Статистика – стратегиялық шешімдердің негізі
8 қараша – елімізде статистика күні. Биыл Қазақстанның мемлекеттік статистика саласының қалыптасқанына 106 жыл толып отыр. Бір ғасырдан астам уақыт ішінде ұлттық статистика жүйесі елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін айқындайтын маңызды мемлекеттік құрылымға айналды.Қазақстандық мемлекеттік статистиканың пайда болу және даму тарихы ең алдымен қоғам мен мемлекеттің дамуы және олардың әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерімен етене байланысты. Бұл саланың пайда болу тарихы тым әріде жатыр. Қазақстан аумағындағы статистикалық қызметтің пайда болу тарихына үңілсек, алғашқы Қазақстан мемлекеті Шу мен Талас өзендерінің бойында Қазақ хандығы құрылғанда халық саны 200 мың адамды құраған болатын. Ал XV ғасырдың соңында 1 миллион адамға жетті. Алайда Қазақстанда орталықтандырылған статистикалық қызметтің пайда болуы, Қазақстанның Ресей империясының құрамына кіруімен тұспа-тұс келеді. Қазақстан территориясында құрылған бірінші ресми мемлекеттік статистикалық орган Түркістан губерниялық стат комитеті (құрылған күні 22 қаңтар 1868 жыл ведомствасына қарасты Сырдария және Жетісу облыстық статистикалық бюросы болып табылады.) Алайда 1920 жылға дейін Қазақстанда жоғарыда аталған және басқа да жергілікті статистикалық қызметтерді біріктіретін бірде бір статистикалық орган болған жоқ. Қазақ АССР үкіметі 1920 жылдың 8 қарашасындағы өз қаулысымен «Қазақ АССР-дағы мемлекеттік статистика туралы қаулыны» бекітіп, Қазақ АССР-ның статистикалық басқармасын құрды. Сонымен Қазақстанның бірыңғай орталықтандырылған статистикалық органдарының құрылған күні 1920 жылдың 8 қарашасы деп саналатын болды. Бұл дата Мемлекет басшысының 2012 жылғы Жарлығымен ресми түрде бекітілді және осыдан бастап 8 қараша статистика күні болып жарияланды.
Шиелі аудандық статистика бөлімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты барлық маңызды деректерді жинап, талдау жасап келеді. Ауданда бұл мекеменің іргесі сонау 1965 жылы қаланған. Алғаш басшысы болып тағайындалған Болат Байсейтовтің 1965-1975 жылдар аралығындағы еселі еңбегін елемеуге болмас. Сонымен қатар Сейтжан Омаров, Әбілқасым Палымбетов, Мырзабек Бекболов, Нәжімәдин Қалыбаева, Қуандық Өтешов, Ануза Қойшыбаева, Айтбай Жандарбеков сынды білікті мамандар да айтулы салада өз қолтаңбасын қалдырған жандар. Бүгінгі таңда статистика бөлімінде бас маман Абай Батаев, Мақпал Тоқтар, жетекші маман Мөлдір Төлегенова бөлімнің бетке ұстар қызметкерлері болса, халық арасында сұхбат жүргізетін Шолпан Таңсықбаева, Інжу Спанова, Ақнұр Алдабергеновалар мекеменің мақтаныштары.
Қазіргі таңда Шиелі аудандық статистика бөлімін Алтынкүл Қожамжарова 2021 жылдан бастап басқарып келеді. 2000 жылдан бастап аталған бөлімде есепші-сұхбат, статист-маман, жетекші маман қызметтерін абыроймен атқарған. Статистика алаңындағы өз істерінің майталманы саналған ардагерден тәлім алып, осы күнде сол кісілер салған соқпақ жолда өз сүрлеуімен жүріп келеді. Алтынкүл Құрбанқызы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, «Статистика үздігі» төсбелгісін кеудесіне таққан.
Қазіргі кезеңдегі статистика органдарының негізгі міндетінің бірі пайдаланушылардың барлық санаттарын толық, шынайы және статистикалық жедел ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады. Департаменттің интернет-ресурсында 23 статистикалық жарияланым, 254 бюллетень мен жедел ақпараттар, 55 баспасөз хабарламасы орналастырылған. Сонымен қатар пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін интернет-ресурстың негізгі бетінде негізі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, сәйкесінше респонденттер үшін қажетті ақпараттар қолжетімді. Департаменттің Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары бар. Жыл басынан бері «Е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде 2026 жылдың 3 тоқсанында 21 ғстатистикалық есептілік, респонденттер саны 2558, оның 2385 есептілік онлайн режимде қабылданған. Бұл ретте ірі және орта кәсіпорындар есептіліктерін 100 процент онлайн режимде тапсырған. Респонденттер ұсынған мәліметтердің сапасын арттыру мақсатында респонденттермен 6 семинар өткізген.
Статистикасыз бірде-бір шешім қабылданбайды. Бұл сала ауданның экономикалық, инвестициялық және ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі сынды маңызды саланың көрсеткіштерін дәлдік цифрлармен айқындайды. Аудан экономикасының қарыштап дамуына, өсіп-өркендеуіне, әл-ауқатының жақсаруына елеулі еңбек сіңірген статистика саласы мамандарының еңбегі өлшеусіз. «Көреген басшы елді өсіреді, күшті майдан ерді өсіреді» демекші, білікті басшының бағыт-бағдарымен жүрген ұжымның ұйымшылдығының арқасында бір отбасындай болған айтулы сала мамандарының мерейлі мерекесі құтты болсын!
Мейіржан ИБРАГИМ






