Газет жайлы қызықты деректер
Газеттің тарихына үңілер болсақ «газет» атауы Италияндық ұсақ тиындардың атауымен аталған. Себебі, сол тиындармен газеттерді сатып алған екен. Алғашқы газеттің үлгісі ретінде оған ұқсас тақтайшаларда ілінген патша жарлықтары келтіріледі. Бұл тақтайшалар Римде қолданыла бастаған. Ал, осы бізге белгілі үлгідегі газет алғаш Францияда 1631 жылы «La Gazette» деп аталған.
Оқырмандарды қызықтыру үшін қызметкерлер алғашқы санын сатып алғандарға сыйлықтың болғандығын айтқан. Айтқандарындай-ақ газет ерекше 2 метрлік қалыпта шығарылған көрінеді. Көршілес Ресейде I Петрдың бұйрығымен 1703 жылы алғаш «Ведомости» газеті шығарылса, ал біздің елде алғаш рет 1870 жылы «Түркістан уәлаяты» газеті шығарылды. Бізге белгілі өлшемдегі газеттерден бөлек әлемде өте кішкене форматтағы газет түрлері де бар көрінеді. Мысалға Бразилия елінде әлемдегі ең кіші (3.5х2.5) форматындағы газет шығарылады. Оның көлемі біз күнделікті пайдаланатын шырпының қорабымен бірдей. Тіпті, газет бетінде жарнамаға арналған орындар да қамтылған екен.
Газет материалы суға жарамсыз, сенімсіз қағаздан жасалатыны белгілі. Француздық өндірушілер бұл қолайсыздықты ескеріп, газет оқу барысында тамақтануды сүйетіндерге арнайы су өткізбейтін материялдан газет ойлап тапқан. Сондай-ақ, ол елде 29 ақпан күні, яғни, 4 жылда бір жарыққа шығатын газет бар. Өзге газеттердегідей онда кроссворд жазылып, сөз жұмбақтың жауабы 4 жылдан кейінгі санында жарияланады. Жазылу құны 100 жылға 100 еуро. Ал ең жылдам жаңалықтар жарияланатын газет Нью-Йорк қаласында сағат сайын жарыққа шығарылады. Газеттің алғашқы оқырмандары тікұшақ пен қоғамдық көліктердің пайдаланушылары.
Міне, күнделікті шолып шыққанымызбен аса қатты қызықты көрінбейтін газеттің осыншама қызықты тұстары да бар.
Рамазан Әнәпия,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
студенті.