Ел құрметіне бөленген есім
«Алтын күз – 2026» мерекесі аясында ауданда атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мал шаруашылығы шебері Нартай Көкеевтің туғанына 125 жыл толуына орай патриоттық ән орындаушылардың облыстық өнер фестивалі өтті. «Өңірін түлеткен, еңбегін жыр еткен – Шиелім!» атты тағылымды шара ер еңбегін бағалауға, туған жерге деген сүйіспеншілікті ән өнері арқылы дәріптеуге арналды.Өнер додасына Қызылорда қаласы мен облыс аудандарынан 17-35 жас аралығындағы мәдениет қызметкерлері қатысты. Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылып, барлығы жеті үміткер өзара бақ сынады.
Қатысушылардың өнерін «Қарлығаш» бөбекжайының музыка жетекшісі Гүлнара Досболова, Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Елдос Сейілов және Шиелі аудандық өнер үйінің «Ән салу» бөлімінің мұғалімі Меруерт Дүйсебай бағалады.
Өнер фестивалінің ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз Керделі ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Ыхановқа берілді. Ол шараның мазмұндық маңызына тоқталып, елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімін ұлықтау мен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңызын айшықтады. Салтанатты шараның шымылдығы Өркен Исмаилдың «Шиелім» әнімен ашылды. Туған жерге деген ыстық ықылас пен перзенттік махаббатты әуезді әуенге арқау еткен шығарманы Елдос Сейілов орындап, әншінің өнеріне «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі сүйемел болды. Әннің сырлы сазы көрермен көңілін тербеп, туған өлкенің қадір-қасиетін тағы бір мәрте сезіндірді. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің «Ана толғауы» күйі орындалды. Ұлттық өнердің терең тынысын танытқан күй фестивальдің рухани мазмұнын байытып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Байқау барысында қатысушылар патриоттық әндерді орындау арқылы өздерінің вокалдық шеберлігін, сахналық мәдениетін және шығармашылық ізденісін көрсетті. Әр орындаушының өнерінен туған жерге деген сүйіспеншілік, елге деген құрмет пен ұлттық рухты асқақтатуға деген ұмтылыс аңғарылды. Өнер додасының қорытындысында үздік өнер көрсеткен қатысушылар «Жезтаңдай», «Шабыт», «Көрермен көзайымы» сынды түрлі аталым бойынша марапатталды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







