Өндірістік мамандықтар – ел экономикасының тамыры
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыру, жұмысшы мамандықтардың маңызын насихаттау және еңбекке деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «Өндірістік мамандықтар – ел экономикасының тамыры» тақырыбында білім алушы студенттермен кездесу өтті.Кездесуге «Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Жібек Баймұратова, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов, колледж оқытушылары және білім алушы жастар қатысты.
Жиын барысында қазіргі қоғамдағы өндірістік және техникалық мамандықтардың орны мен маңызы кеңінен талқыланды. Бүгінде ел экономикасының тұрақты дамуы білікті, кәсіби мамандарға тікелей байланысты. Әсіресе өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, көлік және техникалық салаларда білікті кадрларға сұраныс артып келеді.
Кездесуде жастарға мамандық таңдауда еңбек нарығының талаптарын ескеру, кәсіби білімді сапалы меңгеру және таңдаған саласы бойынша біліктілікті үнемі арттырып отыру қажеттігі түсіндірілді. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім берудің еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлаудағы рөліне тоқталды.
«Әділет» партиясы Шиелі аудандық филиалының төрағасы Жібек Баймұратова өз сөзінде жастардың ел болашағындағы орнына тоқталып, қоғамға пайдалы маман болу үшін білім мен еңбекқорлықтың маңызы зор екенін атап өтті. Ол қазіргі таңда жұмысшы мамандықтарға деген сұраныстың жоғары екенін айтып, жастарды кәсіптік білім алуға, өз ісінің білікті маманы болуға және еңбекке жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Колледждің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов та студенттердің кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, колледжде білім алушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына, кәсіби дағдыларын қалыптастыруына және болашақ мамандығына қажетті құзыреттерді меңгеруіне жағдай жасалуда.
Кездесу барысында студенттерге өндірістік мамандықтардың артықшылықтары, кәсіби шеберлікті шыңдаудың жолдары және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болудың маңызы жөнінде пайдалы ақпараттар берілді. Білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кездесуге қатысушылармен пікір алмасты.
Жиын соңында жастарға кез келген мамандықты меңгеруде ізденіс, табандылық, жауапкершілік және еңбекқорлық басты қасиеттер екені айтылды. Себебі білікті маман – ел дамуының маңызды тірегі. Ал өндірістік мамандықтарды меңгерген кәсіби кадрлардың болуы экономиканың тұрақты дамуына және қоғамның әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қосады.
Осындай мазмұнды кездесулер жастардың мамандыққа деген көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың еңбекке деген қызығушылығын арттыруға, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға мүмкіндік береді.






