Дәрігер-хирург: «Жылына шамамен 500 ота жасаймын»
Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысындағы білікті дәрігер Бақытбек Жамантаев жыл сайын төрт жүзге жуық ота жасайды. Жоғарғы санатты дәрігер-хирург жақында республикалық «Еңбек жолы» байқауында бағын сынап, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» бойынша лауреат атанды.
1972 жылы дүниеге келген Бақытбек Мырзабекұлы медицина саласында 22 жылдан бері қызмет етіп келеді. Атап айтсақ, Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу ісі мамандығы бойынша білім алғаннан кейін дәрігерлік еңбек жолын Шиелі аудандық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастайды. Әр жылдары аудандық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, «Қазатомөнеркәсіп-Демеу» ЖШС-нің «Демеу-Шиелі» филиалының медициналық-санитарлық бөліміне дәрігер-хирургы, медициналық-санитарлық бөлімнің бас дәрігері болып еңбек етті. 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін Шиелі аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
«Бізді адам жанының арашасы дейді. Соған лайықты болуымыз керек. Күн сайын таң атысымен барлық палатаны аралап, науқастардың жағдайын сұраймын. Ибн Сина айтқандай, науқас адамды ең алдымен дәрімен емес, жылы сөзбен емдеу керек. 22 жылдық тәжірибемде осыны терең түйсіндім. Еміңді жасап қана қоймай, жылылық танытсаң, науқас жадырап сала береді. Өзімнен кейінгі буынға да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету туралы айтып жүремін. Науқастың жағдайының жақсарғаны – біз үшін қуаныш. Осындай қуанышты сәтті талай бастан өткердік», - дейді Бақытбек Мырзабекұлы.
Бақытбек Мырзабекұлы білікті маман ретінде медицинаның ең үздік жетістіктері мен технологияларын игеріп, жұмыс барысында кеңінен пайдаланады. Ол республикалық, облыстық деңгейдегі хирургиялық диагностика және емдеу тәсілдеріне байланысты ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, баяндамалар оқыған. Білікті дәрігер Б.Жамантаев 2015 жылы Қызылорда облысындағы «Жылдың үздік дәрігері» номинациясының иегері. Әр жылдары аудандық, облыстық деңгейдегі алғыс хаттармен марапатталған. Ол өз саласының мықты маманы ретінде көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген азамат.
«Күн-түн демей, уақытпен санаспай жұмыс істеуге тура келеді. Бір күнде оннан астам ота жасаған кездерім болды. Мәселен, көпшілік аппендицитке ота жасау оңай деп ойлайды. Негізі, бұл оңай, әрі күрделі ота. Біреуі он бес минутта бітсе, енді біреуі екі-үш сағатқа созылады. Жылына Шиелі ауданында 700-800 ота болса, соның 400-500-і менің үлесімде. 2014 жылдан бері лапароскопиялық аппаратты қолданып жүрмін. Травматологиялық болсын, өт болсын, басқа да күрделі оталарды жасаймын», - дейді Бақытбек Жамантаев.Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әмір Нұрланның айтуынша, хирург маман өте сақ, асқан епті, шыдамды, ең бастысы, білімі мен біліктілігі жоғары болуы тиіс.
«Бұл талаптар Бақытбек Мырзабекұлының бойынан табылады. Өте тәжірибелі. Жастарға ақыл-кеңесін айтып отырады. Адамгершілігіне де ризамыз. Қарапайым әрі көңілі кең жігіт», - дейді ол.Ақ халатты абзал жан бес қыздың әкесі. Кенжесі Ұлбосын әке жолын қуғысы келеді.
«Өскенде әкем секілді дәрігер болуды армандаймын. Әкем адамдарды емдеп, батасын алып жүр. Мен де халыққа жақсылық жасағым келеді», - дейді Ұлбосын.
Baq.kz