ТЕҢГЕ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАМЫРЫ, ЕГЕМЕНДІКТІҢ БЕЛГІСІ
Ұлттық валюта – мемлекеттің экономикалық төлқұжаты, азат елдің айнымас айғағы. Теңгенің тағдыры – тұтас ұлттың тәуелсіздік жолындағы тарихы. Ал тәуелсіздік дегеніміз – көк байрақты көкке көтеріп, Әнұранды асқақтатудан ғана тұрмайды. Оның ең басты тіректерінің бірі – өз экономикаңды басқару, қаржы саясатыңды өзің белгілеу, ұлттық байлығыңды валютаң арқылы бағалау.1993 жылдың 15 қарашасы. Қазақстан тарихындағы алтын әріппен жазылған айтулы күн! Дәл осы күні жас мемлекеттің ұлттық валютасы – теңге айналымға енді. Бұл – тәуелсіз елдің өз тағдырын өзі айқындауға жасаған батыл қадамы болатын. Кеңестік рубльдің құрсауынан шығып, дербес қаржы жүйесін қалыптастыру оңайға түскен жоқ. Экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы, инфляцияның өршуі – ел еңсесін езіп тұрған алмағайып кезең болатын. Алайда осындай күрделі жағдайда ұлттық валютаны енгізу тарихи қажеттілікке айналды.
Алғашқы теңге банкноттары Ұлыбританияда басылып шыққаны баршамызға аян. Олардың дизайнын жасауға қазақстандық суретшілер мен дизайнерлер атсалысты. Алғашқы банкноттарда Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр және Абылай хандардың бейнесі бедерленді. Бұл таңдау тегін емес еді. Жаңа валютаның алғашқы парақтарына ұлттың ұлы тұлғаларын орналастыру арқылы халқымыз өзінің тарихи тамырын, рухани қазынасын және ұлттық болмысын әлемге танытты.
Төл валютамыздың сыртқы келбеті уақыт талабына сай бірнеше мәрте жаңарды. Әр кезеңдегі банкноттар сол дәуірдің экономикалық, технологиялық және мәдени тынысын танытты. Мәселен 1993 жылы айналымға енгізілген алғашқы «Портреттер» сериясы тәуелсіз валютаның тұсауын кесті. Одан кейінгі «Әл-Фараби» сериясы 1993–2003 жылдар аралығында шығарылып, номиналдық қатардың кеңеюіне жол ашты. 2006 жылы қорғаныш жүйесі жетілдірілген «Бәйтерек» сериясы айналымға енгізілді. Бұл банкноттарда мемлекеттік рәміздер, сәулет нысандары мен табиғи көріністерге басымдық берілді. Ал 2011 жылдан бастап «Қазақ Елі» монументі мен «Самұрық» бейнелеріне негізделген жаңа серия шығарыла бастады. Аталған топтама 2022 жылға дейін кезең-кезеңімен толықтырылды. 2023 жылдың 15 қарашасында ұлттық валютаның «Сақ стилі» атты жаңа сериясы таныстырылды. Оның басты ерекшелігі – көне сақ өркениетінің өнерін, аң стиліндегі бейнелерді және ұлттық тарихи мұраны заманауи дизайнмен сабақтастыру. Бұл серияның банкноттары кезең-кезеңімен айналымға енгізіле бастады. Әрине, банкноттардың өзгеруі тек сыртқы безендірумен шектелмейді. Жаңа қорғаныш элементтері, заманауи басып шығару технологиялары және жалған ақша жасаудың алдын алатын күрделі жүйелер енгізіліп келеді. Ұлттық Банктің түсіндіруінше, әлемдік тәжірибеде банкнот дизайнын шамамен әр 7-8 жыл сайын жаңарту қалыптасқан.
Инфляция – халықтың әл-ауқатына әсер етеді
Тағы бір маңызды белес – 1995 жылғы 19 мамыр. Осы күні Қазақстан Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы ашылды. Сөйтіп, шетелде басылған төл ақшамызды өз елімізде өндіруге мүмкіндік туды. Яғни қаржылық дербестікті нығайтқан айтулы қадамға тәуекел еттік. Өйткені, өз ақшаңды өз жеріңде шығару – экономикалық тәуелсіздіктің нақты көрінісі. Алайда теңгенің тарихын тек әсем банкноттармен, жаңа дизайнмен немесе қорғаныш белгілерімен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы құны – ел экономикасының қуатында, халықтың әл-ауқатында, нарықтағы тұрақтылығында.
Тағы бір маңызды белес – 1995 жылғы 19 мамыр. Осы күні Қазақстан Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы ашылды. Сөйтіп, шетелде басылған төл ақшамызды өз елімізде өндіруге мүмкіндік туды. Яғни қаржылық дербестікті нығайтқан айтулы қадамға тәуекел еттік. Өйткені, өз ақшаңды өз жеріңде шығару – экономикалық тәуелсіздіктің нақты көрінісі. Алайда теңгенің тарихын тек әсем банкноттармен, жаңа дизайнмен немесе қорғаныш белгілерімен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы құны – ел экономикасының қуатында, халықтың әл-ауқатында, нарықтағы тұрақтылығында.
Бүгінгі қоғамды толғандыратын өзекті мәселенің бірі – теңгенің сатып алу қабілеті. Дүкен сөресіндегі бағаға қарасаңыз, кеше ғана қолжетімді болған тауардың бүгін қымбаттағанын көресіз. Айлық табыс пен күнделікті шығынның арасындағы алшақтық та көпшілікті алаңдатады. Бұл – көз жұма қарайтын мәселе емес. Инфляцияның салмағы алдымен қарапайым халықтың қалтасына түседі. Ақшаның номиналдық құны сақталғанымен, сатып алу мүмкіндігі төмендесе, оның зардабын әр отбасы сезінеді.
Сондықтан теңгенің қадірін арттыру – Ұлттық Банкке артылған жүктеме демей, тұтас экономиканың ортақ міндеті деп қарау қажет. Өндірісті өркендету, отандық кәсіпорындарды қолдау, экспорттық әлеуетті арттыру, импортқа тәуелділікті азайту және қаржы тәртібін күшейту – ұлттық валютаның орнығуына ықпал ететін маңызды бағыттар. Өйткені, мықты валюта құр ұранмен қалыптаспайды. Оның артында қуатты өндіріс, бәсекеге қабілетті өнім, сауатты экономикалық саясат тұрады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде цифрлық теңгенің де маңызы артып келеді. 2022 жылы оның тұжырымдамасы бекітіліп, кейін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізілді. Осылайша дамушы мемлекет ретінде ақша айналымын технологиялық тұрғыдан жетілдіруге нақты қадамдар жасалды.
Валюта – ТАРИХИ ЖАДЫНЫҢ ДА ЖӘДІГЕРІ БОЛУЫ КЕРЕК
Ұлттық валютаның тағы бір маңызды міндеті бар. Ол – ұлттың тарихи жадын жаңғырту, келер ұрпаққа өткеннің өнегесін таныту. Осы орайда көптен бері көңілде жүрген бір ұсынысты ортаға салғым келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей неге теңгенің бетіне қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерінің бейнесін қайта басып, олардың өмір сүрген, ел басқарған жылдарын нақты көрсетпеске?!
Ұлттық валютаның тағы бір маңызды міндеті бар. Ол – ұлттың тарихи жадын жаңғырту, келер ұрпаққа өткеннің өнегесін таныту. Осы орайда көптен бері көңілде жүрген бір ұсынысты ортаға салғым келеді. Жоғарыда атап өткеніміздей неге теңгенің бетіне қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерінің бейнесін қайта басып, олардың өмір сүрген, ел басқарған жылдарын нақты көрсетпеске?!
Бүгінгі ұрпаққа тарихты құрғақ оқулықпен ғана үйрету аздық етеді. Өкінішке қарай, бес арыстың суретін көрсетіп, есімдерін атағанда, олардың кім екенін, ұлт үшін қандай еңбек сіңіргенін білмейтін жастар жиі кездеседі. Абылай мен Әбілқайыр ханның қай жылдары билік құрғанын ажырата алмайтындар да бар. Біз әрине, жас буынның мойнына кінә артып қойғалы жазған жоқпыз. Тек тарихын танып, түп-тамырын ұмытпаса деген ойдан туды.
Ендеше, күн сайын қолымызға ұстайтын төл ақшамызды тарихи танымның құралына айналдырсақ қайтеді? Мәселен, банкноттардың біріне Абылай ханның бейнесін орналастырып, астына «1711–1781» деп туған және қайтыс болған жылдарын, немесе билік құрған кезеңін тарихи дерекке сай жеке көрсетуге болады. Алаш арыстарының, Абайдың, Шоқанның, Ыбырайдың, Құрманғазының және өзге де ұлт мақтаныштарының бейнесі мен өмірбаяндық деректері де банкноттардан орын алса, қандай жарасымды болар еді?!
Ойланып көріңізші: бала күн сайын дүкеннен қайтарым ақша алады, қоғамдық көлікте жолақы төлейді, қолына түрлі банкнот ұстайды. Сол ақшаның бетінде ұлттың ұлы тұлғалары бейнеленіп, олардың өмір сүрген жылдары жазылса, тарихпен танысу күнделікті дағдыға айналмас па еді? Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?
Г.Дүйсебай







