Шаруашылық шеңберін кеңейткен бастама
Өңірімізде су тапшы, күн ыстық, топырақ тұздануға бейім. Осындай жағдайда егіннен мол өнім алу оңай емес. Дегенмен жердің бабын білетін диқан тығырықтан шығар жол табады. Шиелі ауданындағы «Бала би» өндірістік кооперативі де осыны мақсат етіп, егіс алқабына жаңа дақылдарды еге бастады. Ендігі үміт – суды аз қажет ететін, қуаңшылыққа төзімді дақылдардың мүмкіндігін тиімді пайдалану.Пернебай Күзембай басқаратын шаруашылық 2004 жылы құрылған. Алғашында күріш өсіруге басымдық берілсе, бүгінде кооперативтің тыныс-тіршілігі кеңейіп келеді. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығы дамып, дақыл түрлері көбейіп, мал басы артуда. Мұнда 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алайда заман талабы өзгеріп келеді. Бұрынғыдай суды молынан пайдаланып егін егуге мүмкіндік әрдайым бола бермейді. Сондықтан шаруалар бір дақылға ғана иек артпай, басқа да тиімді бағыттарды қарастыруда. Өткен жылдан бастап кооперативте мақсары, құмай және жүгері өсіру қолға алынды. Шаруашылық басшысы Пернебай Күзембайдың назарын әсіресе құмай дақылы аударған. Оның басты артықшылығы – қуаңшылыққа және топырақтың тұздануына төзімділігі.
Биыл құмайға үш гектар жер бөлінген. Егіске дайындық өткен жылдың күзінде басталып, жер жыртылған. Тұқым маусым айында себіліпті. Ең қызығы, алқапқа су бір-ақ рет берілген. Одан кейін өсімдік жауын-шашынның есебінен өсіп-жетілген.
– Биыл құмайды үш гектар жерге ектік. Жұмысты алдын ала бастап, өткен жылдың күзінде жерді жыртып, дайындадық. Тұқымды маусым айында септік. Оған дейін жерді бір рет қана суардық, одан кейін өсімдік жауын-шашынның есебінен өсті. Жиналған өнімді жергілікті кәсіпкерлерге өткіздік, – дейді Пернебай Күзембай.
Құмайдың пайдасы мұнымен шектелмейді. Оның дәнін азық-түлік өндіруге пайдалануға болады. Ал сабағы мен жасыл массасы мал азығына жарамды. Одан пішен, пішендеме және сүрлем дайындауға мүмкіндік бар. Дәнінің құрамында крахмал, ақуыз бен май кездеседі. Құнарлылығы жағынан жүгері мен арпаға жақын. Демек, құмай егінші үшін де, мал өсіруші үшін де тиімді дақыл бола алады. Әсіресе мал азығын дайындауда оның мүмкіндігі мол. Құмай әзірге шағын алқапта өсіріліп жатса, мақсарының көлемі әлдеқайда үлкен. Биыл кооператив бұл дақылға 300 гектар жер бөлген. Шаруашылық басшысының айтуынша, әр гектардан 8-9 центнер өнім алынған.
Мақсарының да өзіндік артықшылығы бар. Оның дәнінен алынатын май тағамдық мақсатта қолданылады. Сонымен бірге майы бояу, лак, линолеум және сұйық сабын өндіруге пайдаланылады. Өсімдіктің кейбір бөліктері халықтық медицинада да қолданылып келеді. Осылайша, мақсары шаруашылыққа қосымша табыс әкелетін дақылдардың біріне айналып отыр. Ең бастысы, егін түрлерін көбейту арқылы шаруалар бір ғана дақылға тәуелді болмай, өндірістік тәуекелді азайтуға мүмкіндік алады.
Әрине, Шиелі десе, ең алдымен күріш еске түседі. Сондықтан жаңа дақылдарға бет бұру күріштен бас тарту деген сөз емес. Пернебай Күзембайдың мақсаты да – күріш шаруашылығын сақтай отырып, егіншіліктің басқа да тиімді бағыттарын дамыту. Алдағы уақытта кооператив жаңа дақылдардың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бастама суды үнемдеуге, мал азығын молайтуға және шаруашылықтың табыс көздерін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Бір қарағанда, үш гектар құмай мен 300 гектар мақсары үлкен өзгеріс болып көрінбеуі мүмкін. Алайда ауыл шаруашылығында әрбір жаңа тәжірибенің маңызы бар. Бүгін шағын алқапта сыналған дақыл ертең үлкен мүмкіндіктің бастауы болуы ықтимал. Табиғаттың мінезі құбылып, су тапшылығы сезілген заманда жердің жағдайына бейімделу – уақыт талабы. Ал «Бала би» кооперативінің ізденісі шаруаның жаңа жағдайға икемделіп, еңбегінің берекесін арттыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Ең бастысы – жер бос қалмасын, су ысырап болмасын, еңбек ақталсын. Шиелілік шаруалардың көздегені де осы.
М.Кеңесұлы







