Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сандар сөйлейді

Сандар сөйлейді


Қараша айының 8 жұлдызы Қазақстанда Cтатистика күні, немесе осы сала қызметкерлерінің төл мерекесі. Жылдар мен ғасырлар өте Қазақстанның әр өңірінде статистикалық қызмет түрлері болғанымен ресми тұтас статистика органы 1920 жылдың 26 тамызында құрылған. Қазақ ССР Үкіметінің Қаулысымен 8 қараша күні «Қазақ ССР мемлекеттік статис­тикасы жөніндегі ережесі» бекітілді. Күнделікті естіп жүргенімізбен, бұл саланың тарихын, мақсатын-міндетін, қызығы мен маңызын біле бермейміз. Мереке аясында сататистика жайлы кішігірім ақпарат ұсынғымыз келеді.
«Статистика» – латынның статус (status) деген сөзі. Қазақшаға аударғанда заттың, нәрсенің, құбылыстың жай-күйі деген мағынаны білдіреді. Осы сөздің, негізінен, итальянның, «stato» -мемлекет, (statisto) – мемлекеттің жағдайын жетік білу деген сөзі шығады. Статистика – білім саласы, бұқаралық әлеуметтік-экономикалық құбылыстар мен үдерістердің сандық және сапалық көрсеткіштерін зерделейді. Қоғам өмірінің сандық жақтарында болатын құбылыстарды меңгеретін және көп жылдық тарихы бар ерекше ғылым немесе білім саласы. Оның шығу төркіні әр түрлі қоғамдық тұтынушыларға, мал санына, жер-су көлеміне, дүние-мүлік және басқа да есептерге байланысты. Статистика ғылымының даму процесі XVII ғасырдың аяқ кезінен Англиядан бастау алған. Оның ңегізін ағылшын ғалымдары Джон Граунт (1620-1674) пен Вильям Петтидің (1623-1687) «Саяси арифметика» атты еңбегі қалады. XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында статистика ғылымы қарыштап дами бастады. Қазақстан статистикалық қызметінің құрылғанына 94 жылдың жүзі толды, десек те, алғашқы қазақ хандығы құрылған 1459 жылдары Шу мен Талас өзендерінің бойындағы тұрғындар саны екі жүз мыңнан астам болып, ХV ғасырдың аяғына таман халық саны миллионға жеткені жөніндегі тарихи деректер бар.
Статистика дәстүрді, дінді есептеп бермегенімен, бұл күні қаржы немесе саяси ахуал жайлы сөз қозғасақ «Статистикаға сүйенсек» деп әңгіме бас­таймыз. Дәл қазіргі уақыт бойынша Қазақстандықтардың саны 18 358 158 болып отыр. Мұны да статистикалық мәліметтерге қарап айтып отырмыз.

Әзірлеген Бекжан Ержігіт.
07 қараша 2018 ж. 1 953 0