1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков ауданымыздағы ардақты қарияларға арнайы барып, құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті. Аудан басшысы ең әуелі 80 жастағы ардақты ақсақал Оразымбетов Сұлтанбектің шаңырағына барып, құрмет көрсетті. Сұлтанбек аға еңбек жолында ауданның партия, ауыл шаруашылығы саласында түрлі жауапты қызметтер атқарып, қай кезеңде де іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген. Тәуелсіздік алған жылдары ауыл шаруашылығын қайта құру, жекешелендіру саясатын жүргізу ісінде белсенділік танытып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде Шиелінің ауыл шаруашылығы, мәдениет, өнер саласындағы жетістіктерінде Сұлтанбек ақсақалдың қолтаңбасы бар. Келесі кезекте аудан әкімі 75 жастағы медицина саласының ардагері Нуралиев Қожахметті құттықтады. Қария Қожахмет 40 жыл бойы денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етіп, талай жанға шипа дарытқан, аудан тұрғындарының алғысына бөленген білікті маман.Сондай ақ, 95 жастағы Тұрсынкүл Асан апамызға да құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған ананың еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, “Еңбек даңқы” II дәрежелі орденімен және “Ерен еңбегі үшін” күміс медалімен марапатталған. Соңғы болып ғасырға жуық ғұмыр сүрген, 98 жастағы Райхан Серікбаева кейуанамызға сый-құрмет көрсетілді. Райхан ана еңбек жолын №219 мектептен бастап, ұстаздық қызметінде бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, елдің құрметіне бөленген. Аудан әкімі өз сөзінде:«Қария – қазына, ақсақал – елдің тірегі. Сіздердің еңбектеріңіз, бүгінгі өсіп-өркендеген ауданымыздың берік іргетасы. Біз әрдайым сіздерге құрмет көрсетіп, өнегелеріңізді жас ұрпаққа үлгі етеміз», – деп атап өтті.Қарияларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз аудан басшысының игі ықыласына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын бердіБұл игі дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының, үлкенге құрмет пен ізеттің айқын көрінісі.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі