Төрт жолақты жол – ел игілігіне
Халқымызда «Жол қадірін жүрген білер» – деген әдемі сөз бар. Шынында үнемі жол үстінде жүретін жолаушылар мен жүргізушілердің пайымынша сапалы жол – жүргізушіні де, көлікті де шаршатпайды. Ең алдымен көлік құралының техникалық жағдайының жақсы, ұзақ жүруіне әсер ететін бірден-бір фактор. Сондықтан жолдың үлкен болсын, кіші болсын – жөндеу жұмыстары барынша сапалы болғаны дұрыс.Сәрсенбі күні аудан тұрғындары тағы бір сәтті аяқталған жолдың салтанатты ел игілігіне табыстау рәсіміне куә болды. Ауданның басты күре жолдарының бірі саналатын Қожа Ахмет Яссауи көшесі қайта жаңғыртудан өтіп, кентте алғаш рет төрт жолақты жол қолданысқа берілді. Ұзындығы 1,843 км қашықтықты құрайтын төрт жолақты жолдың ені 15 метр болып кеңейтілген. Көше бойына 124 дана түнгі жарық шамы, 118 дана жол белгісі, 6 автобус аялдамасы, жаңартылған жаяу жүргіншілер жолы сапалы әрі халыққа қолайлы етіп салынғаны назарға ерекше түсті.
Жолды тапсыру салтанатына аудан басшысы Айтбай Жандарбеков, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сұлтанбек Оразымбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, «Парасат» орденінің иегері Оразалы Байділда, «Облыстық автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Самат Қарымсақов, жол жөндеу жұмыстарын жүргізген «УАД» ЖШС мамандары, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, аудан жастары қатысты.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, жол инфрақұрылымын дамыту – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды бағытының бірі екенін атап өтті.
– Шиелі – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тоғыз жолдың торабындағы, тарихы терең, берекесі мен бірлігі жарасқан қасиетті мекен. Бүгінде ауданымыз өндірісі өркендеген, кәсіпкерлігі дамыған, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқан өңірге айналуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде республикалық маңызы бар күре жолдардан бастап, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына дейін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жобалар қолға алынды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев облыс әкімі қызметін атқарған кезеңде аймағымыздың жол саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, жолдардың сапасын жақсартуға басымдық берілді. Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың қолдауымен автомобиль жолдарының сапасын жақсарту бағытындағы игі бастамалар ауданда да өз жалғасын табуда.
2025–2026 жылдары аудан көлемінде жалпы ұзындығы 34 шақырым автомобиль жолына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,4 млрд теңге қаржы қарастырылды.
Бұл – тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетуге, ауылдар мен аудан орталығы арасындағы байланысты жақсартуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инвестиция.
Бүгінгі салтанатты шарада ауданның инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір игілікті істің куәсі болып отырмыз. Жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын жоба аясында Қожа Ахмет Ясауи, Шаймерден Бәкіров және Есабыз көшелері, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов көшесінен Шиелі кентіндегі су арнасы көпіріне дейінгі автомобиль жолдары қайта жаңғыртудан өткізілуде.
Осы жұмыстарды сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асыруға атсалысқан «УАД» ұжымына аудан тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Жаңа жол құтты болсын!, – деді аудан әкімі.
Тапсырысты сапалы орындау – мердігерге абырой. Ашылу рәсімінде аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы сапалы жол құрылыс жұмыстарын жүргізген «УАД» ЖШС мамандарына арнайы Алғыс хаттар табыс етті.
Салтанатты шарада ауданның зиялы қауым өкілдері сөз алып, Сұлтанбек Орызымбетов ақ батасын берді. Сонан соң тұрғындар жаңа жолдың лента қию рәсіміне қатысып, ұйымдастырылған автошеруді тамашалады. Аудан халқы да кентке көрік берген көшенің ашылғанына алғыстарын жаудырып, ризашылықтарын білдірді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








