Хирургияның хас шебері
Адам өмірінде алғыс айтып жүретін жандар аз емес. Бірі – бойына білім нәрін сепкен ұстазына, бірі – өмірге әкеліп, тәрбиелеген ата-анасына ризашылық білдірсе, енді бірі тағдырдың сындарлы сәтінде дер кезінде көмек қолын созған дәрігеріне қарыздар. Өйткені дәрігер мамандығы – адам тағдырымен астасқан, өмір мен өлімнің таразысына түсетін аса жауапты әрі қасиетті кәсіп. Осындай абыройлы жолды таңдаған, саналы ғұмырын адам денсаулығын қорғауға арнаған азаматтардың бірі – Шиелі көпбейінді орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер-хирург Бақытбек Жамантаев.Дәрігердің медицинадағы еңбек жолы – табандылықтың, білімге деген құштарлықтың және адамға деген шынайы жанашырлықтың жарқын көрінісі. Ол 1972 жылдың 17 мамырында дүниеге келген. Бала кезінен-ақ алғырлығы мен жауапкершілігімен ерекшеленген Бақытбек Мырзабекұлы болашақ мамандығын ерте таңдаған жастардың қатарында болды.
1987 жылы Шиелі кентіндегі №252 орта мектептің сегізінші сыныбын тәмамдап, Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түседі. Бұл оның үлкен медицина әлеміне жасаған алғашқы қадамы еді. Ақ халатқа деген арман мен адамға қызмет етуге деген құлшыныс жас талапкерді жаңа белестерге жетеледі. 1990 жылы медициналық училищені бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетіне оқуға қабылданды. Студенттік жылдары теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, үздік оқудың үлгісін көрсетті. Нәтижесінде 1996 жылы оқу орнын үздік дипломмен тәмамдап, дәрігер-хирург мамандығын иеленді. Жас маман туған жеріне оралып, еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында хирург ретінде бастады. Содан бері оның өмірі мыңдаған адамның денсаулығымен, талай тағдырдың үмітімен байланысып келеді. Хирург болу – тек білім мен тәжірибені ғана емес, батылдық пен сабырды, жүректегі мейірім мен асқан жауапкершілікті талап ететін мамандық. Өйткені операция үстелінде адамның тағдыры шешіледі.
Жылдар өте келе Бақытбек Мырзабекұлы тәжірибелі хирург қана емес, білікті ұйымдастырушы ретінде де танылды. Ол аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі бас дәрігер орынбасары қызметін атқарып, денсаулық сақтау саласындағы басқарушылық тәжірибесін шыңдады. Кейін «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» серіктестігінің «Демеу-Шиелі» филиалы медициналық-санитарлық бөлімінде дәрігер-хирург әрі бас дәрігер қызметтерін абыроймен атқарды. 2011 жылдан бері Шиелі аудандық ауруханасының хирургия бөлімін басқарып келеді. Осы кезең ішінде бөлім жұмысының сапасын арттыруға, заманауи медициналық әдістерді енгізуге және жас мамандарды тәрбиелеуге ерекше үлес қосты. Оның басшылығымен хирургия бөлімінің жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы арта түсті.
Бақытбек Мырзабекұлы үшін дәрігерлік қызмет – жай ғана кәсіп емес, өмірлік мұрат. Ол әр науқастың жағдайына бейжай қарамайды, әр адамның денсаулығын өз жауапкершілігіндей қабылдайды. Сондықтан да тұрғындардың оған деген сенімі жоғары. Оның кәсіби көмегінің арқасында денсаулығын қалпына келтіріп, жаңа өмірге қадам басқан жандар аз емес.
Бүгінгі медицина үздіксіз ізденісті талап етеді. Осы қағиданы берік ұстанған дәрігер республикалық және облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға тұрақты қатысып, хирургия саласындағы жаңа технологиялар мен емдеу тәсілдерін меңгеріп келеді. Оның басты мақсаты – аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.
Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Көп жылғы жемісті қызметі үшін Бақытбек Мырзабекұлы көптеген марапаттарға ие болды. 2015 жылы «Шиелі ауданының үздік дәрігері» атанса, 2018 жылы облыстық «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәжірибесі» байқауының жеңімпазы болды. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Әріптестері оны талапшыл басшы, тәжірибелі хирург әрі ақылшы аға ретінде бағалайды. Ал науқастар үшін ол – үміт сыйлайтын дәрігер, жанашыр жан. Оның қарапайымдылығы, адамгершілігі және кәсібіне деген адалдығы көпшілікке үлгі. Халық даналығында «Дәрігердің қолы алтын, жүрегі дарқан» деген сөз бар. Бұл тәмсілдің шынайы мәнін өз еңбегімен дәлелдеп жүрген жандардың бірі – Бақытбек Жамантаев. Ол талай адамның өміріне араша түсіп, талай отбасының қуанышына себепкер болды.
Қоғамның басты байлығы – адам денсаулығы. Ал сол байлықты сақтауға бар ғұмырын арнап келе жатқан дәрігердің еңбегі қашанда құрметке лайық. Ақ халатқа адалдықтың, кәсіби шеберліктің және адамға деген жанашырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген кейіпкеріміздің еңбек жолы кейінгі буын үшін тағылымды өнеге болып қала бермек.
М.Кеңесұлы





