы Шамшат Төлепованың көрсеткен өнерлері, дауыстары әлі ел құлағында...»
Міне, бұл жолдарда қысқаша болса да аталған бригада мен оның құрамы көрсетілген.
Ал, Т.Баяханова Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Қарауылтөбе ауылында 1923 жылы дүниеге келген. Бригада құрамына 1939 жылы мүше болып еніп, Шымкент және Қызылорда облыстық филормониясында өмірінің соңына дейін әнші-әртіс болады. Репертуарындағы «Қамажай», «Әпитөк», «Гәкку» сияқты халық әндерімен қатар, ұстазы Нартайдың біршама әндерін нақышына келтіре орындаған. 1970 жылдары оның орындауында «Толқын», «Қара гармонь», «Бозбала», «Қолыма алдым гармонь тартайын деп» (орыстың халық әні), «Отанға», «Алтыным» т.б әндері таспаға жазылып алынған. Осы тұста айта кететін жайт, Ы.Жақаев күріш өсіру-тарихы музейінде де Т.Баяханованың дауысы жазылған таспа сақтаулы екен. Музей қызметкерлері өздері жаздырып алғандықтарын жеткізді.
Біздің мақаламызға негіз болып отырған да сол Нартай Бекежановқа қатысты жәдігерлер болмақ. Негізінен, бұл жәдігерлерді Тұрсынкүл Баяханованың ұлы Темір мен келіні Гүлсім табыстапты. Бұл жолда осынау алтын қорға қол жеткізу үшін тер төккен Н.Бекежанов мемориалдық өнер музейінің директоры Ғабит Көшекбаевтың еңбегін атап өткен жөн.
Иә, рухани жаңғыру аясында ұрпаққа мұра болып қалатын қымбат жәдігерлердің мұражай қорына жол тартуы теңдессіз іс дер едік.
Дина ЖҮСІПОВА.