Ғасыр ғұмырдың шежіресі
Заманның талай өзгерісін көріп, бейнетті күндерді бастан өткеріп, ұрпақ өсіріп, әулеттің ақ жаулықты анасына айналу, тұтас дәуірдің куәсі болу – үлкен бақыт әрі мағыналы ғұмырдың белгісі. Осындай өнегелі өмір иелерінің бірі – ауданның ең қарт тұрғыны Райхан Серікбаева.Адам өмірі – уақыттың еншісіне жазылған шежіре. Ал сол шежіре жолында тұтас бір дәуірдің тынысын сезініп, қоғамның өзгерістеріне куә болып, маңдай терімен елге қызмет еткен жандардың ғұмыры айрықша құрметке лайық. Райхан Серікбаеваның өмір жолы да осындай тағылымға толы. 1927 жылы Сұлутөбе станциясы маңындағы Тасшоқы ауылында дүниеге келген ол талай кезеңнің куәсі болып, бейнет пен берекені қатар көрді. Балалық шағы өткен ғасырдың күрделі жылдарымен тұспа-тұс келсе де, өмірдің талай сынағына төтеп беріп, ұрпақ тәрбиелеп, өнегелі ғұмыр кешті.
Райхан әже 1935 жылы сегіз жасында мектеп табалдырығын аттады. Бұл ауылда мектеп жаңадан ашылған кезең еді. Білімге ұмтылған жас бүлдіршін сол мектепте жетінші сыныпқа дейін оқып, сауатын ашты. Ол заманда білім алу бүгінгідей оңай болмағаны белгілі. Соған қарамастан, мектеп көріп, оқуға талпынған ұрпақтың өмірге деген құштарлығы ерекше болды.
1942 жылы отбасы 17-разъезге қоныс аударған соң, Райхан апа колхоз жұмысына араласып, қара еңбекке жегілді. 1949 жылға дейін ел қатарлы еңбек етіп, қиындыққа мойымай, тіршіліктің жүгін көтерді. Бұл жылдар оның бойында төзімділік пен еңбекқорлықты қалыптастырған өмір мектебі болды. 1949 жылы осы ауылға тұрмысқа шығып, жаңа өмірге қадам басты. Отбасы құрып, шаңырақтың берекесін кіргізу, бала өсіріп, ұрпақ тәрбиелеу – ендігі өмірінің басты міндетіне айналды. Райхан әженің еңбек жолы да ауыл өмірімен біте қайнасты. Кейін №219 мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істеп, 1986 жылы зейнеткерлікке шықты.
Райхан әженің өміріндегі ең үлкен байлығы – ұрпағы. Ол төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол перзенттерінен тараған немере-шөберелер әулеттің тамырына нәр беріп, отбасының шаттығын еселей түсуде. Әженің 27 немересі мен 42 шөбересі бар.
Сегіз баланы өсіріп, қатарға қосу – өз алдына үлкен еңбек. Әр баланың қызығы мен қиындығын бірге көтеріп, олардың болашағына алаңдап, шаңырақтың берекесін сақтау үшін қаншама төзім мен мейірім қажет. Райхан әженің ұзақ ғұмыры осындай аналық міндеттің жауапкершілігімен өрілді.
Қазақ халқы «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Қарияның ғұмыры – кейінгі буын үшін тарих, өнеге және тағылым. Әженің әрбір естелігінде өткен күндердің ізі, әрбір әңгімесінде өмірден түйген сабақ бар.
Ұзақ жасаудың құпиясын әркім әрқалай түсіндіріп жатады. Ал шын мәнінде, адамның ұзақ ғұмыр кешуіне денсаулықпен қатар, жан тыныштығы мен өмірге деген көзқарасының да ықпалы бар. Таза көңіл, адалдық, кеңдік, сабыр мен мейірім – адамды рухани байытып, айналасына жылу сыйлайтын асыл қасиеттер. Көңілі кең, жүрегі таза жанның өмірге өкпесі аз, өзгеге тілегі түзу болады. Бәлкім, ұзақ ғұмырдың бір сыры да осындай қарапайым ізгілікте жатқан шығар.
Райхан әженің ғұмыр жолына үңілгенде де, осындай қасиеттердің қадірін тереңірек түсінесің. Өмірдің талай белесінен өтіп, еңбекпен есейіп, ұрпақ өсіріп, бүгінгі күнге жету – өз алдына үлкен тағдыр. Ал сол ғұмырдың ең қымбат жемісі – артында қалған ұрпақтың амандығы мен әулетінің берекесі. Өйткені адамның жасы жылдармен өлшенгенімен, өмірінің мәні жасаған жақсылығымен, сақтаған адамгершілігімен және ұрпағына қалдырған өнегесімен бағаланады.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ






