Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерлік жолдағы дара із

Дәрігерлік жолдағы дара із

Адам ғұмырының мәні – артында қалған ізгі ісімен, ел игілігіне арнаған еңбегімен өлшенеді. Адам өмірі мен денсаулығын қорғауды кәсіби парызына айналдырған медицина қызметкерлерінің еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені ақ халатты маманның күнделікті қызметінде жауапкершілік те, төзім де, жүрек жылуы да қатар жүреді. Осындай абыройлы міндетті өмірлік ұстанымына айналдырып, ұзақ жылдар бойы халық денсаулығын сақтауға үлес қосқан жанның бірі – Захира Майгелдиева.
Кейіпкеріміз 1965 жылғы 18 қыркүйекте Ақмая ауылында дүниеге келген. Туған жердің тыныс-тіршілігімен біте қайнасып өскен ол жастайынан еңбекке бейім болып, болашақ мамандығын адамға қызмет етумен байланыстырды. Осы мақсатпен 1985-1987 жылдары Түркістан медициналық училищесінде білім алып, медицина саласының қыр-сырын меңгерді. Алған білімін ел игілігіне жұмсауды көздеген жас маманның еңбек жолы 1987 жылы Шиелі аудандық хирургия бөлімінде медбике қызметінен басталды.
Хирургия бөліміндегі жұмыс үлкен жауапкершілікті, кәсіби ұқыптылықты және сабырлылықты талап етеді. Науқастың жағдайын жіті бақылау, дәрігерлік нұсқауларды дәл орындау, сырқат жанға қамқорлық көрсету – мұның бәрі медицина қызметкерінің күнделікті міндеті. Захира Сейдахметқызы еңбек жолының алғашқы кезеңінен-ақ осы талаптарды берік ұстанып, таңдаған мамандығына адалдық танытты.
1989 жылғы 11 қарашада Саратов қаласындағы Орджоникидзе атындағы медициналық мекемеде медбике қызметін атқарып, кәсіби тәжірибесін жетілдірді. 1992 жылғы 4 қаңтардан бастап Шиелі аудандық гинекология бөлімінде еңбек етті. Әр салада жинаған тәжірибесі оның білімін толықтырып, кәсіби білігін шыңдады. Медицинада әр науқастың тағдырына жауапкершілікпен қарау, адамға мейіріммен үн қату, қиын сәтте қолдау көрсету аса маңызды. Мұндай қасиеттер күнделікті қызмет барысында қалыптасып, маманның адамдық болмысымен астасып жатады.
Қайда жүрсе де адам денсаулығын алдыңғы орынға қоятын Захира Сейдахметқызы 2006 жылдың 2 маусымынан бері Ақмая ауылындағы амбулаториялық емханада аяжан қызметін атқарып келеді. Туған жерінде халыққа медициналық көмек көрсетіп, ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауға атсалысу – оның өмірлік тәжірибесі мен кәсіби ұстанымын ұштастырған жауапты қызмет. Ауыл медицинасында маманның орны айрықша. Өйткені ауыл тұрғыны үшін медицина қызметкері сырқаттанған сәтте көмекке келетін маман ғана емес, денсаулықты күтуге бағыт-бағдар беретін, сенім артуға болатын жан.
Захира Сейдахметқызының еңбек жолына көз салғанда, оның мамандыққа деген беріктігі мен жылдар бойы жинаған тәжірибесі айқын аңғарылады. Медицинадағы еңбек сырт көзге күнделікті қайталанатын міндеттерден тұрғанымен, әр күннің өз жауапкершілігі, әр науқастың өз үміті бар. Кейде дер кезінде көрсетілген көмек, кейде көңілге демеу болған жылы сөз адамның бойына күш беріп, өмірге деген сенімін арттырады. Осындай сәттерде медицина қызметкерінің кәсіби шеберлігімен қатар, адамдық қасиеті де сынға түседі.
Ұзақ жылдық еңбектің өтеуі – елдің ықыласы мен әріптестердің құрметі. Жақында Захира Сейдахметқызын зейнет демалысына шығарып салуға арналған тағылымды іс-шара өтті. Басқосуға Ақмая ауылының ақсақалы Кенжетай Палмағанбетов, ауыл ақсақалдары төрағасы Сәду Пірімбет, туған-туыстары мен әріптестері қатысты. Жиында ақжарма тілектер айтылып, көп жылғы еңбегіне ризашылық білдірілді. Ақсақалдардың қатысуы мен баталы лебіздері ел ішінде еңбек адамына деген құрметтің әлі де биік екенін көрсетті. Туған-туыстары мен әріптестерінің ортасында өткен бұл кездесу Захира Сейдахметқызы үшін де, оны құрметтеуге жиналған жұрт үшін де мәні терең сәтке айналды. Өйткені зейнет демалысына шығарып салу – қызметтік кезеңнің аяқталғанын білдіретін рәсім әрі адамның қоғамға сіңірген еңбегіне берілген баға.
Зейнет демалысы – мағыналы ғұмырдың жаңа кезеңі. Ендігі уақытта көп жылғы еңбектің зейнетін көріп, отбасының ортасында шаттыққа бөленіп, жақындарының қуанышына ортақтасу – өмірдің келесі белесіндегі басты қуаныш. Захира Сейдахметқызына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық пен береке тілейміз.

Гүлнәр Дүйсебай
09 қараша 2026 ж. 19 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

№83 (9450)

03 қараша 2026 ж.

№82 (9449)

29 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30