Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен өрілген өнеге ескірмейді

Еңбекпен өрілген өнеге ескірмейді

Білім беру саласына тұтас қырық жыл ғұмырын арнап, талай шәкірттің жүрегіне білім шырағын жаққан, өзі қызмет еткен мектептің дамуына сүбелі үлес қосқан Күлпатима Тәжібаева үшін ұстаздық қызмет – өмірлік мұратына айналды. Жақында Бидайкөл ауылындағы №148 орта мектебінде ардақты ұстаздың зейнет демалысына шығуына орай «Ұлағатты ұстаз – ұлы тұлға» атты тағылымды кеш өтті.

Ұстаздықпен өрілген ғұмыр
Күлпатима Бұхарбайқызы 1965 жылы Ортақшыл ауылында дүниеге келген. Білімге құштар жас 1972 жылы №150 «Ортақшыл» орта мектебінің табалдырығын аттап, мектепті үздік оқушылардың қатарында аяқтайды. Арман жетелеген талапты түлек 1982 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, 1986 жылы ­бастауыш сынып мұғалімі мамандығын алып шығады. Еңбек жолын сол жылдың қазан айында Бидайкөл ауылындағы №148 қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Содан бері тапжылмастан білім ордасымен біте қайнасып, саналы ғұмырының қырық жылын ұрпақ тәрбиесіне арнады.
Ұстаздық қызметті жауапкершілікпен атқарып, білім мен тәрбиені қатар ұстанған Күлпатима Бұхарбайқызы 2000 жылдан бастап мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 22 жыл бойы оқу-тәрбие үдерісінің ұйымдастырылуына, білім сапасының артуына және педагогикалық ұжымның үйлесімді жұмысына атсалысты. Бұл қызметтің жүгі жеңіл емес. Бір жағында – оқушының білімі мен болашағы, екінші жағында – мұғалімдердің еңбегі мен оқу үдерісінің сапасы. Осындай жауапты міндетті атқару үшін терең біліммен қатар, табандылық, талапшылдық, ұйымдастырушылық қабілет пен адамгершілік қасиеттер қажет. Күлпатима Тәжібаева осы қасиеттерді бойына жинақтап, әріптестерінің құрметіне бөленді. Мектептегі түрлі іс-шараға белсене араласып, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылды. Еңбегі еленіп, бірнеше мәрте республикалық, облыстық және аудандық марапатқа ие болды.

Білім мен тәрбиені қатар ұстанған
Ұстаздың еңбегі күнделікті сабақ берумен ғана өлшенбейді. Оның жетістігі – шәкіртінің бойына біліммен бірге ізгілік дәнін себуі, әріптестеріне үлгі болуы, өзі еңбек еткен білім ордасының өркендеуіне үлес қосуы. Күлпатима Бұхарбайқызының ұзақ жылғы еңбек жолы осы жауапкершілікті терең сезінген ұстаздың өмірімен сабақтас. Бастауыш сынып мұғалімі ретінде балалардың алғашқы білім баспалдағына бағыт берсе, оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметінде мектептің оқу үдерісін ұйымдастыруға күш салды. Осылайша, ұстаздық тәжірибесі мен басқарушылық қабілетін қатар ұштастыра білді. Қазірде де ол қоғамдық жұмыстармен біте қайнасып келеді. Мектептің әдеп кеңесінің төрайымы, бірнеше жылдан бері сайлау комиссиясының төрайымы, Бидайкөл ауылы қауымдастығының комиссия мүшесі ретінде қоғамдық өмірге белсене араласады.
Ардақты ұстаздың зейнет демалысына шығуына арналған салтанатты шараға әріптестері, ауыл азаматтары, шәкірттері, замандастары мен туыстары жиналды. Кеш барысында Күлпатима Бұхарбайқызының білім беру саласына сіңірген еңбегі мен адамдық болмысы кеңінен айтылып, ақжарма тілектер арналды.
Салтанатты жиында мектеп директоры Айжан Каракеева, аудандық білім бөлімінің әдіскері Аида Ташкенбаева және ауыл әкімі Серік Жүсіпов құттықтау сөз сөйледі. Мектеп басшысы ұжым атынан ардагер ұстазға алғысын білдіріп, көп жылғы еңбегіне ризашылығын жеткізді. Ұстаздың мектеп өміріндегі орнына тоқталып, алдағы өміріне амандық пен отбасына береке тіледі.
Ал ауыл әкімі аудан басшысы ­Айтбай Жандарбековтің құттықтау хатын табыстады. Сондай-ақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Аида Ташкенбаева бөлім басшысы Дәурен Ақпанбетов пен білім саласы кәсіподағының төрайымы Гүлбану Тәжбенованың ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізді.
Кештің көркін оқушылар мен мұғалімдердің өнері аша түсті. Әннен шашу шашылып, жырдан тарту жасалды. Ұстаздың замандастары, ардагер әріптестері, шәкірттері мен туыстары естеліктерімен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Отбасының берекесі – өмірінің бақыты
Күлпатима Бұхарбайқызының өміріндегі ең үлкен байлықтың бірі – отбасы. Бүгінде ол өмірлік жолдасы Жұмаділда ағамызбен бес қыз тәрбиелеп өсіріп, сегіз немеренің сүйікті ата-әжесіне айналып отыр. Ұстаздық міндет пен отбасылық жауапкершілікті қатар алып жүрген жан үшін ұрпағының амандығы мен қызығын көруден артық бақыт жоқ.
Зейнет демалысына шығу – ұзақ жылғы еңбектің қорытындыланатын кезеңі болғанымен, өмірлік тәжірибе мен өнегенің тоқтайтын тұсы емес. Қырық жыл бойы мектептің тыныс-тіршілігімен бірге жасап, сан буын шәкірттің білім алуына үлес қосқан Күлпатима Бұхарбайқызы үшін бұл – жаңа өмір белесінің бастауы.
Ұстаздың еңбек жолы аяқталды десек те берген білімі мен қалдырған өнегесі шәкірттерінің жүрегінде мәңгі жалғаса бермек.

Гүлхан ЯХИЯ,
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ
27 қазан 2026 ж. 41 0