Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерімен ғұмырын айшықтаған ұлағатты ұстаз

Өнерімен ғұмырын айшықтаған ұлағатты ұстаз

Адам өмірінің шынайы өлшемі – артында қалған ізі мен ел жадында сақталған өнегесі. Ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнап, еңбегімен ел құрметіне бөленген жандардың орны қашанда ерекше. Осындай қадірлі жанның бірі – ұлағатты ұстаз, білікті басшы, өнерлі жан Ұлтай Әуелбекқызы.
«Нағыз ұстаз өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішінімен де шәкіртіне әсер етеді» деген Мәлік Ғабдуллиннің сөзі Ұлтай апайдың болмысын айқын танытады. Ол саналы ғұмырында осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырып, шәкірт жүрегінен орын таба білді. Ұлтай Әуелбекқызы тек білім беруші ғана емес, тәрбиенің темірқазығы, адамгершіліктің айнасы, өнер мен парасатты қатар ұштастырған тұлға болды.
1951 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген Ұлтай Әуелбекқызы бала күнінен білімге құштар болып өсті. 1968 жылы мектеп бітіріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түседі. Жастайынан таңдаған ұстаздық жолына адал болған ол 43 жылдық еңбек жолында қарапайым мұғалімдіктен жауапты басшылық қызметтерге дейін көтеріліп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.
Ұлтай апайдың әр сабағы мазмұны терең, тәрбиелік мәні зор, әсерлі өнер ­туындысындай болатын. Ол шәкірттеріне тек білім үйретіп қана қоймай, адамгершілік пен парасаттылықтың мәнін ұғындырды. Сөз саптауы, ұстаздық әдебі, оқушымен қарым-қатынасы – кейінгі буынға үлгі боларлық қасиеттер еді. Сонымен қатар, ол өнерге де жақын болып, ұлттық руханияттың дамуына өзіндік үлесін қосты.
Әсіресе, тарихы терең №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде қалдырған қолтаңбасы ерекше. 1995-1999 жылдары мектепке басшылық еткен кезеңде тәуелсіз елдің білім жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен атқарды. Қазақ мектебінің толық қалыптасуына, білім мен тәрбие сапасының артуына аянбай еңбек етті. Іскер басшы ретінде ұжым мүшелерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, шығармашылықпен еңбек етуге бағыттай білді.
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздік қызметкері атанған Ұлтай Әуелбекқызының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапатқа ие болды. Бұл – ұстаздың өлшеусіз еңбегі мен ел алдындағы адал қызметінің айғағы.
Ұлтай апай тек білім саласында ғана емес, отбасында да өнегелі ана, ардақты әже. Бес баланы тәрбиелеп өсіріп, бүгінде 15 немере мен 2 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Оның мейірімі мен даналығы – отбасының да алтын діңгегі.
Биыл ұлағатты ұстаз Ұлтай Әуелбекқызы Сейілова 75 жасқа толып отыр. Бұл – тек бір әулеттің ғана емес, тұтас ұстаздар қауымы мен шәкірттерінің ортақ қуанышы. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздың есімі шәкірт жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.
Ұлтай Әуелбекқызының өмір жолы – өнеге мектебі, еңбегі – ұрпаққа мәңгілік мұра. Осындай асыл жандардың ғибратты ғұмыры кейінгі буынға әрдайым рухани шамшырақ болып қала бермек.

Айнұр Бекназарова,
штаттан тыс тілші
18 мамыр 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№36 (9403).

16 мамыр 2026 ж.

№35 (9402).

13 мамыр 2026 ж.

№34 (9401).

09 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031