Рухани әлемде де озық болуымыз қажет
Елбасы Н.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қалың көпшіліктің көкейінде жүрген көп ойлардың үстінен дөп түсті. Бұл үлкен тарихи, маңызы зор, ел игілігіне арналған бағдарламаларға толы мақала болды. Соның ішінде «Туан жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» сынды жобаларды арқау ете отырып, «Туған жерге тағзым» атты мектептер мен мекемелерде түрлі рухани іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, киелі жерлер картасына біздің облысымыздағы бірнеше киелі, ірі тұлғалар жатқан жерлер де алынып жатыр. Оның ішінде осы Шиелі ауданы бойынша Мұстафа Шоқайдың туған жері Наршоқы ауылы мен «Оқшы Ата», – «Жеті әулие жатқан пантион» деп өзгертіліп, республикалық нысанға енді. Әлі де алдағы уақытта өзгертулер мен толықтырулар болады. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында бұдан өзге де бірқатар мәселелер айтылды. Еліміздің ана тілі, тарихы, ұлттық дәстүрі мен құндылықтары, ұлттың жадына қатысты айтылған салиқалы пікірлер көптен бері жұртты алаңдатып келген дүниелер болатын. Енді сол мәселелердің Елбасы сөзімен айтылғаны – ұлт үшін құнды жауһарларымыздың ресми түрде мемлекеттік деңгейде қорғалатынының белгісі іспеттес.
Елбасының көрегендігінің дәлелі – барлық жобаны осы рухани жаңғыру аясына сыйдыра білуі. Мысалы, «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» жобасы және білім жүйесіндегі жаңартулар барлығы да бір-бірімен сабақтасып жатыр. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу заман талабы десек, алпауыт 30 елдің қатарына ену алға қойған айқын мақсатымыз. Мемлекет басшысы рухани жаңғыруымыздың басты құндылығы ретінде бәсекеге қабілеттілікті ұсынады. Бүгінгі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелестік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Өйткені, әлемдік бәсекеге қабілеттілік ұлтымыздың экономикада ғана емес, рухани әлемде де озық болуын қажет етері сөзсіз.
Қаршыға Есімсейітова,
«Қызылорда» телеарнасының редакторы, «Туған жер» бағдарламасы бойынша облыста құрылған комиссия мүшесі.