Құтырма – қауіпті дерт, сақтық – өмір кепілі!
Шиелі ауданында 2026 жылғы 1–31 қазан аралығында құтырма ауруының алдын алуға бағытталған айлық өткізілуде. Осыған орай Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, қауіпті жұқпаның алдын алу бағытында қызу жұмыс істеуде.Құтырма – орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, жануарлардан адамға жұғатын аса қауіпті жұқпалы ауру. Оның ең қатерлі тұсы – аурудың клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін өлімге әкелу қаупінің өте жоғары болуы. Дегенмен дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, қажетті профилактикалық шараларды толық орындау арқылы аурудың алдын алуға болады.
Құтырма вирусы көбіне ауру жануардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің зақымданған теріге, шырышты қабықтарға түсуі арқылы жұғады. Ит пен мысықтан бөлек, жабайы жануарлар да инфекция көзі болуы мүмкін. Сондықтан жануарлармен қарым-қатынас кезінде сақтық шараларын ұмытпаған жөн.
Құтырманың алдын алу әрбір азаматтың жауапкершілігінен басталады. Мамандар тұрғындарға үй жануарларын уақытылы ветеринариялық тексеруден өткізіп, құтырмаға қарсы екпелерін салдырудың маңыздылығын ескертеді. Сонымен қатар қаңғыбас және белгісіз жануарларға жақындамау, балаларға жануарлармен қауіпсіз қарым-қатынас жасау ережелерін түсіндіру қажет.
Егер адамды жануар тістеп немесе тырнап алса, жарақат орнын дереу сабынмен және ағынды сумен кемінде 15 минут бойы мұқият жуу керек. Одан кейін уақыт жоғалтпай медициналық ұйымға жүгіну қажет. Дәрігердің тағайындауы бойынша құтырмаға қарсы профилактикалық екпелерді және қажет болған жағдайда басқа да профилактикалық емді уақытылы алу өте маңызды. Жануардың сыртқы көрінісіне қарап, оның ауру емес екеніне көз жеткізу мүмкін емес.
Қазіргі таңда Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы құтырма ауруының алдын алу мақсатында түсіндіру және ақпараттандыру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Тұрғындарға аурудың жұғу жолдары, алғашқы сақтық шаралары және жануар тістеген жағдайда медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы түсіндірілуде. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – халықтың санитариялық сауаттылығын арттыру, қауіпті инфекцияның алдын алу және адам денсаулығын қорғау.
Құтырма ауруына қарсы айлық аясындағы жұмыстардың нәтижелі болуы тек мамандарға ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне байланысты. Әрбір тұрғынның сақтық танытуы, үй жануарларын уақытылы вакцинациялау және қауіпті жағдай туындағанда дәрігерге дереу қаралуы – аурудың алдын алудағы маңызды қадамдар.
Денсаулықты сақтау – ортақ міндет. Құтырмадан қорғанудың ең тиімді жолы – сақтық таныту, алдын алу шараларын орындау және медициналық көмекке уақытылы жүгіну!
Шиелі аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау басқармасның бас маманы







