Мәслихаттар сайлауы
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бюджеттің берекесі – қаржыгердің еңбегі

Бюджеттің берекесі – қаржыгердің еңбегі

15 қараша – еліміз үшін айрықша күн. Бұл күн – ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енген күні әрі Қазақстан Республикасы қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби төл мерекесі. Яғни, тәуелсіз еліміздің қаржы жүйесінің қалыптасу тарихындағы ерекше белес, экономикалық дербестіктің жарқын көрінісі.
1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Бұл – еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің нақты белгісі болды. Теңге атауы да тегін таңдалған жоқ. Ол – түркі халықтарының көне тарихынан келе жатқан, «тең» деген сөзден шыққан, теңдік пен тұрақтылықтың символы.
Теңгенің айналымға енуімен қатар, елімізде қаржы жүйесі қалыптаса бастады. Бүгінде мемлекет алдындағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда қаржы секторының алар орны ерекше. Сондықтан болар, еліміздің экономикалық қуатын еселеп, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын арттыру қаржы саласындағы жемісті еңбекпен тікелей байланысты.
Бүгінде Шиелі ауданында осы салада еңбектенген қаржы саласының мамандары аудан дамуына өз үлесін қосып, қажырлы еңбек етуде. Қаржыны тиімді жоспарлау, ауданның жылдық қажетті қаражат көзіне талдама жасай отырып, барлық саланың қажетті жылдық қаражатын тиын-тебеніне дейін есептеп, жоғары уәкілетті органдардан, облыстық және республикалық қазынадан қаражат тарту «Шиелі аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің» басты міндетіне кіреді.

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ІРГЕЛІ ҰЖЫМ
Бүгінгі таңда Маратжан Жұмаділ басшылық ететін «Шиелі ауданының экономика және қаржы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 10 мемлекеттік қызметші және 11 әдіскер маман өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарап, еселі еңбек етіп келеді. Олар үшін мемлекет мүддесі мен абыройы әркез жоғары орында тұрады.
Бөлімде әр маман өз ісінің шебері. Бюджетті жоспарлау, экономикалық болжам жасау, есеп-қисап жүргізу – барлығы өзара үйлесіммен жүзеге асып келеді. Жоғарыда көрсетілген нәтижелер ұжымдағы әрбір қызметкердің адал маңдай термен атқарған жұмысының нақты жемісі һәм жеңісі. Тәжірибелі мамандар жас қызметкерлерге жол көрсетіп, жастар жаңа идеялармен бөлісіп, ұжымда сабақтастық пен өзара сыйластық қалыптасқан.
Бөлім басшысы Маратжан Асқарбекұлының талапшылдығы мен әділдігінің арқасында бөлімде тәртіп пен жауапкершілік жоғары деңгейде. Ол әр қызметкердің пікірін тыңдап, бастамасын қолдап, ұжымды бір отбасыдай ұйыстырып отыр. Бірлігі жарасқан бұл іргелі ұжым ауданның экономикалық өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Әр қызметкер өз ісінің шебері ретінде бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қатаң бақылап, ауданның тұрақты дамуына үлес қосуда.
Олар аудан әкімі аппаратының, аудандық мәслихат аппаратының және барлық аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдерді бюджеттік бағдарламалары бойынша бюджеттік өтінімдерін ұйымдастырып, 4 деңгейдегі жергілікті бюджетттердің енгізілуіне байланысты ауылдық округтердің бюджеттерін жоспарлау, өтінімдерін қарап тексеру және бюджетті тиімді игеру мақсатында игерім жұмыстарды үйлестіріп келеді.
Сондай-ақ бөлім мамандары ашық және азаматтық бюджет есептерінің мониторингісі, даму бюджетінің бағалау есептерін қаржыландыру жоспарын талдап және қорытындыларын дайындап, бағалау жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті бюджеттен қаржыландыратын мемлекеттік мекемелер бойынша штаттық саны және еңбекақы қоры туралы жылдық, тоқсандық есептерді және мәліметтерді әзірлейді. Аудан бюджетінің атқарылуының есебін жасау, негізгі көрсеткіштерін талдау, бюджеттің орындалуы туралы жылдық есепті бекітуге, республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген трансферттердің, кредиттердің және даму бюджетінің есептерін жүргізу, желі, штат, контингент есептерін қабылдау, жинақтау, талдау, ұсыну, е-минфин сайтына жүктеу жұмыстарын атқарады. Мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес аудан бойынша мемлекеттік сатып алу мониторингісін жүргізу және есебін алу жұмысын жүйелі түрде атқарып келеді.
– Ауданымыз жыл сайын жетістікке толы жұмыстармен аймақта өзіндік орнын алып келеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейтіп, бар мүмкіншілікті пайдаланатын боламыз. Біздің негізгі міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Алдағы уақытта да атқарылатын жұмыстар халықтың игілігіне бағытталып, аудан жұртшылығымен бірлесіп, елді өркендету жолында тынбай еңбек ететін боламыз, – дейді бөлім басшысы Маратжан Асқарбекұлы.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ – ЖҰМЫР ЖОСПАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ
2026 жылдың 1 қарашаға аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында біршама жүйелі жұмыстар атқарылған, экономикалық тұрғыдан алғанда ауданда тұрақты жағдай қалыптасқан. Нақты цифрларға тоқталар болсақ, аудандық бюджеттің кірістері 2026 жылға несиелерді қоса есептегенде 10,3 млрд теңгеге бекітілген. Осы жылдың бүгінгі күнгі жағдай бойынша түзетілген бюджет несиелерді қоса есептегенде 15,0 млрд мың теңгеге нақтыланған.
2026 жылдың кірістері несиелерді қоса есептегенде 1 қарашасына 11 млрд 53 млн 106,1 мың теңге жоспарланып, 11 млрд 51 млн 941,2 мың теңгеге немесе 100 пайызға орындалған. Оның ішінде аудандық бюджеттің өз кірісі болжамдалған 6 млрд 398 млн 953,5 мың теңге болса, қазіргі таңда меже 6 млрд 557 млн 412,3 мың теңге болып, 102,5 пайызға артығымен жүзеге асып отыр.
Сондай-ақ аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде де ауыз толтырып айтарлықтай өсім динамикасы қалыптасқан. Атап айтар болсақ, биылдың 10 айында Өнеркәсіп өнімін өндіру 80 млрд. 413 млн теңге, Өңдеу өнеркәсібі көлемі 68 млрд 877 млн теңгеге, Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 55 млрд 141млн теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар инвестициялар тарту көлемі 75 млрд 569 млн теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 25 млрд 438млн теңге, бөлшек сауда көлемі 14 млрд 685 млн теңгеге жеткен. Бұл аудан экономикасында ілгерілеу барын аңғартатын нәтиже.
Иә, мереке қарсаңында «Өскен өңір» редакциясы бірлігі жарасқан ұжымның тындырымды тірлігін газет бетіне басып, тарих бетіне осылай таңбалағанды жөн көрген едік. Ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан қаржы салысының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, зор денсаулық, қаржылық қызметте қарқынды даму мен өркендеуді тілейміз.

Мейіржан ИБРАГИМ
16 қараша 2026 ж. 21 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№86 (9453).

14 қараша 2026 ж.

№85 (9452)

10 қараша 2026 ж.

№84 (9451).

07 қараша 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30