Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Күріш пісті, қамбаға түсті

Күріш пісті, қамбаға түсті

Бейсенбі күні Шиелі жерінде Сырдың басты дақылы күрішке орақ түсті. Жергілікті шаруалар биыл орта есеппен әр гектардан 50-55 центнер өнім алмақ ниетте. Сөйтіп қамбаны толтырып, ырзық, несібені арттырмақ.
Күріштің алғашқы жиын-терімін «Алтын дән-Шиелі» шаруа қожалығы бастады. Егіс даласында өткен мерекелік шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов, мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудан ардагерлері, шаруа қожалық басшылары қатысты. Аудан әкімі Нұржан Ахатов диқандар қауымын алғашқы егін жинау жұмыстарының басталуымен құттықтап, күннің ыстық-суығында үздіксіз жер жыртып, егіс алқабына көзінің қарашығындай қарап, оны баптап тынбай еңбек еткен диқандардың еселі еңбегін айтып, шаруалардың жұмыстарына алғысын білдірді.
– Биыл ауданда барлығы 30,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Жылдың басында негізгі дақыл күріштің межесі 8500 гектар болатын. Облыс әкімінің қолдауымен 12000 гектар егу мүмкіндігі берілді. Дегенмен де шаруа қожалықтары вегетация кезеңінде судың тапшылығына байланысты қауіптің алдын алып, барлығы 10750 гектар жерге күріш орналастырды. Диқандардың тынымсыз еңбегінің арқасында күріштің әр гектарынан 50-55 центнерден өнім алынады деп күтілуде. Бүгінгі таңда жоңышқа шөбінен – 43 172, жаздық бидайдан – 410, көкөністен 30 225 және бақша дақылынан 45 000 тонна өнім жиналды, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімінен кейін Шиелі ауданының «Құрметті азаматтары», ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері Сұлтанбек Оразымбетов пен Киікбай Смайылұлы шаруаларға ақ батасын берді.
Айта кетейік, биыл диқандар суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану әдістерін қолға алды. Онымен қоса, әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыру жұмысы жасалды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде диқан қауымы егілген күріш алқаптарын судан қалдырмай, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді. Шаруашылық құрылымдары ішкі каналдар мен қашыртқы жүйесін тазартуға, су беру кезеңінде оны үнемді пайдалану мақсатында қашыртқыларға артық су жібермеуге барынша тырыс­ты. Үстіміздегі жылы аудан бойынша егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында ескі жоңышқа көлемі 6147 гектарға, жаңа жоңышқа 3400 гектарға, соя 150 гектарға, дәнді жүгері 110 гектарға, арпа 50 гектарға, жемдік жүгеріні 60 гектарға, мал жемдік асқабақ 137 гектарға, тары 280 гектарға, мақсары 1494 гектарға артып отыр.

Рамазан ӘНӘПИЯ
29 тамыз 2022 ж. 588 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930