Өрлеген өскен өңір
Биыл ауданның шежіресі, айнасы, тасқа басылған тарихы «Өскен өңір» газетіне – 80 жыл. Ертеректе газет ұжымдық насихатшы, қоғамдық пікір туғызушы саналса, қазіргі таңда баспасөздің мәні де, маңызы да арта түсті. Осы ретте аудан айнасы «Өскен өңір» газеті әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізіп келеді. Өңірдің экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, мемлекет басшысының саясатын насихаттаумен қатар, қоғамдағы түйткілді тақырыптарды қаузаудан да қаймыққан емес. Тағылымы мол рухани шығармаларды да төл газеттің бетінен табуға болады.
Ғасырға жуық тарихында небір аумалы-төкпелі кезеңдерге қарамастан өзінің сара жолын қалыптастырған басылымның мерей тойын жыл басынан бері әртүрлі форматта, шама-шарқымыз келгенше атап өтіп келеміз.Өз кезегінде ауыл-аймақ, елді мекендерді аралап, оқырмандармен кездесу ұйымдастырылып жатыр.
Сонау 1939 жылдың 19 наурызында басылымды алғаш жарыққа шығаруға мұрындық болған редакцияның негізін қалаушы Мәді Молдыстамов болса, сапалы, мазмұнды дүниенің оқырман қолына тиюіне аянбай еңбек еткен Дүйсенбі Смайлов, Сейітқасым Сейтенов, Тілеген Шопашев, Қалмахан Әбдіқадыров, Оразбек Сәрсенбаев, Арман Нұрқабаев, Зәкім Жайлыбаев, беріде Сәрсенбек Бекмұратұлы, Сәпи Құрманаев, Тұрғанбек Кәрімқұлов, Алтай Айып, Серік Пірназаров, Мәрия Жұматова, Қатира Жәленова, Қаршыға Есімсейітова, Нәзира Жәрімбетова сынды көптеген қаламгерлердің еңбегі еш ұмытылмақ емес. Ардагерлермен байланысты үзбей, басылым бетіне мақалаларын тұрақты түрде жариялап, оқырмандарымен қауыштырып тұру заңдылыққа айналған.
14 сәуір күні кенттегі Арман мәдениет үйінде «Өрлеген Өскен өңірім» атты мәдени-танымдық кеш өтті. Оған сонау Алматыдан ат арытып, жазушы-сыншы, халықаралық «Қазақ елі» газетінің бас редакторы Бақыт Сарбалаұлы, «Алматы ақшамы» газетінің белді қызметкері, ҚР «Құрметті журналисі», алғаш еңбек жолын «Өскен өңір» газетінен бастаған, бүгінде басылым бетінде үздіксіз шығармаларын жариялап жүрген Сәрсенбек Бекмұратұлы, сондай-ақ Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», газеттің байырғы бас редакторы Өркен Исмаил, Шиелі ауданы бойынша Жазушылар Одағының жалғыз мүшесі, облыстық «Шарайна-Сейхун» газетінің бас директор-редакторы Нұрмахан Елтай, облыстық «Кызылординский вести» газетінің Шиелі-Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі Мақсұт Ибраш қатысты.
Қаламгерлер өздерінің шығармашылыққа қалай келгенін, басылымға шыққан алғашқы мақалалары, ақпарат алу, оны жариялау барысындағы қиындықтар мен қызықты оқиғаларын баяндады. Кеш барысында басылымның бүгінгі бет-бейнесіне баға беріліп, ұсыныс-тілектер де айтылды. Салиқалы әңгіме өрбіген келелі кездесуде ән айтылып, қызықты сұрақ-жауап та болды.
Бұл мерейтой аясында жоспарланған шаралардың бірі ғана. Алдағы уақытта оқырмандарға берері мол рухани кездесулер мен мәдени жиындар жалғаса бермек. Ал «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығына арналған негізгі мерекелік кеш журналистер күніне орай жоспарланып отыр.
Гүлхан ЯХИЯ.