ҚАЗАҚТЫҢ ҚАТИРАСЫ, АЛАШТЫҢ АЯУЛЫСЫ 75 ЖАСТА
Биыл ақын, Сырдан ұшқан қарлығаш Қатира Жәленова 75 жасқа толды. Осыған орай, ауданда «Алтын күз» мерекесі аясында «Жүрек жырының жұлдызы» атты салтанатты кездесу кеші өтті.Сыр бойындағы ақын қыздардың көшбасында тұрған Қатира Сыздыққызы – өзінің өміршең шығармаларымен Сыр елінің рухани-мәдени өміріне зор үлес қосып, туған жердің атын алысқа танытқан талант иесі. Ол 1951 жылы Ақмая ауылында дүниеге келген.
Қаламгердің көркем сөзбен кестеленген жырлары сан алуан тақырыпты қамтиды. Өмірі өлеңмен өрнектеліп, қуаныш-мұңын, жүректегі нәзік сезімін сол өлең жолдарына сыйғыза білген ақын поэзиясы белгілі бір дәуір не жас талғамайды. Оның «Аңсаған менің әнімсің», «Ақ гүлдер» атты жинақтарын қолға алсаңыз, Сырды сұлу сөзбен суреттеген саф, мөлдір, кіршіксіз таза сезімді аңғаруға болады. Сөз зергерінің бір топ өлеңдері «Разбег» атты ұжымдық басылымына шығып, орыс тілді оқырманның сүйікті жырларына айналып та үлгерген. Тәжік ақыны Г.Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне тәржімалап, «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тіліне аударылған. Облыс әкімінің екі мәрте стипендианты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанған.
Жыр алыбы Әбділда Тәжібаевтың қолдауымен қазақ әдебиетіне қадам басқан ақын қыздың жастық шағы Алматы қаласында, қазақ руханиятының қайнаған ортасы, әдебиет алыптарының арасында өтті. Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов сынды ұстаздардан тәлім алды. «Қазақстан» телерадио корпорациясында ширек ғасырға жуық еңбек еткен ол қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің ішінде өзіндік өрнекті қолтаңбасымен, табиғи талантымен танылды.
Әдеби мазмұны бай, әсерлі кеште қазақтың аяулы ақын қызын аудан әкімі Айтбай Жандарбеков мерейлі мерекесімен құттықтап, ілтипатын білдірді.
– Құрметті Қатира Сыздыққызы, өзімнің атымнан және ауданның жырсүйер жұртшылығы атынан бүгінгі мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің жырларыңыз сан алуан тақырыпты қамтиды. Өмірін өлеңмен өрнектеп, жүректегі қуаныш, мұңын, нәзік сезімін өлең жолдарына сыйғыза білген талантты ақын ретінде жыр сүйер қауым үшін орныңыз ерекше. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Біз сізді, шығармашылығыңызды әрқашан биік бағалаймыз, – деді аудан әкімі.
Мұнан соң, аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы дәстүрге сай иығына бешпент жауып, құрметін көрсетті. Сондай-ақ кездесу кешіне арнайы келген ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Айман Айтбаева, ауданның Құрметті азаматтары, ардагерлер Жақсылық Әлиев пен Нұрмахан Елтай ақын шығармашылығына талдау жасап, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Кеш барысында жергілікті ақындар Бекжан Ержігіт, Шыңғыс Құдайберген мерейтой иесіне арнау өлеңдерін оқып, ақын қаламынан туған қуатты жырлардың өнегелі де өміршеңдігін өлеңге арқау етті. Сонымен қатар мәдениет үйінің өнерпаздары ақын өлеңдерін оқып, ақынның сөзіне жазылған танымал әндерді орындады.
Шара соңында ақын Қатира Жәленова кездесу кешін ұйымдастырушыларға және қатысушыларға алғысын білдіріп, ризашылығын айтты.
Мейіржан ИБРАГИМ







