ЖОЛДЫҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢГІ КЕЛБЕТІ
Қазіргі таңда кез келген өңірдің өсіп-өркендеуі, экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік тұрмысы ең алдымен инфрақұрылымның, оның ішінде сапалы жолдардың дамуымен өлшенеді. «Жол – мұрат, жол – береке» деп бекер айтылмаса керек-ті. Өйткені тегіс асфальт, заманауи жарықтандыру жүйелері мен қауіпсіздік талаптарына сай бағыттар – аймақтың өркениетке бет алғанының айқын көрінісі. Осы орайда ауданда қарқын алған ауқымды жол жөндеу жұмыстары мен түбегейлі жаңғыртулар қалың жұртшылықтың назарын аударып отыр.Шиелі өңірі – ежелден Ұлы Жібек жолының тармақтары өтіп, сан алуан керуендер аялдаған қасиетті мекен. Сырдария аңғары мен Қаратаудың етегін жалғаған бұл өңірде көлік қатынасы әрқашан стратегиалық маңызға ие. Кеңес дәуірі кезеңінде де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да кентішілік көшелердің қалыптасуы белгілі бір кезеңдермен өлшенді. Бүгінгі таңда аты аталып отырған Яссауи, Бәкіров және Есабыз, Байтұрсынов көшесі арқылы кенттегі канал көпіріне дейінгі аумақ – Шиелінің жүрегі секілді. Осы көшелердің атауларының өзі тарихпен астасып жатыр. Қазақтың ұлы ойшылы Қожа Ахмет Яссауидің, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілген күре жолдар бүгінде тек географиялық атау емес, рухани сабақтастықтың символы. Осы бағыттарды қайта жаңғырту жобасының жалпы құны 1 520 314,0 мың теңгені құрап, жалпы ұзындығы 4,04 шақырымды қамтуы – өңір тарихындағы інжу-маржан жобалардың біріне айналып отыр.
Жақында осы маңызды мәселелерге қатысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжоловтың қатысуымен арнайы брифинг өтті. Әрбір бастаманың артында жүйелі жоспар мен қатаң есеп тұратыны анық. Брифингтің басты мақсаты да тұрғындарға жол жөндеу жұмыстарының барысы мен мерзімі туралы толық мәлімет беріп, Бәкіров көшесіндегі көлік қозғалысы уақытша жабылуына байланысты туындайтын сауалдарға тұщымды жауап беру еді.
Кез келген журналистік зерттеу «неге?» және «қалай?» деген сұрақтарға жауап іздеуден басталады. Қолданыстағы нормативтік ережелерге сәйкес, бұл деңгейдегі күрделі жол жөндеу жұмыстарын аяқтауға 6 ай мерзім заңды түрде қарастырылған болатын. Алайда, мұндағы басты мақсат пен басшылықтың батыл қадамы неде? Брифинг барысында бөлім басшысы Ғабит Аманжолов атап өткендей, жергілікті билік пен мердігерлер стандартты 6 айлық мерзімді 3 айға қысқартуды межелеп отыр. Неліктен? Себебі көне кенттің тыныс-тіршілігін тыйып тастамау, халықтың уақытша қолайсыздықтан қажымауын қамтамасыз ету – басты әлеуметтік фактор.
Бәкіров көшесін жаңғыртудың техникалық көрсеткіштері де көз сүйсінтерлік. Жол санаты 2 жолақты қозғалыс. Жалпы ұзындығы – 1,821 км, ал ені – 7 метрді құрайды. Бордюрлер – 6135 метр. Түнгі жарық шамдары – 64 дана болса, жол белгілері – 104 дана.
Тарих пен болашақтың ұштасуын жуырда ғана қолданысқа берілген Яссауи көшесінен де анық көруге болады. Бұрынғы тар соқпақтар мен ескірген жолдардың орнына бүгін төрт жолақты, ені 15 метрді құрайтын заманауи магистраль салынды. Оның техникалық көрсеткіштері (1,843 км ұзындық, 124 түнгі жарық шамы, 118 жол белгісі) Шиелінің архитектуралық келбетін түбегейлі өзгертті. Бұл – жылдар бойы қалыптасқан көлік тығыздығын сейілтіп қана қоймай, кенттің экономикалық артериясына жан бітірген шешім болды.
Әрине, кез келген түбегейлі өзгеріс пен жаңғыру белгілі бір кедергісіз жүрмейді. Бәкіров көшесінің уақытша жабылуы, жүргізушілердің айналма жолдарды іздеуі – бәрі де уақытша сын. Брифингте Ғабит Сейілбекұлы айтқандай:
– Уақытша қолайсыздық – келешекке қолайлылық. Жол жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы – басты міндет.
Иә, Шиелінің тарихи көшелері жаңа асфальт жабынымен, заманауи жарықтандыру жүйесімен қайта түлеп келеді. Өткеннің шежіресін сақтай отырып, болашаққа қадам басқан бұл жол жөндеу науқаны – аймақтың өркениетті даму жолына түскенінің тағы бір айғағы. Уақытша шаң мен шу басылып, тегіс жол салынғанда, осы жасалған еңбектің қадірі тек бүгін емес, болашақ ұрпақ алдында да бағаланатыны анық.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ,
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ
суретті түсірген Б.БӘЙІМБЕТ







