Тәуелсіздік бәрінен қымбат
Ыбырай Жақаев атындағы күріш өсіру тарихи музейінде, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында ақындармен кездесу өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет, Әтіркүл Шорабаева, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Кенжебай Жүсіп, айтыскер ақын Ержан Әмір қатысты.
Кездесу барысы алдымен азаттығымыздың отыз жылында «Біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа нені мұра етіп қалдырамыз?», бүгінгі жастар «Тәуелсіздіктің қалай келгенін және қадірін біле ме?» деген сынды сұрақтар аясында өрбіді. Осы уақытқа дейін тәуелсіздікке байланысты қазақтың ақындары қанша өлең, композиторлар қанша ән, жазушылар қанша кітап шығарды деген сұрақтармен жалғасты. Мұнымен қоса Кенжебай Жүсіп пен Ержан Әмір ән-жырларын арнап, өзара бір-бірімен айтысты. Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Ыбырай атамызға арнап өлең оқыды. Ы.Жақаев музейінің меңгерушісі Құттықыз Шайыққызы «Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойы қарсаңында диқанның ұлы Сейітбек Ыбырайұлына жаңа үй мен «Ыбырай түбегіндегі» обелисканы күрделі жөндеуден өткізу керек» деген ауыл ақсақалдарының өтінішін аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Әбілқасымұлына жеткізді.
Бақытжан Бәйімбет