Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ ТӨРГЕ ОЗҒАН КҮН

ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ ТӨРГЕ ОЗҒАН КҮН


Күнтізбені қолымызға алсақ, 15 қараша – ұлттық валютаның ресми түрде айналымға шыққан күні. Бұл күн мемлекеттігіміздің мәртебесі тағы бір дәлелденіп, абыройымыз асқақтап, өзгенің емес, өз ұлттық ақшамызды қолға ұстап, қуанған күн
Осыдан 25 жыл бұрын 1993 жылы қазақ елі рубльден бас тартып, төл теңгесін енгізді. Сол уақытта қазақ валютасының бетіне бедерленген Абылай хан, Абай, Шоқан, Сүйінбай, Әл-Фараби... бейнелері ұлттың «өшкенін жағып, өлгенін қайта тірілткендей болған еді. Тіпті сол уақытта Ұлыбританияда басылып шыққан қазақтың тұңғыш ақшасы жалған валюта жасайтын алаяқтарға қарсы тұра алатын әлемдегі ең қауіпсіз валюта ретінде танылып, америкалықтардың өзі теңгенің технологиясына таң қалып, доллар қауіпсіздігін күшейткен деседі.
Төл теңгенің тарихына келсек, 1992 жылы Ұлттық валютаны енгізу туралы жарлық шығып, оны дайындау үшін арнайы мамандар, қазақ валютасының алғашқы дизайнерлері Тимур Сүлейменов, Ағымсалы Дүзелханов, Меңдібай Әлин, Қайролла Әбжәлеловтер жұмыла кіріседі және бұл жайт құпия түрде жүргізіледі. Дәл осы жылы 27 тамызда дизайнерлер тобы Англияға аттанып, төрт ғасырлық тарихы бар «Harrison$SonS» компаниясында алғашқы валютамыз 1,3,5,10,20,50,100 номиналдағы банкноталарды басып шығарады. Себебі ол уақытта елімізде ақшаны басып шығаруға тиісті фабрика болмаған. Ұлттық валютаның атауы туралы пікірталас та аз болмайды. Алайда, сол кездегі жоғарғы кеңестің жоспарлау бюджет комиссиясының төрағасы болған Сауық Тәкежановтың ұсынысы қабылданып, ұлттық валютамыз – теңге, ал оның жүзден бір бөлігі – тиын деп аталды. Англияда басып шығарылған теңгені Қазақстанға тасымалдау үшін төрт «ИЛ-76» ұшағы 18 рет рейс жасағаны туралы Елбасы Н.Назарбаевтың айтқан естеліктерінен білуге болады.
1993 жылы 15 қарашада таңғы 8.00-ден басталып, 20 қараша күні кешкі 20.00-ге дейін барлық ескі ақшалар теңгеге айырбасталып, айналымға тұңғыш төл валютамыз енеді. Бастапқыда Ұлттық банк 1 теңгенің құнын 1000 рубльге бағалайды. Кейіннен әлеуметтік, саяси, мемлекетаралық мәселелер ескеріліп 1 теңге 500 рубль болып белгіленеді. Әлемдік мамандар тарапынан теңге банкнотасының қорғаныс қабілеті жоғары бағаланған. Оған қоса төл валютамыз қатарынан бірнеше рет 2011, 2012, 2013, 2014 және 2016 жылдары дүниежүзіндегі ең үздік банкнот ретінде танылды.
Қазіргі таңда Қазақстан өзіндік ақша – банк жүйесі, алтын валюта қоры қалыптасқан тұрақты даму жолындағы іргелі ел. Теңге ерен еңбекпен келді. Оны үнемдеп, ұқыптылықпен қарап, күтіп жұмсау – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті. Ұлттық валюта күннен күнге өз елімізде ғана емес, тысқары жерлерде де сенімді беделге ие бола бастады. Өндіріс дамыған сайын, елге шетел капиталының ағыны ұлғайып, ұлттық валютамыз да нығая түсетіні анық. Жалпы Қазақстанның ұлттық валютаға көшуі бұрынғыдан да нақты әрі тәуелсіз жоспар бойынша әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын жалғастыруға мүмкіндік береді.

ДАЙЫНДАҒАН
М.МЕРЕЙ.
14 қараша 2018 ж. 2 444 0