Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САНМЕН ӨРІЛГЕН СЫРЛЫ ҒҰМЫР

САНМЕН ӨРІЛГЕН СЫРЛЫ ҒҰМЫР

Бүгінгі жаһандық ғылым көгінде Қазақстанның атын асқақтатып, Сыр елінің шоқтығын биікке көтеріп жүрген жандар аз емес. Алайда солардың ішінде есімі Оксфорд пен Киото қабырғаларында, Бонн мен Кембридждің аудиторияларында аса бір құрметпен, үлкен ілтипатпен аталатын біртуар азамат бар. Ол – әлемдік математика ғылымының қарашаңырағында өз қолтаңбасын ойып тұрып қалдырған біртуар ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Еңбек Ері – Асқар Жұмаділдаев.
Шиелі кентінде 1956 жылы 25 ақпанда дүниеге келген Асқардың тектілік жолы тереңнен тамыр тартады. Арғы атасы Шоң өз заманында өңірге сыйлы, сөзі өтімді. Сырдария өзенінің бойындағы Көтентоғай жерінде үлкен ордасы болған. Ел басқарған болыс кісі екен. Алайда, аласапыран заманның кесірі, қуғын-сүргін мен күштеп ұжымдастырудың қатыгез саясаты бұл әулетті де айналып өтпеді. Шоңның ұрпақтары жазықсыз репрессияға ұшырап, бар мал-мүлкі кәмескеленді.
Осы бір тарихи тауқыметтің салдарынан Асқардың атасы Жұмаділдә қарашаңырақ пен бала-шағасын аман алып қалу үшін Өзбекстан жеріне қашуға мәжбүр болды. Жат елде күн көру үшін табанынан тозып, түрлі қара жұмыстың ауыртпалығын көтерді. Тек заман түзеліп, Сталин дүниеден өткеннен кейін ғана атақты әулеттің ұрпақтары атамекені – Қызылорда топырағына қайта оралуға мүмкіндік алды. Дегенмен, тарихтың зілзаласы ізін қалдырмай қойған жоқ. Жұмаділдәнің Өзбекстанда дүниеге келген немерелерінің ғұмыры өте қысқа болып, шетіней берген екен. Туған жерге қайтып оралған соң дүниеге келген тұңғыш немере – осы Асқар еді. Қазақтың аталы салт-дәстүріне берік қария Жұмаділдә немересін өзі бауырына басып, адами тәлім мен өмірлік өнегесін беріп өсірді.
Бала Асқардың білімге деген құштарлығы ерте оянды. Ол 1962 жылы Шиелідегі №299 теміржол төртжылдық бастауыш мектебінен оқу жолын бастап, 1966-1969 жылдары №45 Октябрьдің 14 жылдығы атындағы қазақ орта мектебінде тәлім алды. Зерек баланың қабілетін ерте байқаған ұстаздар қауымы оның білім көкжиегін кеңейтуге жағдай жасады. 1970-1972 жылдары ол Алматыдағы Сәтпаев атындағы №56 физика-математика мектеп-интернатында оқуын жалғастырды. Бұл шаңырақ кейіннен арнайы физика-математика кластары негізінде жаңа ғимаратқа көшіп, Республикалық физика-математика мектебі болып қайта құрылған болатын. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ Асқар Серқұлұлы қалалық, республикалық және бүкілодақтық физика-математика олимпиадаларында топ жарып, талай мәрте жүлдегер атанды. Бұл оның үлкен ғылымға бастар жолындағы алғашқы алтын баспалдақтары еді.
Өмір жолын тұтастай ғылымға арнаған ғалымның еңбек жолы қажырлы ізденістерге толы. 1980-1990 жылдары Асқар Жұмаділдаев Математика және механика институтында кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып еңбек етті. 1990 жылдан бастап осы институттың алгебра лабораториясын басқарды. Оның негізгі ғылыми еңбектері Ли алгебраларының когомология теориясына арналды.
Ғалымның ғылыми жолы ұзақ жылдарға созылған үздіксіз ізденіспен өрілді. 1981 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының В.А.Стеклов атындағы Математика институтында физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. 1988 жылы Ленинград бөлімінде докторлық диссертациясын қорғады. «Оң характеристикалы Ли алгебраларының когомологиялары және оның қолданылулары» тақырыбындағы еңбегінің ғылыми жетекшісі белгілі математик Алексей Кострикин болды.
1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры атанды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2004 жылы академигі болып сайланды. Осы атақтар бір сәттік табыстың емес, ондаған жылдық зерттеу мен ғылымға адал қызметтің нәтижесі.
Асқар Жұмаділдаевтің ғылыми ізденісі Қазақстанмен шектеліп қалған жоқ. Әр жылдары ол әлемнің жетекші ғылыми орталықтары мен университеттерінде жұмыс істеп, дәріс оқып, пікір алмасып, зерттеу жүргізді. 1988 жылы 2 ай Гамбург университетінде болды. 1995-1996 жылдары Мюнхен университетінде он сегіз ай еңбек етті. 1997, 1998 және 1999 жылдары Бильфельд университетінде жалпы 4 ай жұмыс істеді. 1997 жылы Кембридждегі Ньютон институтында 4 айлық ғылыми сапармен болды. 1998, 2001, 2002 және 2003 жылдары Италияның Триест қаласындағы Теориялық физиканың халықаралық орталығында жалпы 9 ай зерттеу жүргізді. 1998-1999 жылдары Швециядағы Миттаг-Лефлер атындағы Математика институтында 9 ай болды. 1999 жылы Киото университетіне барып, 1 ай еңбек етті. 2000-2001, 2002 және 2003 жылдары Стокгольм университетіндегі ғылыми жұмыстарға қатысып, жалпы 6 айын сонда өткізді. 2000 жылы Оксфорд университетінде, 2001 жылы Торонтодағы Филдс институтында бір айдан жұмыс істеді. 2001, 2002, 2003 және 2005 жылдары Францияның Бюр-сюр-Иветт қаласындағы Жоғарғы ғылыми зерттеулер институтында 5 ай болды. 2002 жылы Венадағы Эрвин Шрёдингер атындағы Математикалық физика халықаралық институтында, 2005 жылы Бонндағы Макс-Планк атындағы Математика институтында зерттеу жүргізді. Бұл сапарлар өмірбаяндағы географиялық тізім ғана емес. Олар ғалымның еңбегі әлемдік ғылыми қауымдастықтың назарын аударғанының, оның ойы мен зерттеуіне халықаралық орталарда сұраныс болғанының айғағы.
Жүз жылдан астам уақыт бұрын норвегиялық математик Софус Ли екі векторлық өрістің композициясы заавал векторлық өріс бола бермейтінін, алайда олардың коммутаторы қайтадан векторлық өріс болатынын байқады. Осы қағида Ли алгебралары мен Ли топтары теориясының негізіне айналып, математика мен физиканың көптеген саласына ықпал етті.
Асқар Жұмаділдаев осы құрылымның көпөлшемді жағдайдағы жалғасын зерттеді. Оның келтірілген нәтижесіне сәйкес, егер (n)-өлшемді көпбейнедегі векторлық өрістер саны ((n+1)^2-3) болса, онда олардың кососимметриялық қосындысы қайтадан векторлық өріс болады. Софус Ли бастаған идеядан кейін шамамен 150 жыл өткенде ұсынылған бұл нәтиже Ли алгебраларының көпөлшемді нұсқалары геометрия мен физикада жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал екенін аңғартады. Мұндай зерттеулер дайын жауапты қайталау емес, бұрын байқалмаған құрылымның бар екенін дәлелдеп, жаңа сұрақтарға жол ашу.
Ғылыми жетекшісі Алексей Кострикин де осы зерттеу дәстүрінің маңызды өкілі болды. Ли алгебралары теориясындағы еңбектерімен танылған Кострикиннің жетекшілігімен Жұмаділдаев докторлық зерттеуін жүргізіп, оң характеристикалы Ли алгебраларының когомологиясы мен қолданылуын зерделеді. Ал Софус Лидің іргелі идеясы, Джейкобсонның дәлелдері мен Селигманның гипотезасы – Жұмаділдаев зерттеулерінің ғылыми кеңістігін қалыптастырған үлкен теориялық арналардың бір бөлігі. Осылайша, оның ғылыми жолы жеке дара еңбектің ғана емес, әр кезеңде күрделі математикалық мәселелерді көтеріп, оларға жауап іздеген ғалымдар сабақтастығының көрінісіне айналды. Бірі негіз қалады, бірі сұрақ қойды, енді бірі сол сұрақты дәлелмен шешіп, жаңа ізденістерге жол ашты.
Асқар Жұмаділдаевті тек зертхана мен ғылыми мінберден тану жеткіліксіз. Ол ел өміріндегі маңызды кезеңдерде қоғамдық жауапкершілікті мойнына алған қайраткер ретінде де танылды. 12-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және 13-шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қазақстан тәуелсіздігі туралы декларацияны, тәуелсіздік туралы заңды, тұңғыш Конституцияны және алғашқы мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қатысқан депутаттардың бірі саналады. Ғылымдағы жүйелі ой мен қоғамдық жұмыстағы байыпты көзқарас оның тұлғасында қатар өрілді.
«Болашақ» бағдарламасы туралы Президентке ұсыныс айтқаны, сондай-ақ Қазақстан Конституциясында Президент қазақ тілін жетік меңгеруі керек деген талапты алғашқылардың бірі болып енгізуді ұсынғаны да айтылады. Осы бастамалардың ар жағында елдің ертеңіне қатысты ой жатыр. Білімді жас ұрпақ тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, тәуелсіз мемлекеттің даму бағдарын белгілеу.
Шиеліден басталған жолдың әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына дейін жетуі бір адамның табысын ғана білдірмейді. Бұл туған жерден түлеген дарынның терең білім мен табандылық арқылы шекарадан асып, өз халқының атын таныта алатынын көрсететін тағылымды өнеге. Жұмаділдаевтің еңбегі қазақ ғылымының халықаралық кеңістікте өз үні, өз ойы, өз мектебі бар екенін танытты. Қоса кеткен жөн, өткен жылы Асқар Жұмаділдаев Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болып, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденімен марапатталды.
Санмен өрілген сырлы ғұмыр дегеніміз – тек формула мен теоремадан құралған өмір емес. Ол – атамекеннен жырақта тіршілік кешкен әулеттің үмітін арқалаған баланың, мектептегі есептерден әлемдік ғылымның күрделі мәселелеріне дейін жол салған зерттеушінің, тәуелсіз елдің қалыптасуына араласқан азаматтың ғұмыры.

Нұрболат СӘДУАҚАСҰЛЫ
29 қазан 2026 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№82 (9449)

29 қазан 2026 ж.

№81 (9448).

24 қазан 2026 ж.

№80 (9447)

20 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031