Адам капиталы – өркендеудің басты өлшемі
Ел дамуының әрбір кезеңі жаңа міндеттер мен тың бастамаларды талап етеді. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, білім мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру – мемлекет саясатының маңызды бағыттары. Осы маңызды міндеттерді халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында 4 қараша күні Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов Шиелі ауданына арнайы келді. Ол ауданның бірқатар мекеме ұжымдарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жарияланған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, сала мамандарымен өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
БІЛІМ МЕН ЭКОНОМИКА – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ТІРЕГІ
Алғашқы кездесу Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің ұжымымен өтті. Басқосуға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев және колледж қызметкерлері қатысты.
Басқосуда Жолдауда көтерілген ел дамуының басым бағыттары, білім беру саласындағы міндеттер, экономикалық жаңғыру және қоғам алдындағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Әсіресе, ел экономикасын жаңа деңгейге көтеру, кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және заманауи талаптарға бейімделу мәселесіне назар аударды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Абдуламитұлы өз сөзінде Жолдаудың стратегиялық маңызына тоқталып, жаңа тарихи кезеңде ел алдындағы міндеттерді түсіндірді. Ол ел дамуының негізгі тетігінің бірі – білімді, білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар қалыптастыру екенін атап өтті.
– Бүгінгі уақыт әр саладан жаңашылдықты, жауапкершілікті және нақты нәтижені талап етеді. Сондықтан білім беру жүйесі заман талабына сай дамып, жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға басымдық берілуі қажет. Өйткені білікті маман – ел экономикасының қозғаушы күші, – деді ол.
Жиында колледж ұжымы да өз пікірлерін білдіріп, білім беру саласын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдар төңірегінде пікір алмасып, Жолдауда белгіленген міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асырылу маңыздылығы талқыланды.
Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда. Жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні терең меңгерген ел дамиды. Мемлекетімізге мықты ғалымдар, кәсіби инженерлер, ұлағатты ұстаздар мен білікті дәрігерлер әрқашанда керек болады» – деген болатын.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ – БАСТЫ НАЗАРДА
Бұдан кейін жұмыс сапары аудандық көпбейінді ауруханада жалғасты. Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуге 70-ке жуық сала маманы қатысты. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев жауапты болды.
Бұдан кейін жұмыс сапары аудандық көпбейінді ауруханада жалғасты. Медицина қызметкерлерімен өткен кездесуге 70-ке жуық сала маманы қатысты. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Қуанышбаев жауапты болды.
Кездесуде денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыру, сала мамандарын қолдау және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған міндеттер кеңінен талқыланды.
Мұрат Әбенов денсаулық сақтау жүйесінің қоғам өміріндегі маңызын атап өтіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудің және саладағы өзекті мәселелерді жүйелі шешудің қажеттілігіне тоқталды.
– Халықтың денсаулығы – ел байлығы. Сондықтан медициналық қызметтің сапасын арттыру, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету және медицина мамандарын қолдау мәселелері әрдайым назарда болуы тиіс, – деді ол.
Өз кезегінде медицина қызметкерлері де саладағы өзекті мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Жолдауда көрсетілген денсаулық сақтау саласындағы оңды өзгерістерге тоқталды. Атап айтсақ өңірлерде 70-ке жуық медициналық нысан салу, 8 заманауи перинаталдық орталық ашу, 7 көпбейінді балалар ауруханасын салу, учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын 40%-ға дейін арттыру жұмыстарын сөз етті.
Шиеліде өткен кездесулердің негізгі өзегі – Жолдауда белгіленген міндеттерді кеңінен түсіндіру, сала мамандарының пікірін тыңдау және өзекті мәселелерді бірлесе талқылау болды. Білім беру мен денсаулық сақтау саласының өкілдерімен өткен жүздесуде айтылған ұсыныстар мен пікірлер әр бағыттағы жұмысты жетілдірудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Түйіндей айтқанда, Жолдау – елдің ертеңіне бағытталған стратегиялық бағдар. Ал ондағы міндеттерді жүзеге асыру бүгіннен басталатын табанды еңбек пен ортақ жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің өркендеуі де, елдің дамуы да нақты істер мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ





