Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге қызмет – ең биік құрмет

Елге қызмет – ең биік құрмет

Үлкенді сыйлау – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан, қанына сіңген ата салты және рухани негізі. Даналарымыз «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» немесе «Қарты бар елдің қазынасы бар» деу арқылы үлкен адамның қадір-қасиетін бағалап, сыйлап, құрмет көрсетуді насихаттаған. Мұндай игілікті істен Шиелі жұртшылығы да қалыс қалған емес. Алдыңғы буын өкілдерін төріне шығарып, ізеттілік танытуы – айқын дәлелі.
Сәрсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай мерейлі жасқа толған ел ағалары мен ардақты аналарды арнайы қабылдап, құрмет төріне шығарды.
Ол өз сөзінде ауданның бүгінгі жеткен жетістіктері еңбек ардагерлерінің өлшеусіз ерен бейнеті арқасында келгенін жеткізіп, олардың өмір жолдары жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
– Біз киелі Шиелі топырағында дүниеге келіп, елге қалтқысыз қызмет еткен аға буын өкілдерін ұлықтауды, олардың жүріп өткен жолын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуді дәстүрге айналдырдық. Үлкендеріміз ел іргесінің сөгілмеуін, өскелең ұрпақ жолының ашық болуын тілеп, тұтас қауымды бірлікке үндеп келеді. Ағаларымыз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Сіздердің парасат-пайымдарыңыз, тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз қазіргі жастар үшін құнды! Құрметті ел ағалары, мерейтойларыңыз құтты болсын!, – аудан әкімі.
Мазмұнды жиында саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған жандардың еңбегін бағалап, олардың өнегелі өмір жолын үлгі етті. Ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға Шиелі ауданының ең жоғары марапаты – «Құрмет» грамотасы табысталды.
Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласының ардагері, 85 жасқа толған Кентай Мадиевке, білім саласының ардагерлері – 85 жастағы Күлпаш Нұрмағамбетова мен 80 жастағы Ералы Ағыбайұлына, сондай-ақ 75 жастағы Ұлтай Әуелбекқызы мен мәдениет саласының ардагері, 70 жасқа толған Бағлан Ұзаққызына жоғары марапат табысталып, лайықты құрмет көрсетілді.
Жиын барысында аудан әкімі мерейтой иелерін құттықтап, олардың ел дамуына қосқан еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетіліп, ақжарма тілектер айтылды.
Марапат иелерінің атынан сөз алған Бағлан Ұзаққызы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп:
– Ел үшін атқарған еңбек еленіп, осындай құрметке бөлену – үлкен мәртебе. Біз үшін ең бастысы – кейінгі ұрпақтың амандығы мен елдің өркендеуі, – деді.
Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын айқындай түседі. Елге қызмет еткен жандарға көрсетілген құрмет – қоғамның рухани биіктігінің көрінісі.

Айнұр ИБРАШЕВА
04 мамыр 2026 ж. 42 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

№30 (9397).

25 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031