Ел мерейі – егемендік
Тәуелсіздік – ата-бабаның рухын көтеріп, сөнген мемлекетіміздің отын маздатып, елімізді қатарға қосып, әлемдік қауымдастыққа ендірген тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Елімізді 26 жыл ішінде әлемге танытқан мерейлі мереке 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай Нартай Бекежанов мемориалдық өнер музейінде «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты мерекелік іс-шарасы өтті. Іс-шарада музейдің қор сақтаушысы Н.Нақыпов келген қонақтарды «Тәуелсіз Қазақстан» залымен таныстырып, №156 Н.Бекежанов қазақ орта мектебінің сынып жетекшісі Бақтыгүл Рақышева ұйымдастыруымен 7 сынып оқушылары Желтоқсан оқиғасына байланысты көріністерін қойып, өз өнерлерін көрсетті. Нартай ауылдық мәдениет үйінің «Нартай сазы» фольклорлық ансамбль жетекшісі Р.Қалымбетова қобызбен Қорқыттың «Қоңыр» күйін ойнады. Нартай ауылдық кітапхана қызметкерлері «Тәуелсіздік шежіресі» атты кітап көрмесін қойды. Нартай музейінің Ғабитбек Көшекбаев мерекелік іс-шараға келген қонақтарды құттықтап, өнерлерін көрсеткен өнерпаздарды алғыс хатпен марапаттады.
М.Қалтайқызы,
Н.Бекежанов атындағы мемориалдық
өнер музейінің ғылыми қызметкері.