Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Төл басылымның бүгінгі бейнесі

Төл басылымның бүгінгі бейнесі



Бүгінде баспасөз дегеніміз жарнаманың да, жылнаманың да, уақыттың да, жақсылықтың да жаршысы. Билік пен халық арасын жалғап тұрған алтын көпір. Қала берді қоғамдық ойды қозғаушы күш. Сонымен қатар, газет ол сол өңірдің қағазға хатталған шежіресі, тарихы.
Газеттің қоғамдағы рөлінің қаншалықты маңызды екені баршаңызға мәлім. Алаштың алдаспан ұлдарының бірі – Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің ертеңі мықты» деп кезінде айтып та кеткен. Ертеректе газет ұжымдық насихатшы, қоғамдық пікір туғызушы саналса, қазіргі таңда баспасөздің мәні де, маңызы да арта түсті. Осы ретте аудан айнасы «Өскен өңір» газеті әрдайым өңірдің тыныс-тіршілігін елге жеткізуден танған емес. Тоғыз жолдың торабы саналатын, қасиет дарып, құт қонған киелі Шиелінің төл басылымы нақ осы міндеттің үдесінен шығып отыр десек артық айтқандық емес. Сексен жылға жуық тарихы бар басылымның бет-бейнесі де, мазмұны да өзгерді. Бүгінде таңда оқырман қауым ақжолтай жаңалықтың жаршысы саналатын басылымнан өзіне керектінің бәрін таба алады. Сондықтан болар, газетке жазылушылар қатары екінші жарты жылдықтың өзінде 5600-ден асып отыр. Бүгінде «Өскен өңір» газеті ауданның тыныс-тіршілігін, экономикалық тұрғыдан жеткен жетістігін, әлеуметтің әлеуетін, Елбасының сарабдал саясатын, тарихын жалпы жұртқа жариялап келеді. 2014 жылдан бастап облыстық, қалалық және басқа да аудандық газеттермен бірге «Сыр медиа» ЖШС-нің қол астына топтасқан басылым оқырмандарына тағылымы мол дүниелер жазып, қоғамды тәрбиелейтін мақалалар жариялауды міндет санайды. Әсіресе, соңғы кездері газеттің тынысы әрмен қарай ашыла түсті. Келбеті де өзгерді, мазмұны да байыды. Журналистердің қалам сілтер тақырыптарының аясы да кеңейе түсті. Оның бәрін өздеріңіз көріп, оқып отырсыздар. Иә, жаңадан ашылған «Шиелі 90», «Бизнес кеңесші», «Спорт» айдарлары үзіліссіз шығып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның көңілінен шығу жолында әріптестеріміз аянып жатқан жоқ.
Әрине, газет бетінде жарық көретін әрбір сапалы мақаланың артында білікті басшылардың қойған талабымен жұмыс жасауға ыңғайлы жағдайдың бар екені анық. Айта кетсек, редакция қызметкерлері техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған. Айлық жалақы уақытылы беріліп, тиісті төлемдер уақытылы аударылуда. Журналистер мен штаттан тыс тілшілерге үстіміздегі жылдың басынан қаламақы төленіп, мерекелерде арнайы сыйақылар да тағайындалуда. Ақпараттар тасқындаған заманда көшке ілескен «Өскен өңір» газетінің электронды нұсқасы яғни, сайты ашылып, жұмысы тұрақты түрде жүргізілуде. Онда аптасына екі жүзден аса газетте жарияланған мақалалармен қоса әлемдік, республикалық, облыстық деңгейдегі ақпараттар, видео түсірілімдер жарияланып, өз оқырмандарының санын арттыруда. Бұл дегеніміз, шет жерде, сыртта жүрген жерлестеріміз өз ауданы туралы, ондағы тарихи оқиғалар мен тұлғалар өмірі хақында хабар алуға кереметтей мүмкіндік деген сөз.
Сөзімізді одан әрі жалғасақ, екі жылдан бері «Сыр медиа» ЖШС құрамындағы барлық редакциялардың газеттерін медиа өзі таратуды қолға алып, «Өскен өңір» редакциясында қосымша тарату бөлімі ашылды. Ә дегеннен жұмысы да бірізді жолға қойылды. Кент ішінде 12 штаттық бірлік қызмет көрсетсе, ауылдық округтерде 22 адам жұмыс жасап келеді. Демек, «Сыр медиа» ЖШС редакцияның шығармашылық ұжымынан бөлек 34 адамға қосымша жұмыс көзін ашып отыр.
«Өскен өңірдің» негізгі «поровозы» іспетті шығармашылық ұжым да кезең-кезеңімен жасарып, жаңарып келеді. Сөзімізді нақтыласақ, бас редактор Нұрболат Пірімбет, бас редактордың орынбасары Елдос Жүсіп, бөлім басшылары Айнұр Назарова, Гүлхан Яхияева, Гүлнәр Дүйсебай және тілші Дина Жүсіпова мен Жұлдызай Ноғайбайқызы, дизайнер Ерұлан Даткенов жалындаған жастықтың қуатымен халыққа сапалы өнім ұсына бермек.

Әбіл АСАН
01 шілде 2018 ж. 1 571 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930