ЖҮРЕК ЖЫРЫНЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ
Кеше Арман мәдениет үйінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Қатира Жәленованың 75 жас мерейтойына арналған «Жүрек жырының жұлдызы» атты кездесу кеші өтті.Тағылымды шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, мерейтой иесін құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде Қатира Жәленованың қазақ поэзиясына сыршыл лирикасымен, нәзік сезім мен терең ойға құрылған жырларымен өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын атап өтті.
-Қазақ халқы өнерді ұлттың рухани тірегі, мәдениетті елдіктің өзегі деп бағалаған. Осы жолда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, ұлттық әдебиетіміз бен туған жеріміздің рухани өміріне үлес қосып келе жатқан Қатира апамыздың мерейтойы – баршамыз үшін ортақ қуаныш. Сіздің шығармашылығыңыз бен өнегелі өмір жолыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі. Осындай аяулы тұлғаларымызды ардақтау – біздің ортақ парызымыз, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, аудан басшысы Айтбай Жандарбеков ақынға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен шығармашылық шабыт тілеп, иығына шапан жауып, мерейтойлық құттықтауын табыстады.
Қатира Жәленова 1951 жылы Шиелі ауданының Ақмая ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған соң, Қазақ радиосында редактор болып қызмет атқарып, қазақ руханиятының дамуына үлес қосты.
Ақынның 1978 жылы алғашқы өлеңдер жинағы жарық көріп, кейін «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Оның шығармаларына туған жерге деген сағыныш, адам жанының нәзік иірімдері мен өмірлік толғаныстар арқау болған.
Қатира Жәленова Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Республикалық «Жігер» шығармашылық фестивалінің лауреаты, Абайдың 150 жылдығына арналған ақындар мүшәйрасының жүлдегері. Сондай-ақ, «Айрықша қызметі үшін» медалімен марапатталған.
Кездесу кешінде ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Айман Айтбаева, Шиелі ауданының Құрметті азаматтары, аудан ардагерлері Жақсылық Әлиев пен Нұрмахан Елтай сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді. Шара барысында ақындар Қатира Жәленованың өлең шумақтарын оқып, аудан өнерпаздары әсем әндерін орындады. Руханият пен өнерді ұлықтаған кеш ақынның шығармашылығына деген құрметті арттырып, оның өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа танытуға арналды.







