Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРИЯЛАР – ҚОҒАМ ҚАЗЫНАСЫ

ҚАРИЯЛАР – ҚОҒАМ ҚАЗЫНАСЫ

Ауданда 8735 қария бар. Оның бірі – 99 жастағы Ұлы Отан соғысының соңғы сарбазы Сәрсенбек Байжанов. Ал 301-і – тыл ардагері, 154-і – Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер және 136-сы – жалғыз басты қарттар. Жыл сайын 1 қазан – Қарттар күнінде олардың ешбірі ескерусіз қалмай, құрметке бөленеді.
Ауданда бұл күні қарттарымыздың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі өңірдің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сай сый-құрмет көрсету дәстүрге айналған. Биыл да мерейлі мереке өз деңгейінде өтті.
Атаулы күн қарсаңында Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты жиын ұйымдастырылды. Қашанда үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі – қазақ халқының ата салты екені белгілі. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтады.
– Біз әрқашан «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Бұл мереке – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады. Бүгінде халықтың, оның ішінде зейнеткерлер мен мүгедектердің тұрмыс деңгейін көтеру – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі, – деді аудан басшысы.
Одан соң ауданның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар сала ардагерлерін арнайы номинациялармен, медальдармен марапаттады. Соғыс ардагері С.Байжановқа «Қазыналы қария» номинациясы табысталса, еңбек ардагерлері М.Сейтов – «Данагөй қария», Т.Таңбаев – «Байсалды қария», П.Архабаев – «Ақылгөй ақсақал», Ж.Баетұлы – «Сырбаз қария», С.Оразымбетов – «Қажырлы қария», Ө.Исмаил – «Сабырлы қария», А.Серікбаева – «Мейірімді әже», Қ.Тұрсынова – «Бауырмал әже» аталымдары бойынша марапатталды. Сондай-ақ, республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының атынан медицина саласының ардагері А.Абдрахманов пен теміржол саласының ардагері Б.Шәукебаеваға «Еңбек даңқы» медалі, жазушы, журналист Н.Елтайдың кеудесіне – «Құрметті азамат», байырғы теміржолшылар А.Есболғанова мен Н.Бисариеваларға «Ел құрметі» медальдары тағылды.
Мерекелік жиында аудан өнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, қазыналы қарттарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
03 қазан 2022 ж. 560 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930