Еңбек даңқы жаңғырған, тұлға рухы ұлықталған мереке
«Алтын күз – 2026» мерекесінің алғашқы күнінде шиелілік ағайын Ыбырай Жақаев ауылында орналасқан даңғайыр диқанның кесенесіне барып, рухына тағзым етті.Мазмұнды шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, зиялы қауым өкілдері мен аудан ардагерлері арнайы қатысты. Аудандық орталық мешітінің бас имамды Рахат Серікбайұлы Ыбырай Жақаев атамыздың рухына Құран бағыштап, ақсақалдар дұға жасады.
Әрі қарай тағзым рәсімінен кейін аудан әкімі бастаған делегация 28 қазанда күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта берілген Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне барып, жаңартылған экспозицияларымен танысты.
Аталған музейдің тарихы 1978-1982 жылдар аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде қалыптасты. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы мен Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1982 жылғы 13 мамырдағы бұйрығы негізінде музей ресми түрде ашылды.
Ал 2019 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің қаулысына сәйкес, музей Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалы ретінде жұмыс істеп келеді. Музей қоры қазақтың даңқты күрішшісі Ыбырай Жақаевтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды деректермен қатар, оның ізбасарлары мен ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің өмірбаяндары, фотосуреттері, құжаттары, этнографиялық және зергерлік бұйымдары, тарихи жәдігерлерімен толықтырылған. Әрбір экспонатқа ғылыми сипаттама беріліп, тарихи маңызы айқындалған.
Бүгінде музей қорында 11 140 жәдігер сақтаулы. Олардың әрқайсысы өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының қалыптасуы мен дамуын, еңбек адамдарының өнегелі жолын айшықтайтын тарихи құндылық.
ҒЫЛЫМИ-ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Күн тәртібінде бекітілген іс-шара бойынша Иіркөл ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінде Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған «Ыбырай Жақаевтың еңбек мектебі: дәстүр, тағылым және сабақтастық» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Күн тәртібінде бекітілген іс-шара бойынша Иіркөл ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінде Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған «Ыбырай Жақаевтың еңбек мектебі: дәстүр, тағылым және сабақтастық» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Алдымен тағылымды шараның шымылдығы Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтайдың «Жұлдызы жарық Шиелі» атты кітабының тұсаукесерімен ашылды. Алматы қаласындағы «Аннұр сапа» баспасынан 300 данамен жарық көрген кітапта Шиелі өңірінің тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілігі, өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық даму жолы кеңінен қамтылған. Туған өлкенің өткені мен бүгінін сабақтастырған туынды – ауданның танымдық шежіресіне қосылған құнды еңбек.
Ғылыми-танымдық конференцияға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков модераторлық етті. Жиынға Қазақстанның Еңбек Ері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құрманбек Бакиров, «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы Сұлтанбек Оразымбетов, Ыбырай Жақаевтың ұлы Сейітбек Жақаев, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмірі мен еңбек жолының бүгінгі ұрпақ үшін маңызына тоқталды.
–Ыбырай атамыздың еңбек жолы – кейінгі диқан буынға бағыт-бағдар беретін үлкен мектеп. Оның жерді күтіп-баптау, суды тиімді пайдалану және еңбекті қадірлеу жөніндегі тәжірибесі бүгінгі ауыл шаруашылығы үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі конференцияның мақсаты – даңғайыр диқанның бай мұрасын зерделеп, еңбек дәстүрін дәріптеу және озық тәжірибесін келер ұрпаққа жеткізу, – деді аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы.
Сондай-ақ аудан басшысы өңірде ауыл шаруашылығын дамыту, суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Шиелі диқандарының бүгінгі жетістіктері Ыбырай Жақаев қалыптастырған еңбек мектебінің заңды жалғасы екенін тілге тиек етті.
Ерен еңбегі мен ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесі үшін Ыбырай Жақаевқа екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Оның есімі қазақ егіншілігінің тарихында алтын әріптермен жазылып, еселі еңбегі бірнеше буын диқанға үлгі болып келеді.
Конференция барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Бақыт Қалиұлы, аудандық әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Құттықыз Шайыхқызы, №149 Ә.Монтаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Түменбаева Ыбырай Жақаевтың өнегелі өмір жолына тоқталып, оның диқаншылық еңбектегі жаңашылдығы мен ұрпаққа қалдырған мол мұрасын сөз етті.
Сондай-ақ конференцияға арнайы қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтай еңбек ерлері туған қасиетті өңірдің бүгінгі келбетін де тоқталды.
– Шиелі – шырайы артқан, туристік әлеуеті зор мекен! Киелі мекеннің бүгінгі келбеті көз қуантып, көңілге қуаныш ұялатады. Кеше ауданның түнгі тіршілігіне куә болып, ажары айшықтала түскен мекеннің көркіне сүйсіндім. Қараңғылықты қақ жарып, айналаға нұрын шашқан көше шамдары, тақтайдай тегіс жолдар, тұрғындардың игілігі мен жайлылығы үшін жасалған қолайлы жағдайлар – мұның бәрі ауданның заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келе жатқанын аңғартады.
Шынын айту керек, бүгінгі Шиелінің келбеті қала мәдениетімен үндесіп, көркімен көз тартады. Мұнда тек сыртқы сұлулық қана емес, елге деген жанашырлықтың, туған жерге деген жауапкершіліктің, жүйелі еңбектің айқын ізі бар, – деді ол өз сөзінде.
Жиын барысында ғалымдар мен өлкетанушылар даңғайыр диқанның бай мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, оның еңбек тәжірибесін қазіргі аграрлық салада пайдалану және жас ұрпаққа насихаттау мәселелерін талқылады.
Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына арналған облыстық конференция тұлға есімін ұлықтап қана қоймай, оның еңбек мектебінің бүгінгі ауыл шаруашылығымен сабақтастығын айқындаған тағылымды басқосу болды.
САЯБАҚТАҒЫ ЖҮЗДЕСУ
Шиелі кентіндегі Ыбырай Жақаев саябағында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың 135 жылдығына орай «Жақаевшылар ізімен: Жаңа заман озаттары» атты аудан жастарының еңбек озаттарымен кездесуі өтті. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – Ыбырай Жақаевтың өнегелі еңбек жолын насихаттау, еңбек адамдарының абыройын асқақтату, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және жастарды адал еңбекке, табандылық пен кәсібилікке баулу.
Алдымен даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тұлға рухына тағзым жасалды. Жиынның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев сөз сөйлеп, еңбек адамдарының қоғамдағы орны мен жастарға үлгі болатын өнегелі істерінің маңыздылығына тоқталды.
Кездесуге арнайы шақырылған құрметті қонақтар Шиелі ауданының Құрметті азаматы, су саласының ардагері Әлияр Сейітов, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков, «Құрмет» орденінің иегері, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісінің иегері Дихан Әубәкіров жастармен еркін пікір алмасып, адал еңбек ғана адамды табысқа жеткізетіні жайында кеңірек әңгіме өрбітті.
Ел мерейін өсірген есімдер
«Алтын күз – 2026» мерекесі аясында қазақ ғылымының абыройын асқақтатқан көрнекті ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойы мен мемлекет және қоғам ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
«Алтын күз – 2026» мерекесі аясында қазақ ғылымының абыройын асқақтатқан көрнекті ғалым, Қазақстанның Еңбек Ері, профессор Асқар Жұмаділдаевтың 70 жас мерейтойы мен мемлекет және қоғам ісінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қоғам қайраткері Бибіжан Жәукебаеваның 80 жас мерейтойына арналған «Тұлғалар тағылымы: парасат пен пайым» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Бұл кеш – жай ғана мерейтойлық басқосу емес, елге еңбегі сіңген екі тұлғаның өмір жолына үңіліп, өнегесін ұлықтаған, ұрпақ санасына ізгілік пен ізденістің дәнін сепкен рухани жүздесу болды. Бірі – ғылымның биік шыңына таланты мен табандылығы арқылы көтеріліп, қазақтың зердесін әлемге танытқан ғалым болса, екіншісі – елдік мүдде жолында қажыр-қайратын жұмсап, қоғам өмірінде өзіндік із қалдырған қайраткер. Екі түрлі сала, екі бөлек тағдыр, бірақ тоғысар тұсы – туған елге адал қызмет ету, адамдық биіктікті сақтау, артынан өнеге қалдыру.
М.ИБРАГИМ
Фото: Б.БӘЙІМБЕТ
Фото: Б.БӘЙІМБЕТ






