Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құттықтау

Құттықтау

Құрметті Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің ұжымы мен шәкірттері!
Баршаңызды Шиелі өңіріндегі іргелі оқу орнының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Айтулы мереке қасиетті мекен – Шиелі ауданының 90 жылдық мерейтойымен қатар тойланып отыр. Өз тарихында 18 мың түлекті қанаттандырған колледж кәсіптік білім берудің қарашаңырағына айналды.
Әлем тәжірибесі көрсеткендей, кез келген мемлекеттің экономикалық даму жетістігі сол елдің білім жүйесі мен азаматтарының білім дәрежесіне, біліктілігіне, кәсіби құзіреттілігіне байланысты. Өйткені, білім арқылы ғана қоғамның интеллектуалдық капиталы мен инновациялық әлеуеті қалыптасады. «Баршаға тегін кәсіптік білім» беретін арнаулы орта оқу орындарының да бағдарламалары жаңа сипатқа ие болып, қоғамға қажетті маңызды мамандық иелерін қалыптастыруда өзіндік бағыты айқындалды.
Осы мақсаттарды жүзеге асыруда Шиелі индустриалды- аграрлық колледжінің де қосар үлесі зор. Колледж кадрларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, халықаралық озат тәжірибені жинақтау арқылы түлектерінің білім сапасы мен мамандықтың қыр-сырын терең меңгеруіне ерекше маңыз береді.
Тарих қойнауынан сыр шертіп, бүгінгі кәсіптік білім беру саласында жаңаша жұмыс жасап, ауданның кәсіби әлеуетін арттыруда колледж ұжымы елеулі еңбек сіңіріп келеді. Жаңа дәуірге сай материалдық-техникалық базасын нығайтып, кәсіби маман дайындаудың озық үлгілерін тәжірибеге енгізген колледж түлектері қазіргі таңда еліміздегі жоғары оқу орындарында білімін жалғастырса, көпшілігі өндіріс орындарында абыройлы еңбек етуде.
2 мәрте Социалистік Еңбек Ері Ы.Жақаев, Социалистік Еңбек Ерлері З.Ержанова, Ұ.Алтайбаева, Ш.Қазанбаева, Ж.Таспамбетова, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясының корреспондент мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Бәкіров, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Әлмырза Ноғайбаев т.б. елге танымал тұлғалар білім алып, тәжірибесін шыңдаған колледждің келешегі кемел, болашағы жарқын.
Шиелі ауданының өсіп-өркендеуі мен өндіріс орындарының қалыпты жұмыс жасауына кәсіби шебер мамандар даярлау арқылы айрықша үлес қосып келе жатқан колледж ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, ұстаздарға толағай табыстар, шығармашылық ізденістер, шәкірттерге таудай талап тілеймін!

Құрметпен,
Әшім Оразбекұлы,
аудан әкімі.
20 қазан 2018 ж. 2 063 0