Ұстаздық жолын ұлағатқа айналдырған
Кейбір жандардың ғұмыры – ұрпаққа өнеге болатын тағылымды жол. Бақтыгүл Оспанова – сондай жанның бірі. Ол саналы өмірін шәкірт тәрбиесіне арнап, қарапайымдылық пен парасаттылықты ту еткен ардақты ұстаз, мейірімді ана, ел құрметіне бөленген жан. Ал өмір жолы – табандылық пен адал еңбектің, білімге деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі.Бақтыгүл Ерманқызы – 1941 жылдың көктемінде, тіршілік атаулы жаңарып, жер беті жасыл желекке бөленетін шақта Сырдария ауданына қарасты (қазіргі Шиелі ауданы) «1 мамыр» ауылында дүниеге келді. Табиғаттың дәл осы мезгілі секілді оның болмысы да жаңашылдыққа, өсіп-өркендеуге ұмтылғандай еді. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келсе де, ол жоқшылыққа мойымай, білімге деген ынтасын ерте танытты.
Бала күнінен зерек, алғыр болып өскен Бақтыгүл апа білімге ерекше құштар болды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұстаз болуды армандады. Бұл арман оны 1958 жылы Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа жетеледі. Институт қабырғасында жүріп, тек білім алып қана қоймай, өз ісіне деген жауапкершілік пен ұстаздыққа тән сабырды бойына сіңірді. 1963 жылы оқуын үздік аяқтап, үлкен өмірге нық қадам басты.
Еңбек жолын Тереңөзек ауданының Қараөзек ауылында математика пәнінің мұғалімі ретінде бастаған жас ұстаз үшін бұл кезең үлкен мектеп болды. Ауыл балаларына күрделі ғылымды қарапайым тілмен түсіндіру, олардың білімге деген қызығушылығын ояту – оңай шаруа емес еді. Бірақ Бақтыгүл Ерманқызы әр шәкірттің жүрегіне жол таба білді. Сабақ үстінде қатал талап пен жылы мейірімді қатар ұстанатын ұстаз оқушылар үшін әрі тәрбиеші, әрі бағыт беруші тұлғаға айналды.
Оның іскерлігі мен қоғамдық белсенділігі ескерусіз қалмады. Қараөзек ауылдық кеңесіне депутат болып сайлануы – соның айғағы болатын. Бұл қызметте жүріп те ол елдің мұң-мұқтажына бейжай қарамай, ауылдың әлеуметтік мәселелеріне белсене араласты.
1965 жылдан бастап Шиелі кентіндегі №47 М.Ломоносов атындағы мектепте, ал 1976 жылдан зейнетке шыққанға дейін Қызылорда қаласындағы №140 мектепте ұстаздық етті. Бұл жылдар – оның шығармашылық тұрғыдан толысып, нағыз шебер ұстазға айналған кезеңі болды. Математика пәнін оқытуда ол тек формула мен есепке ғана мән бермей, логикалық ойлауды, дәлдік пен ұқыптылықты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді.
Бақтыгүл Ерманқызы әрдайым жинақы, байсалды, көзінен жылылық пен талап қатар көрінетін жан еді. Сөйлеген сөзі орнықты, артық әңгімеге әуес емес, бірақ әрбір айтқан ойы салмақты болатын. Әлі де солай. Оқушылары оны тек мұғалім ретінде емес, өмірлік бағыт көрсеткен жан ретінде құрметтейді.
Мектеп қабырғасында жүріп, партия ұйымының хатшысы қызметін де абыроймен атқарды. Ұжым ішінде әділдігімен, турашылдығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленді. Әріптестері үшін сенімді тірек, жастар үшін тәлімгер бола білді. Ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Кейін оған «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді.
Алайда Бақтыгүл Ерманқызының болмысын тек қызметтегі қырымен ғана шектеу аздық етеді. Ол – өнегелі ана, ұлағатты отбасының ұйытқысы.
Өмірлік серігі Сағынтай Есенов те саналы ғұмырын білім беру саласына арнады. Ол өз ісіне адалдықпен қарап, елдің рухани дамуына сүбелі үлес қосты. Замандастары Сейілбек Аманжолов, Рахым Мауияев сынды елге сыйлы азаматтармен иық тіресе еңбек етіп, бір дәуірдің биік мұраттарын бірге көтерді. Адал еңбегі мен ел игілігі жолындағы еселі қызметі елеусіз қалған жоқ. Аудан дамуына қосқан өлшеусіз үлесінің белгісі ретінде оның есімі Көкшоқы елді мекеніндегі көшеге беріліп, ұрпақ жадында мәңгілікке сақталды. Берекелі шаңырақта 7 бала тәрбиелеп өсіріп, олардың әрқайсысына білім мен тәрбиенің маңызын ұғындырды. Ата-аналық мейірімі мен ұстаздық қатаңдығын үйлестіре білген олар балалары үшін де, шәкірттері үшін де өмірлік үлгі болды. Осы еңбегі үшін Бақтыгүл Ерманқызының «Алтын алқа» иегері атануы – заңды құрмет.
Бақтыгүл Оспанованың өмір жолы – қарапайымдылық пен ұлылықтың үндестігі. Ол ешқашан даңқ қуған жоқ, бірақ еңбегі оны биікке көтерді. Осындай жандардың арқасында білімнің шамы сөнбей, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса береді.
Гүлхан ЯХИЯ








