Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВТЫҢ 135 ЖЫЛДЫҒЫ: ТАРИХИ МҰРАҒА ТАҒЗЫМ

ЫБЫРАЙ ЖАҚАЕВТЫҢ 135 ЖЫЛДЫҒЫ: ТАРИХИ МҰРАҒА ТАҒЗЫМ

Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұмаділдаев, зиялы қауым өкілдері мен аудан ардагерлері «Алтын күз – 2026» мерекесі және қазақтың даңқты күрішшісі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 135 жылдық мерейтойы аясында Ы. Жақаев ауылындағы мәдениет үйі жанында орналасқан даңғайыр диқанның кесенесіне барып, рухына тағзым етті.


Айта кетейік, өткен жылы кесене аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, тағзым орнының келбеті жаңартылған болатын.
Тағзым рәсімінен кейін аудан әкімі бастаған делегация 28 қазанда күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне қайта берілген Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне барып, жаңартылған экспозицияларымен танысты.

Аталған музейдің тарихы 1978–1982 жылдар аралығында облыстық тарихи-өлкетану музейінің Шиелі ауданындағы филиалы негізінде қалыптасты. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы мен Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1982 жылғы 13 мамырдағы бұйрығы негізінде музей ресми түрде ашылды.
Ал 2019 жылдың ақпан айынан бастап облыс әкімінің қаулысына сәйкес, музей Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі филиалы ретінде жұмыс істеп келеді.

Музей қоры қазақтың даңқты күрішшісі Ыбырай Жақаевтың өмірі мен еңбек жолына қатысты құнды деректермен қатар, оның ізбасарлары мен ауданнан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің өмірбаяндары, фотосуреттері, құжаттары, этнографиялық және зергерлік бұйымдары, тарихи жәдігерлерімен толықтырылған. Әрбір экспонатқа ғылыми сипаттама беріліп, тарихи маңызы айқындалған.

Бүгінде музей қорында 11 140 жәдігер сақтаулы. Олардың әрқайсысы-– өткен дәуірдің тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, Сыр өңіріндегі күріш шаруашылығының қалыптасуы мен дамуын, еңбек адамдарының өнегелі жолын айшықтайтын тарихи құндылық.
Жаңарған музей - Ыбырай Жақаевтың есімі мен еңбегін ұлықтап қана қоймай, өңірдің бай еңбек тарихын келер ұрпаққа жеткізетін тағылым ордасы. Даңғайыр диқанның өмір жолы мен еңбек мұрасы осылайша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, туған жер тарихының ажырамас бөлігі болып қала бермек.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі
30 қазан 2026 ж. 35 0