Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық жолы – ұлтқа қызмет

Ұстаздық жолы – ұлтқа қызмет

Адам ғұмырының шынайы бағасы оның артында қалдырған ізімен өлшенеді. Ал ұстаздың ізі – шәкірт жүрегінде, елдің ертеңінде, ұлттың рухани болмысында сақталады. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім мен парасаттың шамшырағына айналған ардақты ұстаздардың бірі – Ұлтай Сейілова.
Ұлтай Әуелбекқызы 1951 жылдың 24 мамырында қасиетті Сыр бойындағы Шиелі жерінде дүниеге келді. Балалық шағынан білімге құштар болып өскен ол 1968 жылы Н.Бекежанов атындағы орта мектепті тәмамдап, сол жылы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауы – ана тіліне деген сүйіспеншілігінің, ұлт руханиятына деген құрметінің айқын көрінісі еді.
Ұстаздық жолын ол тым ерте бастады. Еңбекке деген жауапкершілік пен балаларға деген мейірім оны 1968 жылы-ақ №156 Н.Бекежанов атындағы мектепке пионер вожатый қызметіне алып келді. Сол кездің өзінде жас маманның бойынан ұйымдастырушылық қабілет пен ұрпақ тәрбиесіне деген ерекше жанашырлық байқалатын.
Кейінгі жылдары ұстаздық жолы жалғасып, ол №47 М.В.Ломоносов атындағы мектепте, одан соң №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиеледі. Ұлтай Әуелбекқызы үшін мұғалімдік жай мамандық емес, жүрек қалауы, өмірлік мұрат болатын. Оның әр сабағы – тәрбиенің тағылымына, білімнің биігіне бастайтын өнеге мектебі еді.
Ұстаздың еңбегі тек сынып бөлмесімен шектеліп қалмады. 1994–1995 жылдары №48 Қоңыратбаев атындағы мектептің, ал 1995–1999 жылдары №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейдің директоры қызметін атқарып, білім ордаларының дамуына елеулі үлес қосты. Басшылық қызметте жүрсе де, шәкірт пен ұстаз арасындағы алтын көпірді үзген емес. Ұжымға талап пен тәртіпті қатар ұстанып, білім сапасын арттыру жолында аянбай еңбек етті.
1999 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек етіп, талай шәкірттің жүрегіне ана тіліне деген құрмет пен әдебиетке деген сүйіспеншілікті ұялата білді. Жалпы 43 жылдық педагогикалық еңбек өтілі – бір адамның ғана ғұмыры емес, бірнеше буынның тағдырына сәуле түсірген үлкен мектеп.
«Ұстаз – ұлы есім» деген сөз осындай жандарға арналса керек. Ұлтай Әуелбекқызының өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың, адамгершіліктің үлгісі. Ол тек шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, өнегелі отбасының алтын діңгегіне айналды. Бүгінде 5 перзенттен өрбіген 15 немере мен 2 шөберенің ардақты әжесі ретінде ұрпағының қызығына бөленіп отыр.
Елге сіңірген ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол – ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасының иегері. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстаған «Ерен еңбегі үшін» медалі мен Алғыс хаттың иесі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ұсынған Ы.Алтынсарин атындағы медаль мен Алғыс хат та – ұстаз еңбегіне берілген жоғары баға.
Қазіргі таңда аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы ретінде қоғам өміріне белсене араласып, кейінгі буынға ақыл-парасатын арнап келеді. Саналы ғұмырын ел болашағына арнаған Ұлтай Әуелбекқызының өнегелі өмірі – кейінгі ұрпақ үшін тағылым мектебі. Ұстаздың жарығы ешқашан сөнбейді. Себебі ол жаққан білім шырағы шәкірт жүрегінде мәңгілік жанып тұрады.


Дәуренбек Насибеков
Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі басшысы
22 мамыр 2026 ж. 53 0