Еңбегімен биіктеген азамат
Республика күні – елдігімізді айшықтап, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдейтін, Отан алдындағы жауапкершілігімізді терең сезіндіретін қастерлі мереке. Осындай ұлық мейрам қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ел дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Солардың қатарында Сыр өңірінің тумасы, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбековтің «Парасат» орденімен наградталуы – жерлестері үшін айрықша қуаныш, ауыл шаруашылығы саласындағы табанды еңбектің лайықты бағалануы.«Парасат» ордені – елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өркендеуіне, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға берілетін жоғары мемлекеттік наградалардың бірі. Оның Дәулет Егембергенұлына бұйыруы – жылдар бойғы адал қызметтің, іскерлік пен азаматтық ұстанымның, туған жердің игілігі жолындағы қажырлы еңбектің мемлекет деңгейінде мойындалуы десек те болады.
Ауыл шаруашылығы – төзім мен тәжірибені, білім мен білікті қатар талап ететін сала. Мұнда әрбір шешімнің артында маусымдық науқанның нәтижесі, диқанның несібесі, ел дастарқанының берекесі тұрады. Мұны жастайынан түсінген Дәулет Егембергенұлы кәсіби білімін жетілдіруге де мән берді. 1993-1996 жылдары Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумында агроном мамандығын меңгеріп, жер өңдеу мен егін өсірудің қыр-сырын тереңірек игерді. Кейін автогрейдер меңгерушісі, жеке кәсіпкер, «Нұралы» шаруа қожалығының төрағасы қызметтерін атқарды. Жинаған тәжірибесі мен іскерлік қабілеті оны шаруашылық басқарудың жауапты белесіне алып келді.
Ол 2015 жылғы 21 ақпаннан бастап «Ақмая» шаруа қожалығына жетекшілік етіп келеді. Күріш – өңірдің ғана емес, тұтас қазақ даласындағы диқаншылық дәстүрдің символына айналған дақыл. Оны өсіру үшін жердің мінезін тану, судың бабын табу, ауа райының құбылысын ескеру және әр кезеңде уақытпен санаспай еңбек ету қажет. Шаруашылықта күрішпен қоса бидай мен жоңышқа егіліп, ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге көңіл бөлінеді.
Шаруашылықты басқарумен қатар қоғамдық іске де белсене араласқан Дәулет Жұмбеков VI және VII шақырылымдарда Шиелі аудандық мәслихатының депутаты болды. Кейін VIII шақырылымдағы Қызылорда облыстық мәслихатының құрамында еңбек етті. Өндіріс пен ауыл тіршілігінің ішкі мәселелерін жақсы білетін азамат үшін қоғамдық қызмет – халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өңірдің өзекті мәселелеріне назар аударудың тағы бір мүмкіндігіне айналды. Елге қызмет етудің өлшемі әрқилы болғанымен, оның түпкі мәні ортақ. Яғни өз ісіңді адал атқару, айналаңа пайда келтіру, қоғам алдындағы міндетіңді сезіну. Дәулет Жұмбековтің еңбек жолынан осы қасиеттердің өзара сабақтастығын аңғаруға болады. Республика күні қарсаңында «Парасат» орденінің табысталуы – осы жолдың маңызды белесі.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі







