Coworking Заман талабына сай орталық
Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар көптеп саналады. Соның ішінде жастардың білімділік сауаттылығын арттыру – бірінші орында тұр. «Кітап – білім қазынасы» дейтін болсақ, бүгінде кітапқа құмарлық азайып кетті. Оған басты себеп – кітапханалардың заман ағымынан кенжелеп қалуы. Осы олқылықтың орнын толтырып, оқырманды кітапханаға қайта тарту мақсатында игі бастамалар қолға алынып жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы кітапханалық ресурстарды сандық жүйеге көшіруді талап етеді. Ауыл кітапханалары тек қызмет көрсету мекемесі емес, заман талабына сай ауылдағы зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Соның бірі ретінде еліміз бойынша коворкинг орталықтарының ашылуын тілге тиек етсек болады.
Қай саласында да серпіні бар Шиелі ауданының халқы да осы жаңалықтың куәсі болды. «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ә.Оразбекұлының қатысуымен «Көкшоқы» бастауыш партия ұйымы аудандық кітапханада «Coworking самғау орталығының» ашылу салтанаты болып өтті. Айта кету керек, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директорының орынбасары Б.Мырзахметова орталықтың ашылуына арнайы келіп, аудан жұртшылығын құттықтап, облыс көлемінде бұл орталық бірінші рет Шиелі ауданында ашылғандығын айтып өтті.
Негізінен, «Coworking» ағылшын сөзі. Оны қазақшаға аударғанда «бірлескен жұмыс» деген мағынаны береді. Қазір кітапханаларды жаңа форматқа көшіру маңызды. Бұл орталықта оқырмандарға жайлы жағдай жасалған. Мұнда келушілер кітап оқып, интернет желісіне қосылып, барлық ақпаратты ала отырып, өз жұмысын бітіре алады. Тіпті шахмат, дойбы ойнап, кофе ішіп, демала алады. Демек, бұл коммуникативтік алаң. Мәселен, бұл жерге достарыңызбен бірге келіп, уақытты қызықты әрі тиімді өткізе алуға толық мүмкіндік қарастырылған.
Дина ЖҮСІПОВА.