ҰМЫТЫЛМАЙТЫН АҒА
Кеше ғана ортамызда жүрген Жамалхан ағамыздың дүниеден озғанына да жыл толып қалыпты. Ж.Баетұлы 80 жасқа келгенде «Жаны жайсаң Жамалхан» деп мақала жазып, ағамызды бір қуантып едім, енді еске алу, жоқтау ұмыта алмау болып отырғаны қандай өкінішті. Жылдық асына қарсы үндемей қалу – інілікке жатпайтындай көрінді.Жамалхан ағаның «Еңбекші» савхозының директоры екенін сырттай біліп жүрсем де, 1987 жылы мен осы ауылға учаскелік милиция инспекторы болып тағайындалып, қызмет бөлмесінде арнайы танысып едік. Содан бері мен ағалап, ол кісі інілеп жақсы қарым-қатынаста болдық. Биялай апай екеуінің мөлдір махаббаттарының да куәсі болып, талай күрең шайынан дәм таттық. Тәрбиелі, өнегелі шаңырақты көріп, сүйсініп жүретінбіз. Бірде Жәмекең ағамызбен Жаңақорған шипажайында бірге демалдық. Қаңтар айы болатын. Демалушылар онша көп емес. Сонда Жамалхан аға белсенділік танытып, «тым-тырыс жатамыз ба, жүр Өркен, Бексұлтан Байкенжеевтің баласы Әбсұлтанның баянын сұрап әкелейік, сөйтіп көпшілікке ән айтқызып, би билетейік» деп сазгер Бексұлтанның баян аспабын демалыс біткенше бөлмеде ұстап, маған баян тартқызып қойғаны әлі есімде.
Осындай ұйымдастырушылық қабілетін танытқан Жамекең мекеме басшысының да, демалушы халықтың да құрметіне бөленіп, кеткенше санаторийді басқарғаны бар. Ақкөңіл, жайдары, жаны жайсаң күліп жүріп жұрттың көңілін аулайтын, жарасымды тірлігімен ұнай қалатын, елгезек ағамыз сол күйі көз алдымызда.
Жамалхан Баетұлы 1943 жылы, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қыраш ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1959 жылы орта мектепті бітірген соң Бірлік қаракөл-қой кеңшарында қатардағы жұмысшы ретінде еңбек жолын бастап, 1961 жылы Алматы мал-дәрігерлік институтына оқуға түсіп, 1967 жылы үздік бітіріп, 1967-1969 жылдары әскери борышын өтеп келеді. Жас маман Сунақата кеңшарында мал дәрігері болып шаруашылық жұмысына араласып кетеді. 1971 жылы Шиелі ауданына келіп, Қарғалы қаракөл-қой совхозына жолданып,мамандығы бойынша жұмысын жалғастырады. 1977 жылы орда бұзар отызында Жамалхан Баетов Еңбекші қаракөл-қой совхозына бас мал дәрігері болып тағайындалады. 1981 жылы аталмыш шаруашылықтың тізгіні Ж.Баетұлына сеніп тапсырылады. Осы қызметінде 10 жыл абыройлы еңбек атқарады.
1988 жылы Республикалық «Ауыл шаруашылығы» көрмесінің жеңімпазы болып, жеңіл автокөлік сыйға алады. Сондай-ақ ол халық депутаттары Шиелі аудандық кеңесіне 2 рет депутат болып сайланды. Басшылық 1991 жылы Ж.Баетұлын аудандық шаруалар одағы және шаруалар қожалығы ассоциациясының төрағасына тағайындап, 1997 жылы оны аудандық экология комитетінің төрағалығына көтереді. Осы қызметті 9 жыл жоғарғы деңгейде абыроймен атқарып, 2006 жылы құрметті зейнеткерлікке шығады.
Ардагер Ж.Баетұлы зейнетте жүріп, аудан басшыларының ұйғаруымен Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы кәсіподақ бірлестігінің төрағасы қоғамдық қызметке сайланады. Осы қызметімен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде белсенділік танытып, елдің ынтымағы мен бірлігіне лайықты үлес қосады. Жамалхан Баетұлы 2013 жылы «Шиелі ауданының Құрметті азаматы» атағын алады.
Қажырлы еңбегі үшін Республикалық кәсіподақ комитетінің І-ші, ІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарымен, экология саласына 30 жыл, ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медальдарымен, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Ең бастысы Жамалхан Баетұлы ағамыз үлкен отбасының, шуақты шаңырақтың отағасы болатын. Аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, рахметін айтып отырушы еді. Ешкімді жамандамайтын, ешкімге ренжімейтін. Ардагерлерді, замандастарын, құрдастарын аузынан тастамайтын ақжарқын аға тұғын. Жұбайы Биялай апай екеуі үш ұл, төрт қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған елге үлгілі отбасы. Ұл-қыздары түрлі салада абыройлы еңбек етіп, қоғамға адал қызмет жасап келе жатыр. Жамалхан аға дүниеден озғанша «мен Шиелілікпін» деп кетті. «Шынымен солай» деп күліп алайын.
Ұмытылмайтын ағамыздың жатқан жер жайлы, топырағы торқа болсын. Жаны жәннаттың төрінде шалқысын деймін.
Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы







