Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық жолы – ұлағатты ғұмыр

Ұстаздық жолы – ұлағатты ғұмыр

Ұстаз – ұлы есім. Оның берген білімі мен жүрек жылуы шәкіртінің өмір жолында мәңгілік із қалдырады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, талай шәкірттің алғашқы қадамына бағыт-бағдар берген аяулы жандардың бірі – білім саласының ардагері Райхан Садуақасова.
Райхан Ілиясқызы 1954 жылдың 29 сәуірінде Өзбекстан Республикасы, Ферғана облысы, Қоқан ауданында дүниеге келген. Отбасындағы жеті ағайындының үлкені болып өскен ол ­жастайынан жауапкершілік пен еңбекке бейім болып, білімге құштарлық танытты.
1960 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1970 жылы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектепті тәмамдайды. Ұстаздық мамандықты жүрек қалауымен таңдаған Райхан Ілиясқызы 1971 жылы Ташкент қаласындағы Сырдария облысы, Ғафур Гулям атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1975 жылы жоғары білім алып шығады.
Студенттік жылдарының өзінде ұстаздық қызметке араласқан ол Өзбекстандағы Варашеев ауданында жоғары сынып оқушыларына қазақ тілі пәнінен сабақ береді. Осылайша жас маманның ұстаздық жолы қалыптасып, тәжірибесі толыға түседі. 1976 жылы Райхан Сәдуақасова Шиелі ауданына келіп, өзі білім алған №47 М.В.Ломоносов атындағы мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын жалғастырады. Туған топыраққа оралып, білім нәрін өз шәкірттеріне үйрету – оның өміріндегі айтулы кезеңдердің бірі болды.
1987 жылы жаңа мектептің ашылуына байланысты №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке ауысып, бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарады. Бала жүрегіне жол таба білген білікті ұстаз шәкірттерінің алғашқы ұстазы ретінде олардың білім әлеміндегі алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар берді. 1987, 1988, 1992, 1996, 2000 және 2004 жылғы түлектер Райхан Ілиясызын өздерінің алғашқы ұстазы ретінде ерекше ықыласпен еске алады. Өйткені бастауыш сыныпта алған алғашқы білім, ұстаздан естіген өнегелі сөз, мейірім мен қамқорлық – адам жадында өмір бойы сақталатын құндылық.
Ұстаздық қызметте отыз жылдан астам уақыт бойы аянбай еңбек еткен Райхан Ілиясқызы еңбек жолын 2007 жылы аяқтап, құрметті еңбек демалысына шықты. Алайда ұстаздық жылдар артта қалғанымен, шәкірттерінің жетістігі мен ізгі тілегі ардагер ұстаз үшін әрдайым үлкен қуаныш болып қала береді.
Бүгінде Райхан Садуақасова – ардақты ана, аяулы әже. Алты баланы тәрбиелеп өсіріп, 29 немеренің сүйікті әжесі атанып отырған ол отбасының берекесі мен ұрпағының қуанышын көріп келеді.
Ұстаздық – жүрек қалауымен таңдалатын, үлкен жауапкершілікті талап ететін қасиетті жол. Кейіпкердің саналы ғұмыры – осы сөздің айқын дәлелі. Ол өз еңбегімен талай баланың жүрегіне білім шырағын жағып, шәкірттеріне тек білім беріп қана қоймай, адамдықтың асыл қасиеттерін бойына сіңіруге үлес қосты.
Ұстаз еңбегі ешқашан өлмейді. Себебі ұстаз еккен білім дәні шәкірт жүрегінде тамыр жайып, өмір бойы жеміс береді.

Гүлхан ЯХИЯ
05 қазан 2026 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№75 (9442)

03 қазан 2026 ж.

№74 (9441).

29 қыркүйек 2026 ж.

№73 (9440).

26 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031