ҚОЛЫНАН ҚАЛАМЫ, ИЫҒЫНАН БАЯНЫ ТҮСПЕГЕН журналист, сазгер, полиция подполковнигі Өркен Исмаил туралы бір үзік сыр
Әңгімені қаламнан бастайын. 1963 жылы Шиелі ауданы екіге бөлініп, түстігі Жаңақорған ауданы делінді. Шиелі аудандық газетінің 1956 жылдан бергі «Коммунизм жолы» деген атауы Жаңақорған ауданының еншісіне кетті де, Шиелі ауданының жаңа газеті «Өскен өңір» деп аталды. Міне, осы 1963-1965 жылдарда ауданда газетке шағын хабар, мақала және өлең жазатындар қатары көп еді. Олардың дені мектеп оқушылары болатын. Шәкірттерінен қалыспай жарыса жазып жүретін ұстаздар да жоқ емес еді. «Өскен өңірдің» жарыққа шығуы жоғарыда сөз еткен жақсы үрдістің қалыптасуына жол салып берді.
Шығармашылығының бастауын «Өскен өңірден» алған жас ауыл тілшілерінің бірі – Өркен еді. Өзі тұратын «Қазақстанның 30 жылдығы» кеншарынан мақалаларды төпеп жазады да жатады.
1978 жылы Өркен Исмаил ауыл мектебінен аудандық музыка мектебіне мұғалім болып ауысты. Ол бұған дейін жоғары оқу орнын бітірген, әскери борышын өтеген болатын. Бұл бір-бірімізді сырттай ғана біліп жүрген екеуміз үшін де қуанышты жағдай болды. Мен «Өскен өңірде» қызмет ететінмін. Содан жиі араласып, кездесіп жүрдік.
Өркен бос уақытының көбісін музыкаға арнайды екен. Белгілі композиторлардың әндерін тыңдайды, ара-арасында өзі де ән шығарады. Бірде жаңа ән шығарғанын айтты. Тыңдап көрдік. Шопандарға арнапты. Маған ұнады. Сөзін жаздым. Нотасымен газетке басылды. Көп кешікпей аудандық радио торабы арқылы әуе толқынына шықты.
Ол көптеген сазгерлер көңіл бөле бермейтін балаларға, Сыр маржаны атанған Шиеліге арнап бірнеше ән шығарды. Үнемі шығармашылық қарым-қатынаста болып, жұбымыз жазылмай жүрдік. Солардың ішінде аудандық пионерлер лагеріне арнап жазылған әннің қысқаша тарихы есімде қалыпты. 1981 жылдың маусым айы болатын. Жыл сайын жазғы демалысында аудандық пионерлер лагерінде болып, тәрбиешілік жұмыспен айналысып жүрген Өркен: «Лагерде бірде-бір қазақша ән жоқ. Кілең орыс әндерін айтқызып жүрміз. «Әрқашан күн сөнбесін» деген әнді күн сайын орысша, қазақша айтқыза беретін болдық. Намысым келеді. Мектеп оқушыларына арнап бірігіп ән шығарсақ қалай болады? Көптен ойланып жүріп бір әннің жобасын нотаға түсіріп те қойдым. Тыңдап көріп, көңіліңе қонса, әдемілеп сөзін жазсайшы», – деді. Өркеннің бұл өтініш-тілегі маған ой салды. Намысымды жаныды.
«Жатыр міне, жайнап өлкем,
Асыр салып ойнаймыз.
Лагеріміз қандай көркем,
Қызығына тоймаймыз.
Қайырмасы:
Шарықтаған,
Қалықтаған,
Шат-шадыман жыр-әні.
Сыр елінің,
Шиелінің,
Біз жасампаз ұланы!» – деп басталған ән мәтіні төгіліп келе қалды. Екеулеп әрлеп, сәндеп, марш екпінді әуенді дүниеге әкелдік. Айтпақшы, бұл әнді сол кездегі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жағыпар Зермұхамедовке тыңдатып алуды да Өркен ұмытқан жоқ. Әннің аты «Сыр ұланы» деп аталды. Бұл 1981 жылдың 27 маусымы болатын. 28 маусым күні «Өскен өңір» газетіне нотасымен басылды.
«Сыр ұланы» әні Қазақ радиосына жазылып, «Алтын қорда» сақтауға алынды. Қызылорда облыстық «Сыр әуендері» жинағына енді. Сол ән 40 жылға жуық уақыттан бері аудан оқушыларының сүйікті әніне, тіпті гимне айналды, әлі күнге дейін шырқалып келеді.
Бұған дейін пионерлер лагері «Ауданның орталық лагері» деп аталса, осыдан бастап «Сыр ұланы» деп аталды.
Өркен Әзімханұлы 1980-1995 жылдары ішкі істер саласында – Шиелі және Жаңақорған аудандары милицияcында (полиция) милиция бастығының саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, паспорт бөлімшесінің бастығы, аймақтық инспектор, 1995-2000 жылдары аралығында Шиелі ауданында кеншар директоры, «Бала би» өндірістік кооперативінің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқарды.
2000 жылдан «ХАҚ» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын директоры, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы болып еңбек етті. Ол қазір де қол қусырып отырған жоқ. Ауданның мәдениет саласында жастарға ақыл-кеңесін айтып жүр. Бұл салада да табыссыз емес. Жуырда ғана облыстық Тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тілді дамытуға байланысты байқауына қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды.
Өркен Исмаил осы жауапты мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп қолынан қаламын, иығынан баянын тастаған жоқ. Аудандық милиция бастығының орынбасары болып жүргенінде «Милиция – қорғаның» деп аталатын аудан милициясының маршын шығарды. Бір ғажабы әннің мәтінін аудандық милиция бөлімінің бастығы подполковник Кәрім Жұмағалиев жазды. Милиция қызметкерлерінен «Жалын» ансамблін құрды. Бұл ансамбль Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің байқауларында бірнеше мәрте жүлдегер атанып, Шиелі ауданының, қала берді Сыр елінің даңқын республикаға паш етті.
Қазекең жақсы көрген азаматын мақтағанда «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейді. Мен Өркеннің бойынан он қырды аңғардым. Ол – қаламы жүрдек қаламгер, әні елдің арасында айтылып жүрген композитор (ондаған әні әртүрлі дәрежедегі байқаулардың жүлдесін иеленіп жүрсе, шығарған әні елудің үстінде), әнші-орындаушы, ұлттық аспапта ойнаушы, ақын (бірнеше әннің мәтінін өзі жазған), шаруашылық, аудан басқарған мемлекетшіл, туған тілін, ата дәстүрін қастерлеген ұлтжанды азамат. Сегізінші қырына – кішіпейілдігін, тоғызыншы қырына – достыққа беріктігін, оныншы қырына – ағайынға адалдығын жатқызуға болады. Міне, бір бойында осынша қасиеті бола тұра ол ешқашан асып-тасымайды. Қашан көрсең де сол көркем қалпында алдыңда күлімдеп тұрғаны. Бұл оның бір сырлылығын білдірсе керек.
Сан қырлы талант иесі Өркен Исмаил жеті асудан асып, 70 жасқа толып отыр. Өзінің қабілетін қай салада қызмет атқарса да, көпке үлгі боларлықтай деңгейде көрсетті. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталуы, «Қазақстанның үздік полиция қызметкері» және «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» төсбелгілерін иеленуі бұл сөзіміздің жарқын дәлелі. Бұлардан басқа өнердің, қызметтің түрлі салалары бойынша жеткен жетістігі, алған мақтау-марапаттары толып жатыр.
Өркен жасының ұлғайғанына қарамастан әлі де тұғырынан түскен жоқ. Жантаюға құқы болса да, құлқы жоқ. Қоғамдық пайдалы жұмыстардың бірнешеуін қатар атқарып жүр.
Оның ел-жұртына әлі де берері мол. Қоғамдық жұмыстардың басқасын айтпағанның өзінде, қолына қаламын алып, жарты ғасырдан бері ақылшы серігіне айналған «Өскен өңір» газетіне аудан өмірінің бір өзекті мәселесін жазады.
Өсіп-өніп өркендей бер, өміріңді сөз маржанымен көркемдей бер, Өркен дос!
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі, ақын-журналист,
Алматы қаласы