Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ БАҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ

БІЛІМ БАҒЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Мектеп – адам баласының біліммен алғаш танысып, өмірдің үлкен жолына аяқ басатын қасиетті мекені болса, ұстаз – сол жолда жол сілтеп, жүрекке шырақ жағатын шынайы рухани шамшырақ. Осындай шамшырақтай өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың бірі – Гүлкашима Сағындықова.
Ол 1964 жылы 8 наурызда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданының қасиетті топырағында дүниеге келді. Тумысынан зерек, алғыр, білімге құштар жан 1970 жылы мектеп табалдырығын аттады. Үшінші сыныпта оқып жүргенде-ақ пионер қатарына қабылданып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан оқушы 1978 жылы озат үлгерімімен көзге түсіп, ВЛКСМ қатарына мүшелікке өтті. Бұл – оның болашақтағы белсенді де, жауапты тұлға ретінде қалыптасуына жол ашқан алғашқы қадамдар еді. 1981 жылы он жылдық мектепті үздік бағамен тәмамдап, үлкен арманның жетегінде Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түседі. Білім мен ғылымға құштарлық оны бұл жолда да биікке жетелейді. 1985 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтап, аудандағы №149 «Қызыл ту» орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Міне, сол кезден бастап, өзінің бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолы басталды. Мамандығына деген сүйіспеншілігі мен оқушыларына деген мейірімі оны үздік ұстаздар қатарынан көрсетті. Ұстаздық еткен жылдарында талай шәкіртті біліммен қаруландырып, сансыз жетістіктерге қол жеткізді. Оқушылары аудандық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып, әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп отырды. Шәкірт жетістігі – ұстаз еңбегінің өлшемі десек, бұл тұрғыда Гүлкашима Сағындықованың еңбегі ерен. Оның әдістемелік ізденістері мен шығармашылық еңбектері де жоғары деңгейде бағаланып отырды. Біршама ғылыми-танымдық материалдары республикалық басылымдар мен жинақтарда жарық көрді. «Асқар алған асулар» жобасы «Мәңгілік елдің ұлы мұраты» атты республикалық ғылыми жинаққа енсе, бірнеше сабағы «Ізденіс жолы» журналына жарияланды. Сонымен қатар «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз – 2014» атты республикалық жинақта есімі ерекше аталды. 2016 жылы көрнекті ғалым, академик А.Жұмаділдаевтың 60 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, өз мақаласын республикалық жинаққа енгізді. Бұл оның тек ұстаз ғана емес, ғылыми-шығармашылық ізденісті қатар алып жүрген жан екенінің дәлелі. Ұстаздықпен қатар сынып жетекшілікті де абыроймен атқарған Гүлкашима Мұханбетәліқызы 1972, 1982, 1992, 2004, 2007 жылдары мектеп бітіруші түлектердің сынып жетекшісі болды. Әр жыл сайынғы түлектері өмірдің түрлі саласында биік белестерге жетіп, ұстаз еңбегінің жемісін айқын көрсетті. Аудандық сынып жетекшілер сайысында «Үздік сынып жетекші» номинациясына ие болса, 2012 жылы «Үздік математика пәні мұғалімі» атағын жеңіп алып, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Білім саласындағы үздіксіз еңбегі мен табандылығы нәтижесінде аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымдарының, білім басқармаларының Құрмет грамоталарына ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге оқушыларды дайындау барысында да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. 2021-2022 оқу жылында шәкірттері 4 «Алтын белгі иегері атанса, 2023-2024 оқу жылында тағы 3 оқушы «Алтын белгімен» мектепті аяқтады. Бұл – тек шәкірттің емес, ұстаздың да үлкен жеңісі. Қырық жылдық қажырлы еңбегін абыроймен аяқтаған Гүлкашима Мұханбетәліқызы биыл сәуір айында зейнет жасына шықты. Алайда ұстаздық рух – зейнетпен тоқтамайды. Ол – мәңгілік алау. Бүгінде өзі сүйген мамандығының шыңына жетіп, өмірлік серігімен берекелі отбасы құрып, 5 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, 21 немеренің қызығына бөленіп отырған ардақты ана. Көпбалалы ана ретінде «Күміс алқа» иегері атануы – оның отбасы мен қоғам алдындағы зор еңбегінің айғағы. Гүлкашима Сағындықова бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен, білімнің шамын жағушы нағыз ұстаз. Оның өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге, ұстаз болам деген жастарға үлгі. Ұлағатты ұстаздың жүріп өткен жолы – ұстаздықтың қасиетті де биік шыңын дәлелдейтін өміршең естелік.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
27 сәуір 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9297)

28 сәуір 2025 ж.

№29 (9296)

22 сәуір 2025 ж.

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930